Спорт • 12 Маусым, 2023

Мергендердің мүмкіндігі қандай?

210 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің тарихына көз жүгіртер болсақ, көп спорт түрі Олимпиаданың ажырамас бөлігіне айналғанын байқаймыз. Солардың бірі – нысана көздеу спорты. 1896 жылы алғаш рет Афинада ұйымдастырылған Жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енген сәттен бастап бүгінгі күнге дейін нысана көздеу спортынан жүлделер сарапқа салынып келеді. Тек 1904 және 1928 жылдардағы ойындарды есепке алмағанда.

Мергендердің мүмкіндігі қандай?

Афинадағы алғашқы аламанда нысана көздеушілер бес бағ­дарлама бойынша сынға түссе, келесі жылы Парижде өтетін додада ерлер мен әйелдер тапанша, мылтық және стенд атуды қос­қанда 15 бағдарлама бойынша кім мықтыны анықтайды. 1968 жылғы Мехикодағы жазғы Олим­пия ойындарына дейін нысана көздеу жарыстарына тек ер спортшылар қатысып келген болса, 1968 жылдан бастап әйел спорт­шылар да бақ сынай бастады.

 

Парижге 340 мерген барады

Париж Олимпиадасының бағдарламасына байланысты Елисей алабындағы бәсекелерде 340 спортшы (170 еркек, 170 әйел) өнер көрсетеді. Ал осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған Токио Олимпиадасына 360 спорт­шы қатысқан болатын.

Өзге спорт түрлеріне қара­ғанда нысана көздеуде Олимпиа­да жолдамалары жекелеген спорт­шыға емес, елдерге бері­леді. Сонымен қатар спортшылар Олим­пиадаға қатысу үшін Ха­лық­аралық Олимпиада комите­тінің (ХОК) мынадай талаптарына сай келуі керек.

Ең алдымен, барлық спортшы Олимпиада жарғысын және басқа да өзекті ережелерді сақтауға тиіс. Сонымен қатар нысана көз­­деушілер олимпиадалық рейтингке қосылып, Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырған жа­­рысы бойынша кем дегенде бір ұпай жинауы және Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) қолдауымен өткен кем дегенде екі іріктеу жарысына қа­тысуы керек. Ал нысана көз­деу спортынан іріктеу жарыс­тары 2022 жылдың 14 тамызында бас­талып, 2024 жылдың 9 мау- с­ымын­да мәресіне жетеді. Осы уақыт аралығында спортшы­лар әлем чемпионаттары, ха­лық­ара­лық жарыстар, құрлық бірін­ші­лік­теріне қатысып, ұпай жинайды.

 

Жолдамалар қалай бөлінеді?

Бұған дейін жазғанымыздай, Франция Олимпия ойындарын қабылдаушы мемлекет болған соң «үш жолақты» елдің спортшылары өз еліндегі бәсекелерге іріктеусіз қатысады. Яғни қа­зірдің өзінде франциялық спорт­­шылардың еншісінде 12 жолдама бар. Олар әр жекелеген бағдарлама бойынша екі адамнан (ер және әйел) қатыса алады. Дегенмен бұл – әзірге тек қағаз жүзіндегі ғана жолдама. Іріктеу кезеңдері аяқталған соң ХОК Франция спортшыларының жоғарыдағы талаптарға сай ке­летін тексергеннен кейін ғана Олим­пиадаға қатысуға рұқсат береді. Егер талаптарға сәйкес келмесе, жолдама өзге елдің спорт­шыларына бұйырады.

Сонымен қатар тағы 16 жолдама (әр жынысқа 8 жолдамадан) іріктеу кезеңі аяқталғаннан кейін үшжақты комиссияның шешімімен ең үздік нәтиже көр­­сеткен Ұлттық Олимпиада коми­­теттеріне (ҰОК) бөліп беріледі.

Ал қалған 312 жолдама (әйел­дер мен ерлердің әр­қай­сы­сына 156 жолдамадан) жо­ғарыда айтқандай 2022 жыл­дың 14 тамызы мен 2024 жылдың 9 маусымы аралы­ғындағы іріктеу сайыстарына қатысқан спорт­шыларға таратылады. Әр ҰОК ең көп дегенде 24 жолдама (әйелдер мен ерлердің әрқайсысына 12 жолдамадан) иелік ете алады.

Нысана көздеудің әр бағдар­ламасы бойынша (олар: пнев­матикалық мылтықпен оқ ату (10 метр, әйелдер, ерлер, аралас команда), мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр, әйелдер, ерлер), пневматикалық тапанша (10 метр, әйелдер, ерлер, аралас команда), тапанша (25 метр, әйелдер), тез ататын тапанша (25 метр, ерлер), трап (әйелдер және ерлер) және стенд ату (әйелдер, ерлер, аралас ко­манда) әр ҰОК ең көп дегенде екі спортшы, ал командалық сайыста екі команда қатыстыра алады.

Жекелей сайыстар іріктеу кезеңі мен финалдан тұрады. Финалда ең жоғары орынға ие болған спортшылар өздерінің Ұлттық Олимпиада комитетіне бір жолдама алып береді. Егер ISSF аясындағы іріктеу жарыс­тарына жолдамаға қол жеткізіп қойған спортшы қатысып, жо­ғары орындарға ие болса, онда Олимпиада квотасы кейінгі орында тұрған спортшының еліне беріледі. Сондай-ақ ҰОК сол бағдарлама бойынша мүмкін болған барлық жолдаманы алып қойған болса, квотаны келесі орын­дағы спортшының ҰОК-і иеленеді.

Спортшылардың қорытынды рейтингі 2024 жылдың 9 мау­сымында жарияланатынын жо­ғарыда айттық. Егер спортшы рейтингте жоғары орында тұрып, бірақ жолдама иелене алмаған болса, ХОК әр елдің жолдамаларын қарап шығып, әр бағдарлама бойынша толық олимпиадалық жолдаманы иеленбеген елдің өкілдеріне береді. Мысалы, пнев­матикалық мылтықпен оқ ату бағдарламасында еліміздің бір спортшысы рейтингте жоға­ры орында тұрып, бірақ сол бағ­дарламада біздің құрамада бір ғана жолдама болса, жоғарыда ереже бойынша автоматты түрде екінші квота ретінде Қазақ­станға тағы бір жолдама беріледі.

Ал аралас командалық сайыс­тарға тек іріктеу бәсекелерінде өнер көрсетіп, ұпай жинаған спорт­шылар ғана қатыса алады.

 

Нысана көздеу бойынша олимпиадалық іріктеу жарыстары:

21 маусым – 2 шілде: Еуропа ойындары – 2023, Польша

14-31 тамыз: Әлем чемпионаты, Әзербайжан

25 шілде – 6 тамыз: Еуропа чемпионаты, Аустрия

1-10 қазан: Африка чемпионаты, Мысыр

Қазан: Панамерикан ойындары – 2023, Чили.

Қазан: Азия чемпионаты, Оңтүстік Корея.

Ақпан – наурыз 2024: Еуропа чемпионаты, Мажарстан.

Ақпан 2024: Стенд атудан Азия чемпионаты (өтетін жері белгісіз).

Наурыз 2024: Тапанша мен мылтық атудан Азия чемпионаты (өтетін жері белгісіз).

Сәуір – мамыр 2024: Еуропалық іріктеу турнирі (өтетін жері белгісіз).

Сәуір – мамыр 2024: Стенд атудан Еуропа чемпионаты (өтетін жері белгісіз).

CAT XIV Чемпионаты 2024, Лима, Перу