Кәсіпкер • 22 Маусым, 2023

Кәсіпкерлікке – кең өріс

1182 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен осыдан екі жыл бұрын экономика, өнеркәсіп, қаржы, әлеуметтік және басқа да салалар бойынша сомасы 36 триллион теңгені құрайтын 10 Ұлттық жоба әзірленді. Оның ішінде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Қауіпсіз ел» және «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» мен «Кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі» жобалар енген еді.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Аталған жоба аясындағы бас­ты мәселе 5 жылда сол сала­ны­ дамытып әрі белгіленген нақ­ты міндеттердің орындалуы қажет. Соның ішінде бизнес сала­сы бойынша кәсіпкерлікті да­мыту жөніндегі ұлттық жоба төңірегінде атқарылып жат­қан істерге тоқталып өтсек. Ұлттық жобадағы ша­ғын­ және орта бизнестің бәсе­ке­лес­тікке қабілеттілігін қалып­тас­ты­руда және кәсіп­кер­лердің эконо­ми­ка­лық бел­сен­ділігін арттыруда 4 бағыт қарас­тырылған.

 «Ұлттық жоба» бойынша жаңа бизнес-идеяға 400 АЕК көлемінде грант берілуі және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жаңа инновациялық бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңге көлеміне дейін грант бөлу көзделген болатын.

Мемлекеттік грант туралы тағы бір айтып өтсек, бұл жаңа бизнесті бастау әрі дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын адамдарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыс­пен қамтамасыз етуге­ мүм­кін­дік­ береді. Ал осы тұрғ­ы­да грант тұтынушылық мақ­сатқа, кре­диттік қарызды өтеуге, жыл­жы­майтын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейтіндігін ескерген жөн.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасында 2025 жылға дейін ішкі жалпы өнім шағын және орта кәсіпкерлер үлесін 35%-ға дейін жеткізіп, туризм көлемі 8,4 трлн теңгеге дейін өсуді, мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендетіп, азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орна­ластыру – 1,7 млн адам, халық­ты жұмыспен қамтуға жәрдем­десу – 3,5 млн адам, табы­сы ең төменгі күнкөріс дең­гейіндегі ауыл халқының үле­сін­ 6,5%-ға азайту – жоспардағы іс.

Бұл ретте «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы» Даму «Кәсіп­керлікті Дамыту Қоры» АҚ 2021 – 2025 жылдарға арнал­ған­ кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының қаржы опера­торы екендігін ескерсек, кәсіп­керлік субъектілер қол­дау­сыз­ қалмайтындығы анық.

Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде Экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен жылдың есебін қорытындылай келіп, 50 мыңға тарта жоба мемлекеттік қолдауға ие болғандығын, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа­ бизнес-идеялар бойынша­ мыңға тарта жоба грантқа қол жеткізіп, бұдан өзге 33,4 мың­ адам кәсіпкерлік негізде білім алғандығын, 200 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34%-ға жеткендігін, кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн, сонымен қатар шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 3,5 млн адам құрағандығын айтқан еді.

Аталған жобаға байланысты биылғы жылдың басынан жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға 3 600 грант беріліп, жыл соңына дейін 9 000 грант бөлу жоспарланып отыр. Екінші кезең бо­йынша мемлекеттік гранттарға өтінімдер мамыр айының 15-26 күндері аралығында қабылданып, өтінімдерді қа­рау жөніндегі комиссия өз жұ­мы­­сын аяқтады. Бүгінгі күні келі­сім­шартқа отыру және грант алу­шыларға қаражат аудару үдерісі жалғасып жатыр. Бұл жолы өтініш берушілер саны 26,9 мыңнан асып, оның ішінде көп балалы отбасылардан – 16,1 мың, мүгедектер – 4,8 мың, мүгедек баланы күтушілерден – 3,3 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 1,3 мың өтініш түскен. Ең көп өтініш білдірушілер саны өңірлер арасында Түркістан – 6,1 мың, Жамбыл – 3,1 мың, Шымкент қаласы – 2,9 мың, ал саны жағынан ең аз аймақ Ұлытау – 210 және Ақмола 324 болды.

Жалпы, грант алуға үміт­керлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық немесе қалалық комиссияның шешімі негізінде жұмыспен қамту орталықтары айналысып, бизнес-жобаны комиссия отырысына ұсынады. Осы орайда комиссияның әрбір мүшесі ұсынылған бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын іске асыру жағдайын қарастыруға тиіс. Комиссия мақұлдаған жағдайда өтініш беруші банктік деректемелерді ұсынып, келі­сімге қол қояды. Содан соң бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы тоқсан сайын есеп беріп, шартта көрсетілген негіздердің барлығын жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ электронды түрде іске асыра алады.

Сонымен бүгінде бес жылға межеленген жоба аясын­да атқарылған біраз ауқымды істер­ге­ қарағанда, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау әрі қарай ел игілігі үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігіне кәміл сенім бар.

 

Соңғы жаңалықтар