Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарының, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп жатқан Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы талқыланған жиынға Президент Әкімшілігінің қызметкерлері Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, дипломатиялық миссиялар өкілдері, сарапшылар, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.
Мемлекеттік органдардың, полиция мен қоғамның сындарлы ынтымақтастығы негізінде құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру тәсілдерін талқыға салған форумды Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ашып, Мемлекет басшысы сервистік модельге көшу барысында қылмысқа қарсы күрестің ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін арттырудың да маңыздылығын атап өткенін айтты. Осы тапсырманы іске асыру үшін ІІМ құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді жүйесін құрудың іргетасы болатын тұжырымдама жобасын әзірледі. Марат Ахметжанов құқық бұзушылықты болдырмау үшін негізгі бес қағиданы атады.
– Біріншісі – серіктестік және ортақ жауапкершілік. Қазіргі заманғы қоғамдық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге тек бірге қарсы тұруға болады. Екіншісі – қылмысқа әкелетін себептер мен жағдайларды жою. Орын алған жағдайларға жауап беру жалғыз modus operandi (әдеттегі әрекет тәсілі) болмауы керек. Қылмыстың себептері мен жағдайларын анықтау және проблемаларды шешу үлкен бірлескен күш-жігерді қажет етеді. Үшіншісі – қылмыстық сот төрелігінің тиімділігі. Полиция, прокуратура және соттар жұмысындағы әділеттілікке баса назар аудару керек. Адамдар бұл үдеріске сеніп, оны әділ деп санаса, олар құқық қорғау органдарының заңдары мен шешімдерін сақтауға бейім. Төртінші – құқық бұзушылық құрбандарын кешенді қорғау. Бұл қылмыстардың зиянын азайтуға ықпал етеді және қайтадан құрбандыққа түсуден сақтайды. Бесіншісі – сараптау мен құзыреттіліктің жаңа деңгейін жасауымыз қажет, – деді министр.
Жиында сөз алған Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов ІІМ тарапынан дайындалған тұжырымдаманың маңызын атап өтіп, оны жүзеге асыру тек полицияның ғана міндеті емес екенін жеткізді. «Бұл міндетті Ішкі істер министрлігі жеке-дара шеше алмайды. Оған қоғам болып жұмылу керек. Министрлік осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіруші ретінде қызмет етеді. Ал проблемаларды шешуге барлық мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам атсалысуы керек», деді ол.
Сондай-ақ форумда Бас прокурор Берік Асылов, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Даниэл Розенблум да сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Айта кетейік, бұл форум еліміздегі АҚШ елшілігінің қолдауымен өткізілді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов маңызды құжатты талқылауға арналған жиынның өтуіне атсалысқан елшілік ұжымына алғысын білдірді.
«Бүгін әңгіме арқауына айналып отырған тұжырымдама – өте маңызды бастама. Ол барлық мүдделі тараптардың өзара әріптестігі негізінде жүзеге аспақ. Полиция мен қоғам арасындағы тығыз байланыс, олардың өзара сенімділік танытуы тек Қазақстан үшін емес, АҚШ үшін де аса маңызды. Егер полиция халық алдында сенімін жоғалтса, бұл өз залалын тигізеді. Құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы сенімді нығайту полицияның халықты қорғау тиімділігін арттырады», деді Даниэл Розенблум.
Форум аясында «Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі стратегиялық пайым», «Халықаралық стандарттар және үздік тәжірибелер» және талқылау сессиялары өтіп, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, Әкімшілік полиция комитеті, Кадр саясаты департаментінің басшылары, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар сөз сөйледі. Олар ведомствоаралық өзара іс-қимыл және әріптестік, полицияның жұмысын жетілдіру мәселелерін талқыға салды. Шетелдік сарапшылар қылмыстың алдын алудың әлемдік стандарттары, халықпен әріптестіктің практикалық тәсілдері, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оларға көмек көрсетудің заманауи тәсілдері, тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі туралы айтып берді. Тұжырымдаманы іске асыру құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құруға және әділетті Қазақстанды тұрақты дамытатын берік іргетас қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.