Жалпы педагог кадрлардың кәсіби құзыретін көтеру проблемасын екі бағытта қарастыру керек: педагог кадрларды дайындау және мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеру. Дамыған елдің бәрінде педагог кадрлар дайындау мәселесі аса маңызды мемлекеттік проблема болып саналады және оған ерекше көңіл бөлінеді. Әлемге кеңінен танымал «McKinsey&Company» компаниясы оқушылардың білім сапасының мұғалімдердің құзыреттілігіне тәуелділігін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында ауқымды тәжірибе жүргізген. Соның нәтижесінде 8 жастан бастап 11 жасқа дейін үш жыл бойы кәсіби құзыреті жоғары және төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың білім сапасының айырмашылығы 53 пайызды құрайтыны анықталған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде 11 жаста үлгерімі нашар болған, яғни кәсіби құзыреті төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың тек 25 пайызы ғана 14 жасқа толғанда меңгеруге тиіс стандарт талаптарына сай білім ала алған, ал 75 пайызы ондай деңгейге жете алмапты.
Біз Қазақстан мен білім сапасы озық елдерде педагог кадрлар дайындау жолдарын салыстырмалы түрде талдап, онда 6 айырмашылық бар екенін байқадық. Елімізде соңғы жылдарға дейін педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге көбінесе мектепті орташа аяқтаған түлектер барған; оқу орындарында тәжірибеге емес, теориялық білім беруге көп көңіл бөлінген; жас мұғалімдерге тағайындалған тәлімгерлер формалды түрде жұмыс істеген. Ал дамыған елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы бітірген түлектер қабылданады. Мысалы, Оңтүстік Кореяда алғашқы 5 пайызға, Финляндияда – 10 пайызға, Сингапур мен Гонконгте 30 пайызға кірген түлектер қабылданады. Олардың педагогикалық мамандыққа бейімділігі анықталады, яғни тіл және математикалық сауаттылығының жалпы деңгейі, жақсы қарым-қатынас жасау дағдысы, оқуға ынтасының болуы секілді қасиеттер сараланады. Өкінішке қарай бізде бұл жұмыс формалды түрде жүргізіледі. Кей елдің оқу орындарында 1-курстан бастап білім тәжірибеге бағытталып беріледі. Бастауыш мектептерде негізінен магистранттар сабақ беретін болғандықтан, бакалавр курсын жақсы аяқтағандар магистратураға қабылданады. Магистр-мұғалімдер мектепке жұмысқа келгенде олар қоғамдық комиссия алдында сынақтан өтеді. Онда олардың бойындағы жақсы ұстаз болуға қажетті қасиеттеріне баға беріледі. Жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімдерге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Мұғалім еңбегінің ерекшелігі, ол әдетте жалғыз өзі жұмыс істейді, бұл оларды бір-бірінен үйрену мүмкіндіктерінен айырады. Тәжірибелі тәлімгер оларға сабақ берудің барлық қыр-сырын үйретеді, жеке сабақ беруге дайындайды.
«McKinsey & Company» компаниясының ғалымдары «Мектепте оқытудың жоғары деңгейіне қалай жетуге болады?» деген тақырыпта әлемнің 25 елінің, «Мектептегі білім берудің ең үздік жүйелері қалай жетіле түседі?» деген тақырыпта 20 елдің білім беру жүйесін зерттеген. Осындай зерттеулердің негізінде мұғалім еңбегіне қатысты төмендегідей қорытындылар жасаған. Оқушылардың білім деңгейі мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің білім деңгейінен жоғары болмайды. Білім беру нәтижесін жақсартудың бірден-бір жолы – оқытуды жақсарту. Мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтерудің тиімді және әртүрлі жүйесін енгізу керек. Кадр таңдауда бір ғана қате шешім қабылданатын болса, онда балаларға 30-40 жыл сапасыз білім беріледі.
Мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтерудің тиімді жүйесі туралы айтқанда, оның 4 тәсілі бар екенін анықтаған. Олар – педагогикалық білім берудің ерте кезеңінде практикалық дағдылар қалыптастыру; мұғалімдерге қолдау көрсету үшін мектептегі тәлімгерлікті ұйымдастыру; жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту; мұғалімдердің бір-бірінен үйренуі үшін жағдай жасау. Жақсы жүйелердің көпшілігі осы тәсілдердің екеуін не үшеуін бір мезгілде қолданады. Олардың тиімді түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Сонда ғана табысты нәтижеге қол жеткізуге болады.
Бізде мұғалімдердің құзыретін көтеру жұмысымен олардың кәсіби деңгейін көтеру мекемелері шұғылданады. Олар мұғалімдерді жинап, оларға дәріс оқып, семинарлар өткізу әдісіне басымдық беріп келеді. Әлемдік тәжірибе бұл тәсілдің оқушылардың білім деңгейін көтеруге тиімді болмайтынын көрсетіп отыр. Себебі сырттан берілген идеялар мұғалімнің сабақ беру деңгейін көтеруге жақсы көмек болады деген түсінік іс-әрекет теориясы тұрғысынан жалған болып есептеледі. Сондықтан ол елдерде мұғалімдердің бір-бірінен үйренуіне жағдай жасалған және өзара тәлімгерлік жұмыстар атқару мектеп өмірінің қалыпты және тұрақты жағдайына айналған.
Әлемнің 79 елі қатысқан білім сапасын анықтайтын халықаралық PISA 2018 зерттеуінде қазақстандық оқушылар 69-шы орынды иеленді. Әрине бұл төменгі көрсеткіш. Оқушылардың жақсы білім алуы ұстаз құзыретіне тәуелді екені жоғарыда айтылды. Осыған байланысты кейбір статистикалық фактілерге көңіл аударайық. 2019 жылдың есебі бойынша, Түркістан облысының мектептерінде 62 мыңнан аса мұғалім еңбек еткен. Сол мұғалімдердің 60 пайызы сырттай оқыған, ал 70 пайызы жекеменшік оқу орындарында білім алған.
Дамыған елдерде хирург операция жасауға қалай дайындалатын болса, мұғалім сабақ беруге де солай дайындалуы керек деген түсінік бар. Бұл сабақ берудің жауапкершілігі мен мұғалімнің білім деңгейіне қойылатын талапты көрсетсе керек. Біз болашақ хирургті сырттан оқытып, операция жасауды үйрете алмайтын болармыз. Олай болса «жауапкершілігі осынша жоғары болатын мұғалімді сырттан оқытып, оған қаншалықты жақсы білім бере аламыз?» деген орынды сұрақ туындайды.
Елімізде жақсы ұстаздар дайындау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. 120 жоғары оқу орнының басым бөлігі мұғалімдер дайындайды. Олардың сапасының төмен екені туралы БАҚ-та аз жазылған жоқ. Құзыретті педагог кадрлар дайындау мәселесінің ұрпақ келешегі, ел болашағы үшін ерекше маңыздылығын ескере отырып, әр облыста педагогикалық институт, не университет ашу керек. Ол бұрында болған тәжірибе. Бұл оқу орындары облыстық білім беру басқармаларымен тығыз жұмыс істей отырып, сол облыстың педагог кадрларға деген сұранысын және облыс мектептерінде жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің кәсіби деңгейін анықтап, барлық проблеманы бірге талқылап, оларды шешу жолдарын бірге ойластырғаны дұрыс.
Еліміз егемендік алған жылдардан бастап 30 жылдай уақыт бойы бірқатар объективті және субъективті себептерге байланысты орта мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің кәсіби деңгейі төмендей бастады. Оған негізгі себептер ретінде төмендегі жағдайларды айтуға болады: мұғалімдердің жалақысы төмендеді; мұғалім мамандығының қоғамдағы беделі түсе бастады; педагогикалық мамандықтарға ҰБТ нәтижелері бойынша орташа немесе одан төмен балл алған мектеп түлектері құжаттарын тапсыратын болды; педагог кадрларды даярлау сапасы төмендей бастады; кәсіби құзыреті жоғары мұғалімдер жоғары еңбекақы алатын басқа жұмыстарға ауысатын болды; мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі дұрыс жұмыс істемеді.
«McKinsеy&Company» компаниясының зерттеулері бастапқы еңбекақы деңгейінің мұғалім мамандығын таңдауға айтарлықтай әсер ететінін көрсетті. Мұғалім мамандығына деген қызығушылық пен оның қоғамдағы мәртебесі арасында өзара айқын байланыс байқалады. Мұғалім мамандығы жоғары мәртебеге ие болса, анағұрлым талантты адамдар мұғалімдікке келеді, бұл осы мамандық мәртебесінің одан әрі артуына ықпал етеді. Ал мамандық таңдауда шешім қабылдау үшін маңызды факторлардың бірі – мамандық мәртебесі. Демек, осынша уақыт бойы, еліміздің мектептеріне кәсіби құзыреті жоғары мұғалімдер өте аз келді. Тек соңғы жылдары ғана мұғалімдердің еңбекақысы көтеріліп, соның негізінде мұғалім мамандығының беделі жоғарылап, педагогикалық мамандықтарға ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары балл алған түлектер құжаттарын тапсыра бастады. Педагогикалық оқу орындарына түскен осы түлектер қажетті білім алып, тәжірибе жинап, жақсы мұғалім дәрежесіне көтерілу үшін кем дегенде 8 жылдай уақыт керек. Бұл да аз уақыт емес. Олай болса, қазіргі уақытта мектептерде жұмыс істеп жатқан мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру ең маңызды мәселелердің бірі болып тұр.
Қалыптасқан жағдайды саралай келе, жоғарыда көрсетілген мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру тәсілдерінің ішінен мектептегі тәлімгерлікті ұйымдастыру; жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту; мұғалімдердің бір-бірінен үйренуі үшін жағдай жасау тәсілдерін жүйелі түрде кеңінен пайдалану керек деп есептейміз. «McKinsey & Company» компаниясының ғалымдары өз зерттеулерінде «білім беру нәтижесін жақсартудың бірден-бір жолы – оқытуды жақсарту» деп қорытындылаған. Ол үшін мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтерудің тиімді және әртүрлі тәсілдерін жүйелі түрде қолдану керек.
Педагогика ғылымдары академиясы Түркістан облысының білім басқармасымен жасаған меморандум негізінде 2018-2019 және 2019-2020 оқу жылдарында мектеп, аудан және облыстық әдістемелік мекемелердің ішкі резервтерін пайдалану негізінде оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ауқымды тәжірибе жүргізді. Оған Төле би, Отырар, Ордабасы және Сайрам аудандарынан 40 мектеп, 3 мыңнан аса оқушы, 400-ге тарта мұғалім қатысты. Оның бір жаңалығы – ашық сабақтардың орнына ақылдасу сабақтарын өткізу. Оның мақсаты – ұстаздар қауымдастығын құрып, мұғалімдердің сабақтарды бірге дайындап, оларға қатысып, оларды ашық түрде талқылау. Бұл жаңалықты ұстаздар қауымы үлкен түсінушілікпен қабыл алды. 2019-2020 оқу жылында тәжірибеге қатысқан мұғалімдер 3 мыңнан аса ақылдасу сабағын өткізіп, оған 12 мың мұғалім қатысты. Тәжірибе нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби деңгейі көтерілді, оған қатысқан сынып оқушыларының білім сапасы қатыспаған сынып оқушыларына қарағанда, салыстырмалы түрде 4,5 пайыздан 9,5 пайызға дейін көтерілгені анықталды. Қысқасы, ақылдасу сабақтарын жүйелі түрде өткізу өз тиімділігін көрсетті.
Біз жетекші-тәлімгерді іріктеп алу және дамыту тәсілін өте тиімді пайдалануымыз керек. Қазіргі уақытта еліміздің барлық мектебінде ұзақ жылдан бері оқушыларға сапалы білім беріп келе жатқан танымал мұғалімдер жұмыс істейді. Оларды оқушылардың ата-аналары да ерекше құрметтейді. Бұл шынайы көрсеткіш, шынайы баға. Барлық мектептегі осындай мұғалімдердің тізімін дайындап, соларды жетекші-тәлімгер ретінде пайдалану керек. Мұндай мұғалімдердің саны жыл сайын азайып келе жатқанын ескеріп, бұл жұмысты жедел түрде қолға алу қажет деп есептейміз.
Қазіргі кезде тиісті біліктілікті алу үшін мұғалімдер қажетті құжаттарды тапсырады және тестілеуден өтеді. Тест нәтижелері бойынша комиссия тиісті шешім қабылдайды. Берілген біліктілік негізінде олардың жалақысына үстемақы қосылады: модератор-мұғалімге – 20 пайыз, сарапшы-мұғалімге – 30 пайыз, зерттеуші-мұғалімге – 40 пайыз, шебер-мұғалімге – 50 пайыз. Бұл – мұғалімдерді ынталандырудың жақсы тәсілі.
Біздіңше, теориялық емтиханның жөні басқа да, ал мектептегі жағдайда, яғни, сабақ кезінде әр баланың жақсы білім алуын қамтамасыз етудің жөні бөлек. Педагогика ғылымының алуан түрлі әдіс-тәсілін шынайы өмірде, яғни оқушыларға дәріс беру кезінде тиімді қолдана алған мұғалім ғана оқушыларға жақсы білім бере алады. Кейінгі жылдары мектептерге келе бастаған магистр атағы бар жас мұғалімдердің сабақ беру деңгейі оларды көп жетілдіруді қажет ететінін көрсетіп отыр. Бұл теориялық білім практикамен ұштастырылған жағдайда ғана жақсы нәтиже беретінін тағы да дәлелдеп тұр. Осы жағдайды ескере отырып мұғалімдерге тиісті біліктілік санатын беруде басты көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімдерінің сапасын алу керек деп есептейміз.
Елімізде жас ұрпаққа сапалы білім беру үшін аса қажетті мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру мәселесіне біраз жыл бойы қажетті көңіл бөлінбегенін ескеріп, енді уақыт өткізбей мемлекттік деңгейде қажетті бағдарлама қабылдап, кешенді жұмыс жүргізу қажет болар деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта қоғамда кең талқыланып жатқан педагогикалық оқу орындарын қай министрлікке беру, осындай ауқымды іс-шаралар атқару мәселесін талқылау барысында шешу керек болар. Себебі басты мәселе оларды бір министрліктен басқа министрлікке беру емес, лайықты адамдардың педагогикалық кадрлар болуын қамтамасыз ету, педагогикалық оқу орындар жүйесін реттеу, оларда студенттерді ерте кезеңнен практикалық дағдыларын қалыптастыра отырып, дайындау сапасын көтеру, сонымен бірге өңірлерде кадрлар дайындау мен мектептердегі мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру жұмыстарын кешенді түрде жүргізуі керек деп есептейміз.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
Педагогика ғылымдары академиясының президенті