
Жиында алғаш болып сөз алған Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Аида Балаева әйелдерге тиісті жағдай жасау, олардың құқығын жұмыста да, отбасында да бірдей қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.
«Қазір мемлекеттік қызметте жүрген әйелдер білікті және тәжірибелі кәсіби маман ретінде өзгелерге үлгі бола отырып, оларды ілгерілетуге үлестерін қосулары керек. Өкінішке қарай, бүгінде адал, әділ мемлекетшілдік бейнеге деген сенім азайған және бұл негізсіз емес. Сондықтан біз әрбір мемлекеттік қызметшінің және тұтастай алғанда мемлекеттік қызметтің имиджіне теріс ықпал ететін барлық жағымсыз жағдайды болдырмау бағытында жұмыс істеуіміз керек. Бұл Президенттің бастамасымен басталған саяси реформаларды жүзеге асыруға бар күш-жігерді салып, сенімге нұқсан келтіретін кез келген фактілерге мүлдем төзбеушілікті қажет етеді», деді Аида Балаева.
Сондай-ақ жиын модераторы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудағы әйелдердің маңызды рөліне тоқталып, тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйелдердің әлеуетін кеңінен пайдалану – тұрақты дамудың кепілі екендігін атап өтті.
Жалпы, қазір меритократия қағидатына сәйкес елімізде кез келген мемлекеттік қызметші гендерлік ерекшелігіне қарамастан, өзінің тәжірибесіне, қабілеті мен кәсіптік дайындығына сәйкес мансап құра алады. Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде «адами фактордың» әсерін толығымен жоятын іріктеудің толық цифрлық негізіне кезең-кезеңімен көшу басталды. Жаңа іріктеу жүйесі тең бәсекелестік пен ашықтық қағидаттарында жынысына қарамастан кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы, Әдеп жөніндегі комиссияның мүшесі Бибігүл Нұрашеваның айтуынша, биыл мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытына мониторинг жүргізу үшін нормативтік-құқықтық база толығымен реттелген. Енді бала тәрбиелеп отырған аналар қашықтан және икемді жұмыс уақыты режімінде жұмыс істей алады.
«Баласы бар әйелдерге толықтай немесе жартылай қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ол үшін кадр бөліміне өтініш жазулары қажет. Сондай-ақ қазір біз жұмыс кеңсесінің ішінде емізулі баласы бар әйелдерге жағдай жасау бойынша бірқатар ұсыныс жасап отырмыз», деді Бибігүл Нұрашева.
Конституциялық соттың судьясы Айжан Жатқанбаева «БҰҰ ережесіне сәйкес гендерлік теңдік ұлттық басымдықтың бірі болуы керек», деген пікірін білдірді.
«Конституциялық сотқа келіп түсетін өтініштер көп, алайда олар гендерлік теңдікке қатысты емес. Өйткені елімізде мемлекеттік қызметке қабылданатындарға тең мүмкіндік берілген. Егер бірқатар салада ерлер ғана жұмысқа алынып жатса, ол алдымен мамандықтың және жұмыстың ерекшелігіне байланысты. Мәселен, жұмыстың басым бөлігі кеңседе емес, түрлі орындарды аралап, үнемі іссапарда болса немесе жұмыс уақыты қолайсыз болған жағдайда көбіне ер адамдарды қабылдайды. Сондай-ақ елімізде әйелдердің қарым-қабілеті мен мүмкіндіктеріне шектеу қоятын мамандықтар жоқ», деді Айжан Жатқанбаева.
Көп жыл бойы ротация мәселесі мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардағы әйелдер арасындағы өзекті мәселелердің бірі болды. Ал енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер басқа елді мекенге ауысуға ниетті қызметкер жүкті әйелдер, көпбалалы немесе жалғызбасты ана, сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған әйел санатына жатса, ротацияны іске асыру тек әйелдің келісімімен ғана мүмкін болады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте 83 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Оның 46 мыңнан астамы – әйел, яғни мемлекеттік аппараттың 55 пайызын нәзік жандар құрап отыр. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 40 пайызға жуық. Оның ішінде 3 министр, 28 Парламент және 138 мәслихат депутаты, 5 облыс және 74 аудан әкімдерінің орынбасары, 5 аудан әкімі, 4 елші және 1 генерал әйел бар.
Жалпы, қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласады. Алайда сарапшылардың айтуынша, басшылық қызметте көш бастаған әйелдер аз. БҰҰ-ның мәліметіне зер салсақ, Үкіметтегі әйелдердің үлесі – 4, Сенатта – 18, Мәжілісте – 27, мәслихаттарда 30 пайызды құрайды. Ал қала және аудан әкімдерінің 1,5 пайызы ғана әйел, облыс әкімдері тіпті 0 пайыз. Ғылым саласында – 53,4, судьялар құрамы – 51, МЕҰ және кәсіподақ басшылығында – 32,3, шағын және орта бизнесте – 43, полицияда – 14,6, әскери салада – 10, корпорация басшылығында – 3, шаруа қожалығы басшылығында – 20 пайыз.
Іс-шараға Конституциялық сот өкілдері, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы әйел басшылар, аудан және ауыл әкімдері, Әдеп жөніндегі уәкілдер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев диалог алаңында айтылған идеялар мен ұсыныстар шешімдер қабылдау және мемлекеттік саясатты қалыптастыру барысында ескерілетінін айтты.