Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында «Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала» деген еді.
Содан бері бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып, бүгінде өз нәтижелерін беріп отыр.
Фанчэнган қаласындағы АЭС алаңында Өскемен қаласындағы «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнында дайындалған ядролық отын-жылу бөлетін құрамаларды (ЖБҚ) қабылдаудың салтанатты рәсімін осы саладағы істердің қатарына жатқызуға болады.
Зауыт құрамында 30 тоннадан астам төмен байытылған уран бар ЖБҚ-дың кезекті партиясын жеткізуді жүзеге асырды. Жоғары технологиялық дайын өнім сапа бақылауынан сәтті өтіп, клиент қабылдады. ЖБҚ өндірісінде қазақстандық уран шикізатынан ҮМЗ-да дайындалған отын таблеткалары пайдаланылады. Реакторға отынды жоспарлы түрде жүктегеннен кейін Қытай тұтынушыларына электр энергиясын өндіру және жеткізу басталады. Екі жақты қатынастарды одан әрі дамытуға жаңа серпін берген маңызды жобаны іске асыру CGN-мен бірлескен атқарған жұмысының арқасында мүмкін болды.
«Біздің елдеріміз атом өнеркәсібі саласында көп жылдық ынтымақтастық тәжірибесіне ие. Қазатомөнеркәсіп және CGN өзара іс-қимылдың кең спектрі бар стратегиялық әріптестер болып табылады. Біз уран өндіру, отын таблеткаларын өндіру және жылу бөлетін құрамалар бойынша бірқатар табысты жобаларды жүзеге асырдық. Біз қазақстандық ядролық отын әлемдік климаттың өзгеруінің салдарын жұмсартуға және төмен көміртекті дамудың жаһандық мақсатына қол жеткізуге үлес қоса отырып, Қытайдың атом энергетикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мақтан тұтамыз. Біздің ынтымақтастығымыздың арқасында Қазатомөнеркәсіп жаңа тәжірибе жинақтап, табиғи уран тотығын өндіруден бастап, отын түріндегі реакторға дейінгі ядролық отын циклінің түпкілікті өнімін шығаруға және сатуға дейінгі қызметтердің интеграцияланған пакетін жеткізуші болады», деді Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.
2024 жылы «Үлбі-ЖБҚ» жылына ЖБҚ түрінде 200 тонна уранды құрайтын толық өндірістік қуатқа шығу үшін өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Зауытта 20 жыл бұрын кепілдендірілген сату нарығы бар. Инновациялық кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның АЭС-ке арналған ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобына кіруіне мүмкіндік берді.
Бұған дейін хабарланғандай, Қытайдағы атом электр станциясындағы «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС зауытынан жылу бөлетін жинақтардың бірінші партиясын жеткізу өткен жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстаннан Қытайға қосымша бірнеше ядролық отын партиясы жеткізіледі деп күтілуде.
«Бүгін біз ҚХР-ға қазақстандық зауыттан жылу бөлетін құрамаларды жеткізу кестесіне сәйкес және өнім сапасына қойылатын талаптарға сәйкес екінші рет жеткізуді қабылдап жатырмыз. Қытай атом саласын қарқынды дамытуда және атом энергиясының энергия балансындағы үлесін арттыруда. Біз ядролық қауіпсіздікке, тиісінше, ЖБҚ-ны атом станцияларына жеткізетін сапаға үлкен мән береміз, сондықтан Қазақстанда өндірілген ЖБҚ-ның кезекті партиясын сәтті қабылдап алғанымызға ерекше қуаныштымыз. Зауыттың өндірістік қуатқа шығуымен «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС біздің электр станцияларымызды отынмен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады. Біз өз компанияларымыздың күш-жігерімен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасатынына сенімдіміз», деді GGNPC-URC Директорлар кеңесінің төрағасы Ань Цзюньцзин.