Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Кей дақылдарды өсіру көлемі артты
Биыл елімізде картоп, қант қызылшасы және күріш дақылдары бұрынғыға қарағанда едәуір көп егілді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев атап өткендей, биыл жалпы егіс алқабы 23,4 млн гектарды құрады. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 68,6 мың гектарға артық. Оның ішінде жаздық егіс алқабы 20,9 млн гектарға жетті.
Мәселен, 15,6 млн гектар алқапқа – масақты дәнді дақылдар, 3,3 млн гектарға – майлы дақылдар, 111,4 мың гектарға – мақта, 97,3 мың гектарға күріш егілді. Бүгінде картоп егу жұмыстары толығымен аяқталды. Картоптың егіс алқаптары 6,7 мың гектарға ұлғайтылып, 197,5 мың гектарға жетті. Қант қызылшасының көлемі 19 мың гектарға дейін ұлғайып, өткен жылмен салыстырғанда 7,4 мың гектарға артық егілді. Қазір қант қызылшасының да егіс жұмыстары аяқталды.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен, агрохимиямен, техникамен және қаржыландырумен қамтамасыз етуге байланысты барлық мәселені үйлестіру мақсатында Республикалық жедел штаб өз жұмысын жалғастырып келеді.
Қазіргі уақытта егін орағын жүргізу үшін диқандарды арзандатылған жанармаймен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі модуль базасында қажетті көлемді қалыптастыру және дизель отынын сату алғаш рет электронды түрде жүзеге асырылатын болады. Қазірдің өзінде бұл жүйе арқылы 368,2 мың тонна жанармайға 28,5 мыңнан астам өтінім берілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы өтінімді қалыптастыруда, ол Энергетика министрлігіне жөнелту кестесін дайындау үшін жіберіледі.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көктемгі егіс науқаны кезінде диқандарды дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Сондай-ақ негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген жұмыстар туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.
Премьер-министр бүгінде науқандық жұмыстар аяқталып қалғанын атап өтті. Үкімет қаржы бөлу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін толығымен шешті. Мәселен, 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттеу және 21 млрд теңге өнімді форвардтық сатып алуға бағытталды. Диқандарға 522 мың тонна астыққа тауарлық несие берілген.
«Минералды тыңайтқыштар өндіретін отандық компаниялармен келісімшарттар жасалып, өнімді субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ аталған субсидияларды кешіктірмей беру үшін егіс алқаптарын цифрландыру бір жылға кейін шегерілді. Біз биыл агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау жүйесін көп өзгертпей, барынша сақтап қалғанымызды атап өткім келеді», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді, экспортқа да шығарады. Атап айтқанда, биыл Қазақстан бидайы Қытайға жеткізіле бастаған.
«Ауа райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек. Бұл елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.
Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, фермерлердің агротехнологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге тиіс екенін еске салды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі диқандардың мәлімделген бидай көлемін «Азық-түлік корпорациясына» уақтылы жеткізу туралы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі және жыл соңына дейін ақпараттарды цифрландыру бойынша қажетті іс-шараларды қабылдауы қажет екенін атап өтті.
Су қоймаларындағы сақтық іс-шараларын күшейту
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, бүгінде республика бойынша шомылуға рұқсат етілген 487 орын бар. Оның ішінде 149 коммуналдық және 338 жекеменшік жағажай белгіленген. Сонымен қатар жаз мезгілінен жақсы өту үшін жергілікті атқарушы органдар шомылуға арналған ресми және жабдықталған орындардың санын кемінде 15-20 пайызға ұлғайтуы қажет.
Соңғы 3 жылда елде мыңнан аса адам суға кеткен. Десек те, өткен жылы суға батқандар саны 43%-ға азайған еді. Су қоймаларындағы адам өлімінің негізгі себептері – жабдықталмаған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу және өз күшін дұрыс бағаламау.
ТЖМ судағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаменттері және әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 45 мыңнан аса рейд пен патруль ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 480 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балалар жағажайларында, стационарлық және қаңқалы-модульдік бассейндерде ТЖМ құтқарушылары әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзуге үйретеді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, жаз басталғалы адамдар демалатын орындарда жаяу полиция жасақтары көбейді. Білім беру ұйымдарының барлығына су қоймаларында өзін-өзі ұстау ережелері бойынша нұсқаулықтар жіберілді. Су қоймаларының жанындағы автопатрульдер суға батып бара жатқан адамдарға көмек көрсету үшін қажетті құралдардың барлығымен жабдықталған.
Үкімет басшысы патруль қызметкерлері жыл басынан бері суға батып бара жатқан 9 азаматты құтқарғанын айтты. Бір күн бұрын Қызылорда облысында полиция қызметкерлері каналда батып бара жатқан жергілікті жоғары оқу орнының студентін құтқарған.
«Студентті құтқарып қалған майор Ержан Әбдірамановтың ерлігін атап өткім келеді. Мұндай адамдарға алғыс айтып, оларды басқаларға үлгі ету керек», деді Премьер-министр.
Балаларға арналған қала сыртындағы жазғы лагерьлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, шағын көлемді кемелерді, оның ішінде судағы жаппай демалыс орындарында пайдалануды бақылау туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді. Бірқатар облыс әкімі де өз өңірлеріндегі шомылу маусымына қатысты жағдайларды баяндады.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазгидрометтің болжауынша, биылғы жаз маусымы жылдағыдан ыстық болады деп күтілуде. Әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық көпке дейін сақталады деген болжам бар. Яғни суға барып демалушылардың саны да артады.
«Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, мерт болды. Алдыңгүні бір күнде 9 адам, кеше тағы 4 адам суға кеткен. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алған. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы республикада жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болатынын, олардың 100-ге жуығы – балалар екенін айтты. Бұл қабылданып жатқан іс-шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.
«Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы уақытқа дейін шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленбеген. Ал Қызылорда облысында бүкіл өңір халқы үшін арнайы белгіленген 4-ақ орын бар. Алматы облысында Қапшағай су қоймасының маңындағы көптеген жекеменшік жағажайлар ресми тіркелмеген», деді Премьер-министр.
Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, суға шомылуға арналған қауіпсіз орындарды белгілеу жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ қауіпсіздік іс-шаралары туралы халықты белсенді түрде хабардар етіп отыру тапсырылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы профилактикалық жұмыстар негізінен қалалар мен аудандарда ғана жүргізілетінін айтып өтті. Ауылдық жерлерде бұған көңіл бөлінбейді.
«Сол себепті суға батқандардың басым көпшілігі, яғни 60-70%-ы ауыл тұрғындары болып отыр. Осы бағытта жергілікті жерлерде кең ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет», деді Ә.Смайылов.
Одан бөлек, Үкімет басшысы оңтүстік өңірлердегі суару каналдары да адамдарға қауіп төндіріп отырғанын айтты. Олардың көбі қоршалмаған.
«Бұл – бірінші кезекте балалар үшін өте қауіпті. Каналдарда балалар өлімі көп жағдайда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Бұл ретте Түркістан облысының оң тәжірибесін атап өткім келеді. Онда арыққа түсіп, құлап кеткен жағдайда өз бетінше сыртқа шығуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар орнатылуда. Өңір әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет», деді Ә.Смайылов.
Оған қоса Премьер-министр судағы қайғылы жағдайлардың көп бөлігі алкогольдік ішімдіктің кесірінен болғанын атап өтті. Қайтыс болғандардың 70%-ға жуығы – мас күйінде шомылғандар. Осыған байланысты ішкі істер органдарының бөлімшелері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруы қажет. Атап айтқанда, ескерту жасап, әкімшілік іс-шаралар қолдану арқылы жағалауларда алкогольдік ішімдіктерді ішуге жол бермеу керек.
«Ол үшін демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарын күшейткен дұрыс», деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр Павлодар облысында фонтанда шомылып жүрген баланы тоқ соққан жағдай бойынша түсініктеме берді.
«Ондай жерлерде суға түсуге мүлдем тыйым салынған. Санитарлық дәрігерлер де рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қауіпті екенін айтады. Алайда баланың аты – бала. Ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан әкімдіктер фонтандардың қауіпсіз жұмысын тексеріп, балалардың шомылуына жол бермей, бақылауды барынша күшейтуге тиіс. Бұл жұмысқа Ішкі істер министрлігі де қосылуға тиіс», деді Ә.Смайылов.
Сөз соңында Үкімет басшысы шағын көлемді кемелерді пайдалану барысын бақылау бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырды.