Заң • 20 Маусым, 2023

«Масс-медиа туралы» заң: Жаңа тұжырымдамалық негіздер

1960 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтіп, онда «Масс-медиа туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасының призмасы арқылы медиа саласының даму тенденциялары тақырыбында өткен жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті.

«Масс-медиа туралы» заң:  Жаңа тұжырымдамалық негіздер

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, журналистика саласының ардагерлері, газет, телеарна мен ақпараттық агенттіктердің басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Асхат Аймағамбетов басқосудың «Масс-медиа туралы» заң жобасының жаңа тұжырымдамалық негіздерін таныс­тыруға арналғанын айтты. Депу­таттар алдында баяндама жасаған Ақ­парат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов заң жобасын әзірлеу ке­зінде министрлік Еуропа елдерінің озық тәжірибесі, БҰҰ мен ЕҚЫҰ стра­те­гиялық құжаттары жан-жақты зерттел­генін айтты.

«Заң жобасы сөз бостандығы құқы­ғын нығайтуға және қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қағидаттар мен мем­лекеттік кепілдіктерге негізделген. Жоба жаңалықтары бірнеше тақырыптық блок бойынша қалыптастырылған. Бірін­шіден, журналист мәртебесін көтеру. Екіншіден, мемлекеттік ақпараттық сая­сатты қаржыландыру тетіктерін реформалау. Үшіншіден, телерадио хабарларын таратуды дамыту», деді Қ.Ысқақов.

Сондай-ақ вице-министр журналистерге арналған баспасөз картасын енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, бас­пасөз картасы журналистерді ак­кредиттеу үдерісін жеңілдетуге ық­пал етіп, ақпарат алуына және тара­­туына ешқандай кедергі келтір­мейді. Керісінше, карта БАҚ өкілде­рінің жұ­мысын ынталандырып, оңтайландыруға бағытталған.

Отырыста заң жобасы бойынша қоғам қайраткері, журналист Серік Сарыбаев, «Media Net» халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары Думан Смақов, «Әділ сөз» Қоғамдық қорының өкілі Қарлығаш Жаманқұлова, «Сырым елі» саяси газетінің редакторы Бауыржан Шимерденұлы сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи, Аманжол Әл­таев, Жұлдыз Сүлейменова, Анас Бақ­­қожаев, Таңсәуле Серіков, Жар­қынбек Амантайұлы заң жобасын әзірлеу­шілерге сұрақ қойып, пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне мәр­тебе беріп, баспана мәселесін шешу мүм­кіндіктерін қарастыруды ұсынды.

«Қазіргі күннен бастап Отбасы банк, сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен тікелей келісіссөздер жүргізу қажет. Қалай және қандай бағытта енгіземіз? Үйді қанша пайызбен алу мүмкіндігіне ие болады? Өйткені журналистерді категория ретінде тек 2019 жылы қабыл­дан­ған «Алматы жастары» сияқты бағдарламада пысықтаған болатынбыз. Қазір барлық әлеуметтік желіде қатысып отырған журналистер «бір күнде бізді категорияға енгізеді» деп ойламауы қажет. Өйткені әрбір мамандықты категорияға қосу мүмкін емес», деді Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ жиында заң жобасын әзірлеушілер мемлекеттік БАҚ-та еңбек ететін қызметкерлердің жалақысы 2023 жылы – 30, 2024 жылы – 30, 2025 жылы  20 пайызға артатынын айтты. Жалпы алғанда, қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң 1999 жылы қабылданған, оған 40-тан астам өзгерту мен толықтыру енгізілген. Осы заң жобасы арқылы БАҚ заңнамасы 35 пайызға жаңартылады.

Отырысты қорытындылаған Асхат Аймағамбетов Мәжіліс бұл заң жобаларын енді жұмысқа алғанын айтып, алдағы уақытта талқылауға құзырлы орган өкілдерінің барлығын белсенді қатысуға шақырды.