Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Таяуда аталған құзырлы мекеменің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ берген мемлекеттік гранты бойынша «Экологиялық мәдениетті арттыру және жастар мен балаларға қолайлы экожағдайлар жасау жөніндегі кешенді шаралар» атты жобаны іске асыру туралы баспасөз конференциясында экологияға қатысты маңызды мәселелер көтерілді.
«Қазақстанның Экологиялық қоры» қоғамдық ұйымының ұйымдастырған жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ өкілдері, экологтер, экобелсенділер, сондай-ақ қоғамдық экологиялық ұйымдар мен жалпы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысып, балалар мен жастардың қоршаған ортаға деген мәдени көзқарасы мен құндылығын қалыптастыру жайы талқылады.
«Қазақстанның Экологиялық қоры» ұйымының басшысы Айгүл Әбдуалиева қордың негізгі бағыттары мен жастар арасында экологиялық білімді дамыту жобасының барысы туралы айтты.
– Бұл – экология мен адамдардың болашағына арналған жоба. Қоршаған ортаны қорғауды кішкентай кезден қалыптастыруды көздейміз. Сондықтан жобаға жастарды көбірек тартуды мақсат етіп отырмыз. Мысалы, жақында пластик қалдықтарды жинауға арналған экоакция өткіздік. Мектеп оқушылары қайта өңдеу үшін 100 килоға жуық пластик қалдықтарын жинады. Бұл іс-шаралар өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға құрметпен қарауға және қала экологиясын сақтаудың маңыздылығын үйретеді, – деді ол.
Айгүл Әбдуалиеваның айтуынша, жоба аясында Қостанай қаласының Neco базасында 6-10 сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін экологиялық орталық ашу, сонымен қатар экологиялық интерактивті тренингтерді республиканың барлық облысында өткізу жоспарланған.
– Алдағы онжылдықта жастар климаттың өзгеруі, құнды табиғи ресурстарды үнемдеу, қоқыстарды қайта өңдеу және басқа да проблемалармен бетпе-бет келеді. Сондықтан біз жастарды табиғатты сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қазір жыл сайын миллиондаған гектар ормандар, көптеген жануар мен құс өрттен жойылады. Адам және жан-жануарлар түтін мен жалыннан зардап шегеді. Тек былтырғы Әулиекөлдегі өрттің өзі 43 мың гектар орманды шарпыған. Аудан орман қорының көп бөлігін жоғалтты. Бүгін біздің қор Әулиекөлге 500-ден астам көшет отырғызды. Бірақ бұл аздық етеді, біз табиғатқа бейжай қарамайтын адамдардың көбейгенін қалаймыз, өйткені экология адамға көбірек мұқтаж, оның көмегіне зәру, – деді А.Әбдуалиева.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мәселесін жан-жақты шешуді қажет ететінін мәселе. Бұл жерде экологиялық тренингтердің, акциялар мен жарыстардың рөлі зор екенін айта кеткен жөн. Осылайша, «Қазақстанның Экологиялық қоры» ұйымы екі жылдық жоба аясында жастар мен қалың жұртшылықтың экологиялық мәдениетін насихаттауға септігін тигізетін тренингтер өткізіп, мектеп оқушыларына бейнероликтер дайындауды жоспарлап отыр.