Бірақ жауап көп күттірген жоқ. АҚШ президенті Джо Байден мен Өкілдер палатасының спикері Кевин Маккарти ұлттық қарыздың шегін көтеру туралы мәмілеге қатысты түпкілікті келісімге келді. АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйден халыққа жасаған алғашқы үндеуінде мемлекеттік қарыздың төбесін көтеру экономикалық құлдырауды болдырмауға көмектесетінін айтты. Келісім ережелерінің бірі АҚШ Кодексі 31-бөлімінің «Валюта және қаржы» 3101 (b) тармағын 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтата тұруды қарастырады. Онда АҚШ үкіметі кепілдік берген пайыздармен бірге міндеттемелердің номиналды сомасы «бір уақытта 14,294 триллион доллардан» (бұл кодекске енгізілгеннен бері бірнеше рет қайта қаралған бастапқы шекті) аспайтыны, сондай-ақ бұл шектеуді Конгресс өзгерте алатынын айтады.
Тараптардың ымыраға келгені алғаш рет 27 мамырда жарияланды. Дүние жүзіндегі қаржыгерлер мен қарапайым адамдар АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты мәселенің түйінін күтіп, іштен тынғаны рас.
Себебі долларсыздандыру – әлемдік қаржы нарығы үшін өзекті. Қытай серіктестерімен ұлттық валютадағы саудаға көшуде, Бразилия, Малайзия, басқа да бірқатар елде долларға деген тәуелділікті төмендетуге қамданып жатыр. Қысқасы, геосаяси жағдайларға байланысты АҚШ долларының экономикалық емес, саяси салмағы артып барады. Тіпті кейбір тұлғалар оны саяси қысымның құралы ретінде де қарастыра бастағаны анық. Инвесторлар өз капиталын әртараптандырудың қосымша нұсқаларын іздеуге мәжбүр болғанына да куә болдық. Себебі доллардың нарықтық құны мен экономикалық салмағының қанша екенін ешкім білмейді. Әлемдік нарықта қанша тонна доллардың айналымда жүргені туралы мәлімет аз. Бірақ әрбір доллардың 3 пайызы АҚШ-тың пайдасына жұмыс істеп тұр. Кеңестік кезеңде 1 доллардың бағамы 70-90 тиынның деңгейінде болды. Қазір ол – тарих.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында түрлі елдердің орталық банктері алтынды рекордтық деңгейде сатып алды. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) мәліметі бойынша, бүкіл әлем бойынша орталық банктердің металға деген сұранысы өткен жылмен салыстырғанда 176 пайызға дейін өсіп кеткен. Әлемдік нарықта трой унциясының бағасы бір жыл бұрын 1800 доллардан сәл ғана асатын болса да, бүгінде 2000 долларға дейін көтерілді. Алтын бағасының өсуі әлемдік қаржы жүйесіндегі тәуекелдердің күшейгенін көрсетеді. Қаржылық көкжиекте күшті дауылдың белгілері пайда болған кезде алыпсатарлар бағалы қағаздарды алтынға қалдырады, бұл бағаның өсуіне бірден әсер етеді. Қаржыгерлер мен инвесторлар үшін бұл ең үрейлі тақырып болып қала бермек.
Жаһандық рецессия туралы жағымды болжамдар қор нарығын да теңселтіп жіберді, бағалы қағаздар нарығы бір көтерілді, бір төмендеді. Сарапшылар әлемдік инфляция деп баға берген жағдай орталық банктерге ес жиып, өз мүмкіндігін бағалауға жол ашқанын айтып жатыр. Мысалы, АҚШ-та технологиялық алпауыттардың ықыласы жасанды интеллекті дамытатын компаниялардың акцияларына ауып кетті. Нәтижесінде, нарықта осы компания акцияларының бәсі басым болып шыға келді. Бұл құбылыс кез келген мемлекетке адам капиталының құндылығын бағалай білу керектігін ұқтырып кетті.
Қалай болғанда да, АҚШ-тың мемлекеттік қарызына қатысты жағдай күрделі. Мысалы, ХВҚ АҚШ қарызы 2023-2028 жылдар аралығында жыл сайын 3%-ға өсіп, 2028 жылға қарай ІЖӨ-нің 135%-нан асады деп есептейді. АҚШ-тың әлі де өзекті болып тұрған экономикалық проблемаларының түйінін төмен инфляция мен долларға деген сұраныс қана тарқата алады.
Қазақстанда долларсыздандыру мәселесі бұрын да айтылып келген, бірақ қазір ол шешуді қажет ететін мемлекеттік міндет ретінде белгіленді. Осы мақаланы дайындау барысында DATAmetrics сарапшыларының теңгедегі депозиттердің артықшылығын есептегені назарымызды аударды. Мысалы, теңгелік депозитте 1 миллион теңгені орта есеппен бес жыл бойы сақтасаңыз, капиталдың өсімі 59% (плюс 593 958 теңге) құрайды. Дәл осындай жағдайда, долларлық депозитте ақшаны сақтау кезінде теңгенің долларға шаққандағы бағамының өзгеруін ескере отырып, бес жыл ішінде долларлық депозит бойынша табыс 501 мың болады. Егер сіз ақшаны 50/50 негізінде сақтасаңыз, депозиттен түсетін табыс 547 мыңды құрайды. Осылайша, бұл деректерге сәйкес ақшаны теңгедегі депозиттерде бес жыл мерзімге сақтау долларға қарағанда 18,5 пайызға тиімдірек болады. Сондай-ақ пайыздық мөлшерлемені көтерумен қатар, теңгедегі депозиттерді қорғау бойынша түрлі шаралар қолға алынуда. Мәселен, 2022 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Үкіметі теңгедегі депозиттерді қорғаудың жеке бағдарламасын жариялады. Өтінімге сәйкес мемлекет теңгедегі депозиттер бойынша депозит сомасының 10 пайызы мөлшерінде – банк төлейтін сыйақы мөлшерлемесіне қосымша бір реттік сыйлықақы алады. Бағдарламаның мақсаты – отандық инвесторларды қолдау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Долларға шамадан тыс тәуелділік валюта нарығындағы тұрақсыздықтың негізгі факторы ретінде қарастырылады. Әрине, кез келген үкімет өз ұлттық валютасының маңыздылығын тануға мүдделі, бірақ тек тілек қана жеткіліксіз. Өз қаражатының айналымын ұлғайту үшін қосымша ақша эмиссиясын бастау керек, бұл валюта бағамының төмендеуіне әкеледі. Тұрақты саяси жүйемен үйлесетін күшті экономика ғана АҚШ-тағыдай қаржылық қиындықтарға төтеп беруге дайын. Америкалықтар тығырықтан шығудың жолын тауып, жағдайды өз пайдасына бұра алатыны тарихтан белгілі.
Жақын арада әлемде ешкім доллардан бас тартпайды, ол әлі де нөмірі бірінші резервтік валюта болып қала береді. Проблемалар туындаған жағдайда теңге жай ғана нығайып, алтын сияқты сенімді активтер қымбаттайды. Отандық бизнестің доллар қарызы жоқ, бірдеңе бола қалса, квазимемлекеттік компаниялардың қарызы қайта қаржыландырылады. Банктердегі депозиттердің көпшілігі теңгемен берілген. Ал шетелдік валютаны сатып алу – тәуекелі көп қаржылық операция. Дегенмен АҚШ-тың бәсекелес саясаткерлерінің «арқан тартысы» инвесторларды қобалжытып жатқанын мойындау керек. Кейбір сарапшылар долларға деген тәбетімізді шектеп, «диета сақтайтын» кездің келгенін айтып жатыр.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев қаржы нарығындағы осы қарқын жалғаса берсе, біз ішкі дедолларизацияның жаңа рекордына куә боламыз. Бізге долларсызданудан бұрын, рубльдің ықпалынан шығу маңызды екені рас. Қазір бұл үрдіс баяу болса да басталды. Сәуір айындағы көрсеткіш бойынша екінші деңгейдегі банктердегі барлық салымдардың (жеке адамдар, фирмалар, компаниялар) 29,3 пайызы ғана доллар, еуро, басқа да валюталарда жатыр. Қалғаны – теңгеде.
«1 мамырда банктерде 31 триллион теңге салым жатты. Оның 17,3 триллион теңгесі – халықтікі, 13,8 триллион теңгені заңды тұлғалар ұстап отырды. Халықтың бизнестен көп депозит ұстауы артып барады. 2021 жылға дейін заңды тұлғалардың депозиттері ылғи халықтың қаржысынан басым түсіп жататын. Қазір банктерді өтімділікпен негізінен халық салымдары қамтамасыз ететінін көріп отырмыз. Халық заңды тұлғалардан 3,5 триллион теңгеге озып кетті және осы алшақтық жыл аяғына дейін кемінде 4,6 триллионға дейін жететін сияқты», дейді Айбар Олжаев.
Сарапшы пікірінше, ЕАЭО мүшелері долларсыздандыруға қанша күш салғанымен, бұл үдерісті ешкім аяқтай алмады. Бұл доллар жетекші рөл атқаратын әлемдік сауданың ерекшеліктеріне ғана емес, Еуразиялық одақ елдерінің ұлттық экономикаларының ішкі мәселелеріне де байланысты. Бес елдің әрқайсысында жергілікті ақша-несие саясаты мен валютаға халықтың сенімі артпайынша долларланудың жаһандық проблемаларының шешілуі екіталай. Ал өзімізге келер болсақ, экономиканы дамытудың өз шарттары мен заңдылықтары бар. Жаңа технологиялар енгізу, үнем, коғамдық еңбекке басымдық беру, ең аяғы ұлттық идеологияны дұрыс жолға қою... ұлттық валютамыздың күретамырына қан жүгіртеді. Мұның бәрі – жеке талдауды қажет ететін тақырыптар.
2022 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер өзара есеп айырысуда ұлттық валютаға кезең-кезеңімен көшу туралы келісті. Ал жыл соңына дейін «одақішілік» транзакциялардың шамамен 74 пайызы шетел валютасынсыз жүргізілетіні атап өтілді. Өткен жылы ЕАЭО аясындағы тауар айналымы кемінде 75-80 миллиардты (доллармен есептегенде) құрағанын ескерсек, оның кем дегенде 50 миллиарды есеп айырысуларда ұлттық валютада операциялар жасау арқылы басқарылғаны белгілі болды. Бірақ бұл арманның бізге тиер пайдасы аз. «Ұлттық валюталардағы есеп айырысу бізді Ресей рубліне байлап тастағанын әлі ұмытқан жоқпыз. Рубль еркін валюта, конвертацияланатын валюта болмағандықтан, қордаланып қалған рубль массасына бірдеңе сатып алмасақ, тауар айналымындағы балансты бұзып жібереді. Басқаша айтқанда, бізге ішкі долларсыздандырудан гөрі сыртқы долларсыздандыру қауіпті», дейді А.Олжаев.
Қаржы сарапшысы Ілияс Исаев АҚШ-тағы дефолт мәселесі де доллардың ұлттық валюталар алдындағы бәсін төмендете алмағанын айтады. Ұлттық валюта екі аяғын тең басып тұру үшін экономика кем дегенде он жыл тұрақты болуы керек, оның құрылымын өзгертпей бұған қол жеткізу мүмкін емес. Моноэкономикасы бар елдерде валютаны әртараптандыру тәуекелді азайтудың бірден-бір жолы екені сөзсіз. Ал керісінше, әртараптандырылған экономикасы бар мемлекеттер ғана ұлттық валютасының ертеңіне сеніммен қарай алады. Себебі ол елдерде басқа валюталарға деген қажеттілік жоқ.