Пікір • 31 Мамыр, 2023

Бала, бала, баладан...

338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейде біздің елдегі мерекелер атауына таңғаласың. Мысалы, бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мұндағы грамма­тикалық қатені былай қойғанда, атаудың өзінде түсініксіз ұғым бар. Оларды кімнен немесе неден қорғаймыз? Сонда ұлттың болашағын, халықтың келешегін бір-ақ күн ойлау керек пе? Қалған 364 күнде не істейміз?

Біздегі ресми мерекенің атауы – Балаларды қорғау күні. Алайда жер-жаһанда оны «Балалар күні» деп бекіткен. Әрі тойланатын күні де бөлек, 20 қараша. Жалпы, балалар күнін мерекелеу сонау 1857 жылдан басталған көрінеді. Оның негізін АҚШ-тағы Массачусетс штатындағы «Құтқарушы әмбебап шіркеуінің» пасторы Чарльз Леонард деген есімді азамат қалаған. Ол мерекені маусымның екінші жексенбісінде тойлап, «Раушан күні» деген ат берген. Кейінірек атауы «Гүлдер жексенбісі» деп өзгерген. Ақырында «Балалар күні» ретінде танылған.

Ал ең алғаш балалар күнін ресми түрде мейрам ретінде тіркеген Түркия мемлекеті. Ана­до­лыдағы ағайын 1920 жылдан бастап 23 сәуір­ді өскелең ұрпаққа арнапты. Дегенмен мере­кенің жаппай тойлануы түріктердің ата­сы саналатын Мұстафа Кемал билік құрған ке­зеңге, нақтырақ айтсақ, 1929 жылдан баста­лады.

«Халықаралық балалар күні» немесе балалардың халықаралық күні 1925 жылы алғаш рет Женевада Дүниежүзілік балаларды қорғау конференциясында жарияланды. Ал 1949 жылы 4 қарашада Мәс­кеуде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы 1 маусымды Балалар­ды қорғаудың халық­аралық күні деп бекітті. Осылайша, көптеген коммунистік және кеңес өкіметінің құрамында болған мемлекеттерде 1950 жылдан бастап 1 маусым балаларды қорғау күні ретінде тойлана бастады.

Үндістан мен Уругвайдың ұсынысымен 1954 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Бас Ассамблеясында Дүние­жүзілік балалар күнін белгілеу жөніндегі қарар қабылданды. Құжатта балалардың өзара түсіністігіне жәрдемдесу, олардың әл-ауқатын жақсартып, БҰҰ Жарғысына сәйкестендіру көзделді. Сөйтіп, 1959 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы Бала құқығы Декларациясын қабылдады. Осы себепті, 20 қараша балалар күні ретінде аталып өтіледі. Халықаралық балаларды қорғау күні деп аталатын мерекенің ұзын-ырғасы осындай.

Әлбетте, балалар мерекесін атап өту керек. Ол сөзсіз. Тіпті, оны мемлекеттік мейрамдар қатарына қоссақ та артық емес. Алайда оның атауына «қорғау» сөзін қосып, өскелең ұрпақтың хал-жағдайын бір күнге теліп қою қаншалықты дұрыс деген ой келеді. Өйткені шартараптың түкпір-түкпірінде зорлық-зомбылықты ең көп көретін осы балалар. Төрткүл дүниеде оларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелер жетерлік.

Мәселен, кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтан зардап шегеді. Әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекция және өзге де күрделі аурулардан жиі көз жұматындар да солар. Дамымаған елдерде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сату кең тараған. Тіпті, кейде қарапайым бастауыш білім алуға мүмкіндігі болмайтын кезі аз емес.

Алысқа бармай, елімізге оралайық. ЮНИСЕФ жүргізген зерттеуге сүйенсек, Қазақстанда ересектердің шамамен 75 пайызы отбасында балалардың мінез-құлқын қадағалап отыру үшін күш қолданып, жазалауды құптайтын көрінеді. 2-14 жас аралығындағы әрбір екінші бала отбасында тәртіпке шақыру үшін жазаланады. Мектеп оқушыларының үштен екісіне басқа оқушы­лар немесе мұғалімдер зорлық-зомбылық көрсетеді немесе кемсітеді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған. Соның ішінде жыныстық қысым көрсету оқиғасы 719 мәрте болған. Сондай-ақ балалар арасында 155 суицид оқиғасы тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады. Соның 22 пайыздан астамы – балалар. Яғни 130 мыңы өскелең ұрпақ деген сөз. Немесе 360 бала күн сайын жарақат алады екен.

Осындай деректерге қарасақ, балаларды қорғауды бір ғана күнмен шектеп қою дұрыс емесін анық аңғарамыз. Иә, балаларды қорғау керек. Бірақ 1 маусым күні ғана емес, жыл бойына, 52 апта ішінде, 365 күнде оларға қамқорлық таныту керек. Бірақ балаларды өзімізден, яғни оларға қысым көрсететін ересектерден қорғау керек екені өкінішті...