Өнер • 06 Маусым, 2023

Иманжүсіптің арманы

797 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі, ақын, әнші, композитор Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына 160 жыл толды. Соған орай елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Иманжүсіптің әні» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Иманжүсіптің арманы

Мазмұнды кеш шы­мылдығы Астанадағы Музы­калық жас көрермен театры әртістерінің айтулы тұлғаның өмір жолын бейнелеген қойылыммен ашылды. Одан кейін Иманжүсіптің немересі белгілі ғалым, профессор Раушан Көшенова атасы туралы жұртшылыққа беймәлім деректерді әңгі­меледі.

– Әкем маған көзі тірісінде: «Атаңның сүйегі жатқан жер мен суретін тауып ал», деп аманат айтып еді. Бүгінде соның екеуін де орындадым. Атам ақталғаннан бері артында қалған мұрасын жинап келемін. Біздің әулетіміз көп қуғын көрді. Әкем он жасында жетім қалып, бас сауғалап Өзбекстанға кетті. Елге 1946 жылы оралғаннан кейін туыстарын іздеп табады. Содан соң әкесінің жазықсыз құрбан болғанын айтып, жоғары билікке неше мәрте хат жазған. Оның бәрі менде сақтаулы тұр, – деді асылдың сынығы.

Қазір елорда іргесіндегі Жібек жолы ауылындағы орта мек­теп Иманжүсіптің есімімен ата­­лады. Онда дарабозға арнал­ған­ музей бар. Сонда оған қатыс­ты көптеген жәдігер сақтал­ған. Бұл мұражай Раушан Көше­но­ваның бас болуымен ашылған.

Бір жағынан өр мінезді аза­маттың өмірі күреске толы бол­ғаны белгілі. Бұл қасиет оған текпен дарыған секілді. Әкесі Құтпан мен атасы Тұрғанбай датқа да отаршылдық саясатқа қарсы шығып, сол жолда бастарын бәйгеге тікті. Иманжүсіп те үстем елдің езгісіне көнбеді. Сол үшін патша заманы мен кеңес дәуірінде біраз қуғын көрді. Ақыры жазықсыз жаланың құрбаны болды. Оның арқалы ақын, дүлдүл әнші болуы­на Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың туын­дылары ерекше әсер етті. Өзі де әуелетіп ән шырқады. Құс салып, ит жүгіртті. Жауырыны жерге тимеген балуан атанды. Иманжүсіптің әндері рухты, еркін сазды, құлашы кең болып келеді. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев оның шығармашылығын жоғары бағалаған.

Өкінішке қарай, бүгінгі ұр­паққа ақынның барлық мұрасы жеткен жоқ. Кеңес заманында оның әндерін орындау ғана емес, атын айтуға тыйым салынды. Сонда да белгілі өнер зерттеушісі А.Затаевич бірқатар әнін нота­ға­ түсіріп, «Қазақтың 1000 әні»­­­ атты жинағына енгізген. Мә­се­лен, «Сарымойын» әнін Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясына пайдаланған.

Әдеби-сазды кеште әнші-сазгердің негізінен ел жадынан ұмыт қалған туындылары орындалды. Айталық, «Сарыарқа» әнін халықаралық және рес­пуб­ликалық байқаулардың лау­реаты Жақсыгелді Маясаров нақышына келтіріп шырқаса, «Ел қайда» шығармасын талантты өнерпаз Айдос Оңғарбай қобызбен жеткізді. Ақынның жас кезінде шығарған «Сейфіл-Мәлік» әнін белгілі әнші Нұрай Танабаев орындады. Ал Өзгеріс Шерікбай жоғарыда ай­тқан «Сарымойынды» әуе­летті. Сондай-ақ елорда филар­мо­ниясындағы «Халық әні» бөлі­мі­нің Берік Омаров, Данияр Мұ­қан, Жандос Иманбай, Сы­рым­ Мұхаметжанов секілді талант­ты өнерпаздары біртуар тұлға­ның туындыларын шыр­қап, көрерменнің ыстық ықы­ла­сына бөленді. Мәдениет қай­рат­кері Шолпан Қорғанбек же­текшілік ететін «Қорқыт» этно-ансамблі бірнеше күйді тар­ту етті. Сонымен қатар кешке арнайы қонақ болып келген­ Көк­шетаудағы «Әдебиет және өнер» музейінің директоры Нұр­бек Нұралин бастаған азамат­тар­ даңқты ердің немересі Рау­шан­ Көшеноваға сый-құрмет көрсетті.