Қоғам • 26 Маусым, 2023

Ұлт ұстазын қалай ардақтап жүрміз?

1856 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының есімін Қостанай қаласындағы халықаралық әуежайға беру туралы шешім қабылданды. Одан кейін А.Байтұрсынов атындағы жергілікті университеттің басшысы жоғары оқу орнының атауы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет» болып өзгерді деп сүйіншілеп еді. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, өкінішке қарай, еш өзгеріс жоқ.

Ұлт ұстазын қалай ардақтап жүрміз?

Әуежай атауы қашан өзгереді?

Таяуда аэровокзал мен перрон ғимаратын қай­та жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыс­тар­дың нәтижесінде аэровокзал алаңы 5,2 мың шар­шы метрден 8,7 мың шаршы метрге дейін ұлға­йып, сағатына 250 жолаушыны қабылдайтын мүм­кіндікке ие болады. Бірден 7 рейс қабылдайды, ұшу географиясы кеңейеді. Жолаушыларға қызмет көр­сету сапасы жақсарады.

Алайда қала тұрғындары әуежай ғимаратының маңдайшасына «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әуежай» деген жазу жөндеу жұмыстарынан кейін де орнатылмай қала ма деп қауіптенеді.

– Үкімет әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы қаулы шығарғалы бір жыл болды. Бірақ оған әуежай асығар емес. Кеше Астанадан ұшып келдім. Стюардесса бала: «Біз Қостанай қаласының халықаралық әуежайына қондық», дейді. Мен шығып бара жатып «Балам-ау, әуежайдың атауын неге қате айттың? Ұлтымыздың ұстазы Ахмет атаңның есімі не үшін берілді?» дедім. Ештеңе түсінбеген қалпы қала берді. Яғни қаулы қабылданды, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Сонда не үшін соншама даурықтық? Сол ұшақта бәленбай ұлт ұшып келді. Соларға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әуежай деп айтсақ, ол өз абыройымыз емес пе? 2018 жылы Чехия мемлекетіне бардым. Ұшақ Прагаға қонғанда Вацлав Гавел атындағы халықаралық әуежайына қондық деп хабарлады. Міне, өзге жұрт өз ұлыларын әлемге тұлға етіп көрсетіп, ардақтап жатыр. Біз қашан осыны үйренеміз? – дейді өңірдің құрметті ақсақалы, әйгілі «Шолақсай» шаруашылығының негізін қалаған еңбек ардагері Өмірзақ аға Ихтиляпов.

Әуежай басшылығына бірнеше күн қатарынан қоңырау шалып едік, арғы беттен телефон тұтқасын көтерген жан болмады. Бәлкім бір игі өзгеріс көріп қалармыз деген үмітпен аэропорттың «airkst.kz» сайтына да кіріп көрдік. Өкінішке қарай, мұнда Ақаң да, Ақаңның тілі де жоқ болып шықты. Мемлекеттік тілді менсінбейтін сайтта ақпараттың бәрі орыс тілінде ғана берілген.

 

Университет «ов»-тан қашан құтылады?

Былтыр Астанадан «Ақаң жүріп өткен жолмен» экспедициясы келгенде Ахмет Байтұрсынов атындағы өңірлік университеттің ректоры Сейітбек Қуанышбаев: «Бүгін өздеріңізбен бөлісетін үлкен қуанышымыз бар. Біз осы күнге дейін барлық құжатта Ахмет Байтұрсынов атындағы университет деп көрсетіліп келсек, ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында қабылданған шешімге сәйкес, енді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет болып өзгеріп, «ов»-тан құтылдық. Кеше құжаттарды қайта ресімдеу жұмысы басталды», деген еді.

Содан бері 8 ай өтті. Эмоцияға берілген ректор байқамай өтірік айтып қойды ма, әйтеуір аталған білім ордасының бірде-бір құжаты қайта ресімделмегені анық. «Біз жұмыс бағдарламасы, силлабус, өзге де құжаттарға Байтұрсынұлы деп жазып жатқан жоқпыз. Өтінішке де Байтұрсынов атындағы деп жазамыз. Байтұрсынұлы десек, қате деп қайтарып жібереді. Бұл енді қашан өзгеретінін білмейміз», дейді ұстаздар.

Аталған университеттің профессоры Қалқаман Жа­қып ағамыздың айтуынша, өткен жылы 18 қыр­кү­йекте университеттің кеңейтілген кеңесінде қабыл­данған шешім кейін Оқу-ағарту министрлігіне жі­бе­­рілген.

– Қазір біз министрліктің жауабын күтіп отырмыз. Мәселе бізге байланысты емес. Енді алдағы оқу ж­ы­лы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні 5 қыр­кү­йектің қарсаңында бір жауап келіп қалса, жақсы бо­лар еді деп үміттеніп отырмыз, – деді Қалқаман Жақып.

Оқу-ағарту министрлігінен сегіз айдан бері жа­уап­ жоқ. Ең құрығанда, ЖОО бас ғимаратының маң­­дай­шасындағы «Университет» А.Байтұрсынов атын­дағы» деген тұрлаусыз сөйлемді өзгертуге құл­қы­ жоқ университет басшылары да «жауап келмеді» деп­ жайбарақат отыра беретін сыңайлы.

 

Мұрал ма, мазақ па?

Қостанай қаласының «Әуежай» шағын ауда­нын­да­­ғы №25 тұрғын үйдің қабырғасындағы мұралға Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі салыныпты. Ша­шы,­ көзілдірігі мен сақалы ғана Ақаңа келеді деме­се­­ңіз, жай әншейін карикатураға ұқсатып домбайлап са­ла салған бірдеңе.

Жанымыздан өтіп бара жатқан тұрғынның бірі­нен­ «Мынау кім?» деп сұрап едік, таң кейіппен: «Ах­мет Байтұрсынұлы», деді. «Ұқсамайды ғой» деген­ уәжімізге: «Енді сәл ұқсатқан, астындағы жазу­ды оқысаңызшы», деп жауап қатты. Мұралда бас­қа емес, ұлт ұстазының өзі бейнеленгенін ас­тын­да­ғы «Ахмет Байтұрсынұлы. 150 жыл» деген латын қар­пімен әдіптелген жазуды оқып барып қана көз жет­кізген соң, «Құдай-ау, Ақаңның тірісінде көрген аза­бы аз болғандай, енді мазақтауға көштік пе?!» де­ген күйік өзекті қарып өтті.

Мұралды суретке түсіріп алып, жергілікті су­рет­ші Кәкен Күсеновке көрсетіп едік, ол кісі: «Ахмет Байтұрсынұлы секілді аяулы тұлғалардың порт­ре­тін­ екінің бірі салып, оны көпшілікке жария етіп, жар­на­малап жүр. Бұған тыйым салатын уақыт келді. Бү­тін Алашқа белгілі тарихи тұлғалардың суретін ар­найы комиссияның рұқсатымен ғана салатындай етіп арнайы заң қабылданғаны абзал. Олай бол­ма­ған жағдайда, мұндай мазақ суреттер көбейе береді», деді.

 

Қостанай