«Қауіпті будан» – ұлттық әлеуметтік-көркем талдау. Арзымас саясаттардан биік тұрған, Еуразия атты алып кеңістіктің тарихи шындығын ақтарып, сол жердегі адам баласының психологиялық коллизиясын саралап, жаратылысын танытқан туынды. «Атау-кере» де Қазақстанға тән ақиқаттың, трагедиялы ақиқаттың ақ-қарасын парасатпен пайымдап берген тебіреніс. Аспаннан шабыт-шалқумен ағып түскен толғау емес, жер басып жүрген адам баласының жер бетіндегі тарихи тағдырын таразыға тартқан философиялық толғам», дейді туынды турасында жазушы Марат Қабанбай .
Қаламгер «Қауіпті будан» деп қосымша атау берген роман-ескертпесінде тұтас бір ұлт тағдырын аралардың буданымен салғастыра отырып, сәтті әдеби паралель жасайды. У.Керр дейтін генетик-селекционердің бал арасының тұқымын жақсарту, өнім көлемін ұлғайту мақсатында америкалық аралар мен африкалық араларды қолдан будандастырып, өзгеше сұрыптағы ара өсіріп шығарған жаңалығының нәтижесін Ерік есімді кейіпкердің образымен беру арқылы соны ойға жетелейді. Шығармадағы басты кейіпкер Еріктің әкесі – қазақ та, анасы – орыс, яғни генетикалық тұрғыдан келгенде, Керрдің аралары сияқты ол да будан. Әрі аралардың бойындағы өнімді көп жинауға келгендегі қанағатсыздық, қанағатсыздық тудырған қатігездік Еріктің болмысына да тән. Ол ойын шығармада кейіпкер: «Жастайымнан қиындық көрдім. Егер есейіп өз қолым өз аузыма жетер болса, тек дүние жиып өтермін», деп өзіне ант беру арқылы ақтап алғысы келеді. Ерік бейнесі романда өз ортасынан, туған жер, атамекенінен, тіпті өзінің туған анасынан жеріген жатбауыр, тоғышар жан ретінде бедерленеді. Бас кейіпкер төрт құбыласы тең, баршылықта келісті, қатарының алды болып өмір сүргенімен, табиғаты ұлттық сипаттан жұрдай. Ол үшін Отан, туған жер, ата-ана, жар, ұрпақ сынды адам өміріндегі аяулы ұғымдардың құны құлдырап, әлдеқашан жұтаң тартқан. Ол етектегі ауылы – Бек-Алқаға елім деп еміренгендіктен емес, сүйген келіншегін көріп, шаруаның жай-күйін қадағалау үшін ғана барады. «Ол жылына Бек-Алқаға бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ел-жұртын езіле үзіле сағынғандықтан емес, жыл бойғы табан ет, маңдай тердің құнын шығару үшін, ұшы-қиыры таусылмас шаруаның шалғайын қайыру үшін етектегі елге – Үлкен жерге асығатын».
Шығармадағы бұл жолдар Еріктің ішкі ниет-пиғыл, ой-танымын анық аңғартады. Ерік үшін неғұрлым ақшаны көп тауып, пайдаға кенелуден өзге бұл өмірдің адамгершілік, ұлтын сүю, халқына борышты болу, адамдарға қайырымдылық ету сынды ізгі қасиеттері бағасын жойып, басты орынға материалдық құндылықтар шықса, романның келесі кейіпкері Тағаннның ұғымындағы бақыт, өмір жайлы түсінік мүлдем бөлек, Ерік танымына контраст.
Жазушы Таған тағдыры арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді жан-жақты қырынан саралап, сараптай көрсетуге ұмтылады. Туындыда Таған адамзаттық проблемаларды арқалаушы, шығарманның негізгі өзегі ретінде көрінгенімен, оның өзі өмір сүріп жатқан ортаға сіңісе алмай жатсынуы, өз қоғамынан өзі жеруі – қоғам түйткілімен тізбектеле өрілген Таған тағдырының, бәлкім, адамзат тағдырының басты трагедиясы. Міне, осы тұстан ұлттық ділін табанға таптап, түп-тамыр, азаматтық болмысынан жатсынған Ерікпен екеуінің арасы екіге жарылады. Шығармадағы бітіспейтін, қабыспайтын ішкі рухани тартыс та осы тұстан басталады. Кейіпкер Тағанның аузымен айтылар «Неге біз осы?» деген сауалдың ішінде қоғамның, ұрпақ келешегінің, тұтастай ұлт болашағының трагедиясы суреттеледі. Америкадан Алтайға арнайы алдыртқан будан аралардың өлермендігін, қатыгездігін будан ұрпақтың ішкі әлемі, психологиялық болмысымен параллель ала отырып, шебер шендестірген қаламгер ауылдастарының аузына: «Жат жұрттық ешқашан жарытқан да, жерсінген де емес, бүгін балын ұсынса, ертең уын ұсынады» деген сөзді салу арқылы қатаң ескертпе жасайды. Оқырманын ойлануға жетелейді. «Апталық алыс жол, мыңдаған шақырымдық қашықтықты аттап өтіп, Алтайға қоныс аударған будан ара – «қауіпті гибрид» бүгінде қаулап өсіп келеді...» деп түйін жасайды. «Атау кере» – қаламгердің қазақ халқына жасаған ең соңғы ескертпесі.