– Талғат Мамыртайұлы, әлемде жедел өзгеріске түсіп жатқан геосаяси ахуал әскери күш-қуатымызды жаңаша бекемдеп, заман қатерлеріне сай қайта жасақтауды талап етіп отыр. Осы орайда Қарулы Күштеріміздің негізгі жауынгерлік құрылымы – Құрлық әскерлеріне қандай мақсат-міндеттер жүктеліп отыр?
– Өзіңіз айтқандай, Құрлық әскерлері адам саны жағынан да, атқаратын операциялары мен жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу ауқымы жағынан да ең үлкен құрылым. Қарулы Күштердің бұл түрінің негізгі міндеттері – еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау, мемлекеттік және әскери объектілерді күзету, құрлықтағы мемлекеттік шекараны қорғау, сондай-ақ бітімгершілік міндеттерді орындау. Бұдан бөлек, Құрлық әскерлері төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуге, терроризмге қарсы операцияларға қатысуға жұмылдырылуы мүмкін.
Құрлық әскерлерінің құрамына «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Астана» өңірлік қолбасшылықтары кіреді. Әрқайсысы өз аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жауапты және кез келген жаудың бетін қайтаруға әр кез дайын. Бұдан өзге тікелей бағыныстағы әскери бөлімдер мен екі әскери оқу орны да бар. Олар – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты және Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж.
Жаңа заман талаптарына сай бүгінде Құрлық әскерлері негізгі өзгерістер мен қайта құрулардан өтіп, құрылымы мен іс-қимылы қалыптасқан оңтайлы күшке айналды.
– Сіз екі оқу орнымыз бар дедіңіз. Осындай үлкен құрылымға әскери кадрлар сол жерде дайындала ма?
– Офицерлер Ұлттық қорғаныс университетінде, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында, сондай-ақ шетелдік әскери оқу орындарында дайындалады. Кәсіби сержанттар Ақмола облысының Щучинск қаласындағы әскери колледжде оқиды. Гвардейск гарнизонының оқу-жаттығу орталығында кіші мамандар даярланады.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының заман талабына сай оқу-материалдық базасы қалыптасқан. Осы уақытқа дейін бұл жоғары оқу орнында 14 мыңнан аса офицер білім алды, олардың 81-і «генерал» жоғары офицерлік атағына қол жеткізгенін айта кету керек.
Құрлық әскерлеріне қарайтын әскери институт пен әскери колледжде білім алып жатқан болашақ офицерлер мен сержанттардың оқу үдерісін ұйымдастыру маңызды мәселе. Бұл бағытта жауынгерлік даярлық саласында жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, Құрлық әскерлерінің әскери институтында «Көшбасшылық және конфликтология негіздері» атты жаңа оқу пәні енгізілді. Сонымен бірге ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралардың қорытындысы бойынша курсанттарды ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану негіздеріне оқыту үшін тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары есептобы қосылды.
Ал Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж 1996 жылдан бері еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да күштік құрылымдарында сәтті қызмет атқарып жүрген үш мыңнан аса кәсіби сержантты дайындап шығарды. Әскери колледждің жаңа заманға сай оқу ғимараттары мен жоғары санатты оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Дипломнан бөлек кадеттер үшінші сыныпты БМП механик-жүргізушісі және «В», «С» санатындағы автокөлік жүргізушісі куәлігін алады.
– Сіз жоғарыда Құрлық әскерлері өзгерістер мен қайта құрулардан өтті дедіңіз. Сол жайында тарқатып айтып берсеңіз?
– Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, жауынгерлік даярлық бағдарламасына өзгерістер енгізіліп келеді. Әскери дайындықтың озық әлемдік тәжірибесі, жауынгерлік іс-қимылдың ең тиімді әдіс-тәсілдері зерделеніп жатыр. Бөлімшелер қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен жарақтандырылып, әскери инфрақұрылым даму үстінде.
Қазіргі уақытта Құрлық әскерлерін дамытудың негізгі бағыттары жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, ұйымдық-штаттық құрылымды жетілдіріп, олардың техникалық жай-күйі және қарумен жарақтандырылуы жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Әскери қызметшілердің жауынгерлік білім деңгейін, құрамалардың, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің өзара үйлесімді әрекет етуін арттыру – маңызды талап. Офицерлік және сержанттық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және жеке құраммен, әсіресе келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілермен жасақталудың сапалық көрсеткіштерін арттыру жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді.
Айта кету керек, Құрлық әскерлерін өзіне артылған міндеттер бойынша даярлықтан өткізу Әскери доктрина ережелері негізінде жүзеге асырылатынын ескерген жөн. Мұнда басқару органдарының, бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің кез келген жағдайдағы ықтимал агрессияға қарсы тойтарыс беруге, басқа да міндеттерді шешуге бағытталған іс-шаралар жүйесі түзілген. Жалпы, қауіп-қатер мен оларға қарсы әдістерінің өзгеруіне байланысты жеке құрамды оқыту мен жауынгерлік даярлық әдістемесі де үнемі түзетіліп отырады. Қару-жарақ паркі жаңартылып, жыл сайын өтетін оқу-жаттығулардың сапасы мен саны да артып келеді. Өйткені бізге жүктелген міндеттерді сауатты және білікті әскери қызметшілерсіз орындау мүмкін емес.
Сонымен қатар Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу орталығында взвод командирлері үшін «Тактик» біліктілігін арттыру курстары өткізіліп тұрады. Ол жерде жас офицерлерге жаңа біліктілік деңгейін меңгеру мүмкіндігі ұсынылады.
– Құрлық әскерлері заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Бүгінде Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің заманауи үлгілерімен жабдықталған. Бірақ бұл үздіксіз жүргізіліп отыратын үрдіс. Әлемнің әр жерінде тұтанған қарулы қақтығыстар әрдайым әскери мамандардың назарында. Тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен дәлдігі жоғары жүйелер мен қару-жарақтардың әлеуеті ескеріле отырып, соңғы үлгідегі техникамен жарақтандыру жұмыстары жоспарлы тәртіппен жүзеге асырыла бермек.
Дегенмен қарумен жабдықтау бар да, оны іс жүзінде қолдана білу бар. Сондықтан біз жауынгерлеріміздің қаруды шынайы жағдайда қолдану қабілетін арттыру мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрамыз. Қазір қысқы оқу кезеңі аяқталды. Жыл мезгілдері бойынша әрбір кезеңнің өз ерекшелігі бар. Біз қысқы оқу кезеңінде «Батыл тойтарыс» стратегиялық оқу-жаттығуын өткіздік. Онда Құрлық әскерлері басқа ведомстволардың күштік құрылымдарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-қимылдарды пысықтады. Жаттығудың негізгі мақсаты – гибридті қауіп-қатер жағдайында әрекет етуге, әртүрлі прокси-күштерге қарсы тұруға дайындыққа арналды. Жаттығуға 2 мыңнан аса әскери қызметші және 1500-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, соның ішінде армиялық, әскери-көліктік, майдандық авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды.
Бұдан өзге, қысқы оқу кезеңінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаевтың басшылығымен «Мәтібұлақ» оқу полигонында «Көкжал-2023» зерттеу оқу-жаттығуы өтті. Бір апта ішінде таулы жерлерде батальондық тактикалық іс-қимыл тобын дайындау және жүргізу мәселелері пысықталды. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің бөлімшелері, әуе қорғанысы күштерінің армиялық және әскери-көліктік авиация экипаждары қатысты.
Жоғарыда айтқанымдай, әскер дайындығы – үздіксіз жүргізілетін үрдіс. Он немесе бес жыл бұрынғы дайындығың бүгінгі қатерлердің алдында қауқарсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан әскеріміздің күш-қуатын арттыру мақсатында оқу-жаттығулар өткізіп, ең тиімді заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету – ешқашан күн тәртібінен түспейтін міндет.
– Әңгімеңізге рахмет. Айбынды әскеріміздің әлеуеті арта берсін!
Әңгімелескен
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»