Дәлірек айтсақ, осы жылдың 1 шілдесінен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) еңбек сіңірген жылдары бойынша жинағы бар зейнеткерлерге тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге зейнетақы жинағының барлық сомасын пайдалануға құқық беріледі. Бұл бастама биыл қабылданған Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асырылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, шілдеден бастап зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz интернет-платформасы арқылы БЖЗҚ-да жиналған қаражатын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады. Ал емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген платформа арқылы «Отбасы банкіне» өтініш беру қажет.
Бұған дейін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу сияқты әлеуметтік мақсаттарға жұмсау құқығы берілгені белгілі. Осы орайда аталған құқықты қандай санаттағы азаматтар пайдалана алатынына тоқталып өтейік. Біріншіден, бұл – БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар «төменгі жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады. Екіншісі – зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40%-ын құрайтын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50%-ына дейін пайдалана алады. Ал үшіншісі – өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинағы бар азаматтар. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады. Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ салымшыларына зейнетақы жинағы сомасының 50%-ына дейін өзінің дербес таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру құқығы беріледі. Бұл азаматтарға зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өздерінің зейнетақы жоспарын құруға, жинақтарын инвестициялаудың балама саясатын таңдауға мүмкіндік береді.
Жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде әртүрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруға, неғұрлым жоғары инвестициялық табыс алуға және тиісінше зейнетақы жинақтарының ұлғаюына ықпал етеді. Салымшы зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару немесе Ұлттық банктің, яғни БЖЗҚ-ның басқаруына қайтару құқығы сақталады.
Мемлекет Ұлттық банктің басқаруындағы, яғни БЖЗҚ-дағы жинақтар бойынша ғана зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына салымшы таңдаған ИПБ жауапты болады. Жыл қорытындысы бойынша ИПБ алған номиналды табыс пен зейнетақы активтері табыстылығының ең төменгі мәні арасындағы теріс айырма туындаған жағдайда осы басқарушы компания аталған айырманы салымшыға өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Осы орайда зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшылардың БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет екенін атап өту керек.