Тілеп Аспантайұлы атындағы жеке қайырымдылық қордың басшысы, кәсіпкер Сапар Ысқақов осы шаруаның бір шетін көтерісу мақсатында 2020 жылы Амангелді ауылының іргесінен көп функциялы туристік кешеннің құрылысын бастаған. Жоба бойынша мұнда 2024 жылдың соңына дейін Мысыр пирамидалары, Үндістандағы Тәж Махал кесенесі, Мексикадағы мая тайпасының мәдени орталығы саналатын Чичен Ица пирамидасы, Париждегі Салтанат қақпасы, Пальмира амфитеатры сияқты әлемнің ғажайып сәулет құрылыстарының үш есе кішірейтілген үлгілері, сондай-ақ «Ұлт жады» тағзым қабырғасы, «Торғай геоглифтері» туристік орталығының ғимараты, «Дешті Қыпшақ» музейі, Сақ саунасы, «Самұрық» ашық бассейні сияқты 12 нысан бой көтермек. Көлемі 7 гектар аумақты алып жатқан кешеннің Испаниядағы әйгілі Альгамбра сарайына ұқсайтын мейрамханасы мен қонақүйі бар. Туристер осы жерде демалады. Мұның сыртында, саяхатшылардың Торғай геоглифтерін тамашалауына мүмкіндік беретін шағын тікұшақ әуежайын салу жоспарланып отыр. Өйткені құс ұшар биіктен ғана анық көрінетін геоглифтерге қызығушылар көп.
Кешен аумағындағы Чичен Ица пирамидасы үлгісіндегі мемориал былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында ашылған. Бұл ғимараттың ішіне, Ұлт ұстазынан бөлек, Шақшақ Жәнібек, Қошқар батыр, Иман батыр, Жәуке батыр, Кейкі Көкембайұлы, Амангелді Иманов, Ыбырай Алтынсарин, Әбдіғапар хан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бірімжанов сынды Торғай өңірінде дүниеге келген 12 тарихи тұлғаға мәрмардан белгі қойылып, әр ескерткіштің астына марқұмдардың басынан әкелінген топырақтары салынған.
Биыл қыркүйек айына жоспарланып отырған Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясында «Ұлт жады» қабырғасы ашылады. Бұл нысан екі үлкен қабырғадан тұрады. Бірінші қабырғаға әлемнің әр түкпірінде жатқан 100 тұлғаның ескерткіш тақтасы орнатылған. Әр тақтаның астында жарты кірпіштің көлеміндей ұяшықтар бар. Ол ұяшықтарға қазіргі Қазақ мемлекетінің қалыптасуына негіз салған сонау сақ, ғұн, түркі дәуірінің патша-қағандары мен баһадүр батырларынан бастап бертінге дейінгі тарихи тұлғалардың жатқан жерлерінен әкелінген бір уыс топырақ салынған. Мысалы, Мөде қағанның топырағы Солтүстік-батыс Қытайдан, Бумын, Білге қағандардың топырағы Моңғолиядан, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың топырағы Дамашықтан, Алаш арысы Ғазымбек Бірімжановтың топырағы Мәскеуден әкелінген. Екінші қабырғада Қазақстан аумағында жерленген ұлт мақтаныштарына ескерткіш тақта орнатылған. Екі қабырғаны бөліп тұрған стелланың ұшар биігіне «Алтын адамның» мүсіні қойылады.
– 2014 жылы сонау көне замандардан бергі кезеңдегі тарихтан өзімізге белгілі ұлы бабаларымыздың бәріне ортақ үлкен бір мемориалдық ескерткіш орнату туралы ой келді. Осылайша, экспедициямызды Алтайдан бастадық.
Түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы екеуміз Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк бабаларымыздың ескерткіштерінен бастап күллі Моңғолияны араладық. Одан кейін келесі жылы Еуропаға кеттік, содан не керек, пандемияға дейін 6 жыл бойы экспедицияда жүрдік. Осы алты жылдың ішінде 50 шақты елде болыппыз. Бабаларымыздың сүйегі қалған жерлер. Осылайша, Еуропа, Азия, Африка, Америка мен Қазақстан аумағындағы ұлы бабаларымыз жатқан жерлерден арнайы капсуламен топырақ әкелінді. Амангелді ауылындағы «Ұлт жады» тағзым қабырғасына бабаларымыздың есімдері жазылған қара түсті «габро» ескерткіш тақталар орнатылып, астына жаңағы капсулалар салынды. Мұндай бірегей нысанның Қазақстанда ғана емес, әлемде теңдесі жоқ. «Алматының түбінен неге салмадыңыз? Адам көп келетін еді ғой» деген кісілер де болды. Әрине, өйтуге де болады, оның шығыны да аз болатын еді. Амангелді шалғай жер, солай бола тұра, бұл жерде де өндіріс ашылып, мәдениеті, туризмі даму керек қой. Мен сол туризмді өзіме алдым. Ендігі бір мәселе, бұл өңір кішкене бағы ашылмаған жер. Торғай облысы екі рет ашылып, екі рет жабылды. Қаншама ел көшіп кетті. Сондықтан осы өлкенің еңсе көтеріп, дамуына шамам жеткенше үлес қосайын деген ниетпен осы жобаны қолға алдым. Бәлкім туристер келер, дейді Сапар Ысқақов.
Биыл кешен аумағына үш мыңнан аса әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылыпты. Жас ағаш тамыр алып, бір бойлап кетсе, салынып жатқан нысандардың айналасы жасыл саябаққа айналатын түрі бар. Оның сыртында, мұнда қазір үлкен ашық бассейн, су арналарының құрылысы да қызып жатыр.
Аудан басшыларының айтуынша, ауылдың іргесінде салынып жатқан туристік кешен бұрын-соңды ешбір жерде болмаған бірегей нысан болып табылады.
– Мұнда қазір төрт ғимараттың құрылысы толық аяқталып тұр. Шындығына келсек, өз басым Сапар ағаның қажыр-қайратына қайран қаламын. Бүгінде екінің бірі ол кісіге ұқсап қиянда жатқан ауыл гүлденсе екен деп қыруар қаржысын шығындап, сонау Астанадан құрылыс материалдарын тасып, мынадай күрделі кешен салуға тәуекел жасай алмайды. Кешен аумағына орналасқан әр нысанның өзі бір керемет дүние болайын деп тұр. Мысалы, «Ұлт жады» қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған тарихи тұлғалардың көбін өзіміз де білмейді екенбіз. Сол жерден оқыған соң, әрі қарай қызығушылығымыз оянып, интернеттен ол тұлғалар туралы деректерді іздеп тауып, тарихқа қанығып жатырмыз. Болашақта бұл кешен сырттан келетін туристерге ғана емес, осы аудандағы мектеп оқушыларына да көп пайда тигізеді деп ойлаймын. Мұнда тарих, жағрапия, әдебиет және тіл пәндері бойынша мазмұнды ашық сабақтар өткізуге болады, –дейді аудан әкімінің орынбасары Малшыбай Қаласов.
Туристік кешеннің кіреберісіндегі дәмхана мен қонақүйдің құрылысы да бітіп тұр. Сапар Ысқақов қалған нысандарды алдағы 3 жылдың ішінде салып бітіріп, ауыл тұрғындарының игілігіне тапсырсам ба деп отыр. Әрине, оған үлкен қаржы, табанды еңбек керек. Құны 3 жарым млрд теңге болатын туристік кешеннің құрылысына кәсіпкер бүгінге дейін 1 млрд теңгенің сыртында қаржы жұмсаған. Кешен құрылысы толық аяқталып, туристік хаб ретінде іске қосылса, мұнда 40-50 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Қостанай облысы