
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Елордадағы әуе айлағы 2022 жылы өз тарихында алғаш рет 6 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Аталған екі әуежайдың көрсеткішіне жетпесек те, құқық бұзатындар жетіп артылады. Осы орайда әуежай қызметкерлері жолаушылардан жүктерін мұқият жинап, тыйым салынған заттарды тасымалдамау керек екенін еске салады.
Әуежайдағы бастан-аяқ тексеріске кейде наразылық танытатынымыз белгілі. Алайда кез келген әуежайда жолаушылар қатаң сақтауға тиіс ережелер бар. Мәселен, билетсіз ұшу алдындағы аймаққа өткізбейді. Багажды тіркеу орнына өткізіп, ұшақ бортына небәрі 100 грамнан аспайтын құтыдағы сұйықтықты алып өтуге болады. Мұнымен қоса қайшы, пышақ секілді өткір заттарды тасымалдауға тыйым салынған, тіпті косметикалық бұйымға жататын кішкентай қайшыны алуға да рұқсат жоқ. Десе де, «жолаушылар мұны үнемі естен шығарып, тексеріс қызметіне айтарлықтай кедергі келтіреді», дейді әуежай қызметкерлері.
Осы жылдың 3 айында Астана халықаралық әуежайы 660 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Әуежай баспасөз қызметінің басшысы Думан Мұхаметқалидің айтуынша, биыл әуе айлағының авиациялық қауіпсіздік қызметі жолаушыларды тексеру кезінде 5 177 тыйым салынған зат тәркілеген.
«Тыйым салынған заттардың ішінде 124 суық және газ қаруы, 66 бұрыш қосылған спрей мен электрошокер, 7 кастет, қару тектес 582 зат, 65 оқ-дәрі, 44 жарылғыш зат, 24 улы, коррозиялық және басқа да заттар бар. Сондай-ақ жолаушылардан 72,8 литр тез тұтанатын сұйықтықтар және әуе кемелерінде тасымалдауға қатаң тыйым салынған 4 264 ықтимал қауіпті зат табылды. Көбінесе бұл балға, балта, тесу және кесуге арналған құралдар», деді Д.Мұхаметқали.
Бұдан басқа жолаушылардың багаж және қол жүгінде декларацияланбаған ірі ақша сомалары анықталып, ҰҚК және ҚМ МКК уәкілетті қызметтеріне жіберілген.
Сондай-ақ өткен жылы қауіпсіздік қызметі жолаушылардан 2 мыңнан астам атыс қаруы мен 67 780 оқ-дәріні тәркілеген.
«Қазір жолаушылардың әуе тасымалы кезінде қауіпсіздік мәселелеріне көбірек көңіл бөліп отырмыз. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті іс-шаралар кешені экипаж бен жолаушыларға қауіп немесе зорлық-зомбылық құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін тыйым салынған заттары бар адамдардың бортқа кіруіне жол бермеуге бағытталған», деді әуежай баспасөз қызметінің басшысы.
Жолаушылар қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мәселелері арасындағы ымыра ретінде әлемдік тәжірибеге сәйкес жолаушыларды, қол жүгі мен багажды іріктеп тексеру қолмен жүргізіледі. Думан Мұхаметқалидің айтуынша, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік қағидалары әрбір рейс жолаушыларының жалпы санының кемінде 10 пайызын мұқият тексеріп шығуды талап етеді. Бұл ICAO халықаралық қауіпсіздік стандарттарында да қарастырылған.
Сондықтан Астана әуежайында 2015 жылдан бастап рандомайзер функциясы бар аркалы металл іздегіштер пайдаланылады. Аталған құрылғылар жолаушылардың 10%-ын автоматты түрде және кездейсоқ тәртіппен таңдайды. Мәселен, егер құрылғы жұмыс істеп, белгі берген болса, жолаушы аяқкиімін (құрамында металл заттар болмаса да) рентген-теледидар қондырғысы арқылы бөлек қарау үшін шешіп, өзі қолмен іздеуден өтуі керек. Сонымен қатар скрининг қызметкерлері таңдалған жолаушының қол жүгін мұқият тексеріп, әрбір затты тексеруге міндетті. Осыған орай, жолаушылар түсіністік танытып, скринингтік тексерушілердің заңды талаптарын орындауы қажет.
«Тексеруден жалтарған жолаушыларды «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес тасымалдауға рұқсат етілмейді», деп атап өтті Д.Мұхаметқали.
Сонымен әуежайда «тыйым салынған» тізім мұнымен шектелмейді. Тengritravel.kz сайтының мәліметінше әзіл-оспақты әуежай қызметкерлері «түсінбейді». Тексеру қызметінің тұнжыраған маманының көңіл көтеру үшін әзілдесудің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Мысалы, жолаушы суық қаруды үйінде ұмытып кеткені туралы айтар болса, тиянақты тінтуге ұрынып, тіпті полиция қызметкерлері араласуы мүмкін. Әуежай қызметкерлері белгіленген нұсқаулық бойынша жұмыс істейді, сол себепті олар әзіл айтып тұрғаныңызды пысқырмауы да мүмкін. Әсіресе бұл АҚШ, Канада және Еуропаның бірнеше елінде қатаң сақталады.
Қолжүгін пленкамен орауға тыйым салынған. Мұндай күдікті багажды бірден тексереді, олар тіпті құрылғы арқылы қауіпті зат көрмесе де әбігерге салады. Мұндай қадамға жолаушы неліктен барғанын ешкім білмейді, бәлкім бортқа қауіпті зат алып кіру үшін, әдейі ештеңе көрсетпей арнайы материал қолдануы мүмкін.
Тексеру қызметінің мамандарымен мейлінше дауласпау қажет. Қауіпсіздік саласының қажетсіз тексеру ережелерін айтып, олардың есіне салу жөн емес. Олар үшін бұл белгі: «біртүрлі» жолаушы, дереу шара қолдану қажет. Ал шара түрлі болуы мүмкін.
Кеденшілердің сұрағын да жауапсыз қалдырмаған жөн. Олардың сұрақтары не әрекеті ақылға қонымсыз болса да жауап берген дұрыс. Үнсіз қалған жағдайда – жолаушы бақылау алаңында тұрып қалып, не болмаса мүлде өте алмауы мүмкін. Күдікті ретінде қабылдап, қосымша тексеруге жібереді.
Роликтер мен самокаттарға тыйым салынады. Роликтер, самокаттар, лонгбордтар, сегвейлер, велосипедтер және басқа да қозғалыс құралдары әуежай аумағында тыйым салынған. Қолға алып жүруге болады, мінуге тыйым салынады.
Тағы бір маңызды жайт – әуежайда шуламау қажет. Музыканың дыбысын қатты қою немесе бейнежазбаны құлаққапсыз көруге тыйым салынады. Кейде мұны жолаушылар елемей жатады, осылайша, басқаларға кедергі келтіреді. Ережеге бағынбаған адамға басқа жолаушылар әуежай қызметкерлеріне шағымдануы мүмкін, осындайдан ескерту алуға да болады.
Әуежай қызметкерлерін суретке түсіруге тыйым салынады. Көптеген елдің әуежайларында «суретке түсіруге тыйым салынады» деген ескертулер тұрады. Әсіресе кеденшілер мен тексеру кезінде әуеайлақ мамандарын суретке түсіруге не бірге суретке түсуге талпынбаған жөн. Мұның соңы жақсылыққа алып келмейді себебі.