Білім • 13 Маусым, 2023

«300 беттік кітап» немесе білім беру жоспарындағы жүйесіздік

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда ең көп өзгертулер енгізілген сала - білім саласы. Десе де осы уақытқа дейін енгізілген реформаның бірі де оң нәтиже берген жоқ. Бұның себебін Түркістан облысының жоғары санатты шебер-педагогы Нұрғали Махан «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған Білім «реформалары» хақында мақаласында түсіндіріп берді.

«300 беттік кітап» немесе білім беру жоспарындағы жүйесіздік

Автордың жазуынша, соңғы білім реформасы - «Жаңар­тылған оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары «ұзақмерзімді жоспар» және «қысқамерзімді жоспар» болып екіге бөлінеді. 

Министрлік бекіткен оқу стандартына сай, ұзақмерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі құрып алады. Ал мұғалімнің қысқамерзімді оқу жоспары педагогика ғылымы тарихында бұрын-соңды болмаған дүние екен. Бұл – белгілі формада өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары. Әуелі сабақтың мақсаты, одан әрі оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды баға­лау түрлері және сабақтың ықпалды қорытындылары белгіленеді.

Қысқасы, қандай қимыл жасап, не істедіңіз бәрін-бәрін хаттап жазып отыруға міндеттісіз. Әрі бұнын барлығы өз кезегімен болуы тиіс. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған қысқамерзімді жоспар 3-4 парақ жазуға айналады. Осы тұста әр сыныптың деңгейі әртүрлі екендігін де ескерген жөн. Сондықтан мұғалім әр сыныпқа жеке-жеке қысқамерзімді жоспар жазуы қажет.

«Зер салып, мұқият қарасақ, 16 сағаты бар мұғалім күніне 3-4 сағат сабақ беріп, әр сабаққа 3-4 па­рақ қысқамерзімді жоспар жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айы­на 200 парақ, бір оқу жылына 1 600 парақ жазу жазады екен. 1 600 А4 парағын екіге бүктесек 3 200 бет шығады. 3 200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 бетті 10 том кітап жазады екен. Бұған әр оқушыдан алатын бөлімді жинақтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды қо­сыңыз. Мұның бәріне кететін қағаз бен оны компьютерден шығаруға жұм­­салатын шығындарды мұғалім өз қал­тасынан төлейтінін ұмытпау керек», дейді мақала авторы.

Нұрғали Маханның пікірінше, қазіргі таңда мұғалімдердің білім жетілдіру курстары ұстаздарға тек қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жиынтық бағалау, тоқсандық жиын­тық бағалау жазуды ғана үйретеді. Жалпы, қыс­қамерзімді жоспарды жазуға 1 сағат­тай уа­қыт кетеді екен. Мұғалім бұл іске күніне 3-4 сағат сағат жұмсайды. Маман осы жерде мұғалімдердің кітап оқымайтындығын айтып ренжу орынсыз екендігін тілге тиек етті. 

«Қысқамерзімді жоспар жазу мұ­ғалімдерді жүйке ауруына шал­дық­­тыруы әбден мүмкін. Қыс­қа­­­мерзімді жоспар – методикалық нұс­­қау. Ал методика ғылым емес, ол – әдіс! Қандай әдіс қолданса да, мұғалім оқу стандартына сәйкес тақырыбын шәкірттеріне меңгертуі маңызды. Тек қысқамерзімді жоспар жазып қана оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптау!», дейді педагог.