Әлем • 26 Маусым, 2023

Антиядролық ұстаным: Қазақстан – АҚШ ынтымақтастығы

166 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

АҚШ Қорғаныс министрлігі­нің Қауіптерді азайту жөніндегі агенттігі (DTRA) 26 жылдан астам уақыт бойы ядролық қа­руды та­рат­пау бағытында елімізбен бір­лес­кен іс-шараларға атсалысып келеді. Ұйым Семей ядро­лық сынақ полигонында жүзе­ге асырылған бірнеше жобаны қар­жыл­андырды. Әсіресе 209 ядро­лық сынақ жүргізілген «Дегелең» сынақ алаңында көп іс тындырылды.

Антиядролық ұстаным: Қазақстан – АҚШ ынтымақтастығы

Дегелең ескерткіші. Солдан оңға қарай: Майкл Скидан (CTR), Стив Колдер (DTRO), доктор Роберт Поуп (Қауіп-қатерді бірлесіп азайту бағдарламасының (CTR) директоры), Вайл Оксфорд (DTRA директоры), Марк Гибсон (CTR бағдарламасының менеджері), Александр Дубров

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәліметі бойынша 1994 жылдың жазында Американың ведомствоара­лық экспедициясы Қазақстанға келіп, алты апта бойы Семей полигонының Дегелең таулы аймағын зерттеді. 1963 жылы ядролық қаруды сынауға ішінара тыйым салу туралы шартқа қол қойылып, ауада, ғарыш кеңістігінде, су астында ядролық сынақтарға ты­йым салынғаннан кейін, Кеңес үкіметі 340 жерасты ядролық сынақтың 186-сын Дегелең тау сілемінде өткізді. Осыны негізге алған АҚШ тарапы ядролық сынақтар үшін пайдаланған барлығы 181 тоннельді тез және қауіпсіз түрде жабуды Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) басшылығына ұсынады. Бұдан соң Қазақстан АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перриге ядролық сынақ жүр­гізу инфрақұрылымын қауіпсіз жою­ға көмек көрсету жөнінде ресми са­уал жі­берді. Екі жақ уағдаласқан соң, қауіп-қа­терді бірлесіп азайту бойынша «Нанн-Лугар» (CTR) бағдарламасы әзірленді. Көп ұзамай жоба басталды. DTRA мен Қазақстан жылына 60-қа жуық тоннельді жапты. Сынақ ин­фра­құрылымын жою процесі үш жыл ішінде аяқталды. Қазір барлық сынақ инфрақұрылымы қауіпсіз жағдайда.

Дегелең алғашқы жобасы аяқталған соң, бірнеше жылдан кейін ҰЯО бүкіл Семей полигонындағы радиологиялық мәселелер бойынша кешенді бағалау бағдарламасын бастады. Орталық қызметкерлері солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытты картаға түсіріп, ядро­лық қалдықтар қалған аймақтарды анық­тады. Оларды жою үшін DTRA қай­тадан ҰЯО-ға серіктес болды. 2013 жылы екі мекеме алғашқы ядролық сынақтар өткізілген алаңда толық жүйе­­лі зерттеу жүргізуге келісті. Бас­тап­­қыда кейбір атмосфералық немесе же­рүсті сынақтар қалған қал­дық­тар жер бетінен біркелкі жойылса, кейбір жағдайларда жиналған қалдық­тарды қазып, оны алаңнан тыс жерде қауіпсіз сақтау үшін тасымалданды. Ал қалдықтар аз шоғырланған жерлерде, оны анықтау қиынға соқты. Ол үшін жерді жыртуға және одан әрі материалды сұйылтуға тура келді.

Қазір ҰЯО тобы Семей полигонын­дағы аумақта шынайы радиологиялық бағалау жұмыстарын жалғастырып ке­леді. Барлық аймақ 2021 жылдан бастап зерттеліп жатыр.

«Ядролық қаруды таратпау режі­мін Қазақстан өте қолайсыз кезде қа­былдады, сол үшін осы елге өте риза­мын. Менің ойымша, біздің сынақ ала­ңын­дағы жұмысымыз әлемді қауіпсіз жерге айналдыру жөніндегі күш-жігері­міздің жалғасы», дейді DTRA таратпау бағдарламасының менеджері Марк Гибсон.

АҚШ Елшісі Уильям Мозер бұл лауазымға тағайындалысымен көп ұза­­май Семей полигонына барды. Са­пар барысында елші Дегелең аласа тау сілемінде де болды. Бұл аймақта АҚШ үкіметі ядролық сынақтар үшін пайдаланылған 181 тоннель жойып, ИГР зерттеу реакторын құруға көмек көрсет­ті. Ол жоғары байытылған реактор отынын аз байытылған отынға айналдырады.

Айта кетсек, DTRA агенттігінің не­­­гіз­гі мақсаты АҚШ Қорғаныс ми­нис­тр­­лігіне, АҚШ үкіметіне және ха­лық­­аралық серіктестерге жаппай қы­рып-жою қаруының таралуына қар­сы тұ­ру­ға және оның таралуын тоқ­татуға ұсы­ныс беру. Бұрынғы Семей сынақ полиго­нында өткізілетін жоба DTRA агенттігінің халықаралық одақтастармен және серіктестермен бірге жүргізіп жат­қан ядролық қару­ды таратпау бойын­ша маңызды жұ­мысы осының бір мы­салы болып табылады. DTRA агент­тігі – қаржылық қолдау жағынан, со­ны­мен қатар Қа­зақ­­стан мен АҚШ ара­сын­дағы ын­ты­­мақтастық шеңберінде жү­зеге асырылып жатқан жобалардың ма­ңыздылығы жағынан Ұлттық ядролық орталықтың ірі серіктестерінің бірі. Сон­дай-ақ ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық екі ел ара­сындағы екіжақты қатынастың басым бағыттарының бірі.

Жалпы, Семей сынақ полигоны ке­ңес одағының ядролық бағдарламасы шеңберінде құрылған еді. 1947 жылы Шығыс Қазақстанда сайын даланың ортасында салынған полигон шамамен 7 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда 1949 жылы 29 тамызда кеңес одағы алғашқы ядролық сынақ өткізді. 40 жыл ішінде Семейде 456 ядролық жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде, 340-ы жер астында сыналды. 1991 жылы кеңес одағы ыдырағаннан кейін сынақтар тоқтатылды, көптеген ғалым мен әскери қызметкер полигоннан ғана емес, елден де кетті. Алаңда көптеген тоннель мен ұңғыма қалды. Бұған қоса, мүлдем пайдаланылмаған ядролық материалдар қалды. Олар халыққа қауіпті болды, ал оның таралуы бүкіл әлемге қауіп-қатер төндірді. Алайда жас мемлекет Қазақстан халқы жаңа үкімет бұл мәселені шешеді деп үміт артты. Сынақ алаңы жабылған соң, 1993 жылы 15 мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылды. Орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков полигон жабылғаннан кейін ҰЯО бірнеше мәселені шешуге мәжбүр болғанын айтады.

«Ядролық қару сынақтарының ин­фра­құрылымын, салдарын жою қажет болды. Осы үлкен және маңызды мә­се­лені қалай жүзеге асырамыз деген қор­қыныш болды. Алайда көптің кө­ме­­гімен, атап айтсақ, халықаралық ын­­ты­­мақтастың шеңберінде шешімін тап­­тық», дейді ҰЯО-ның бас директоры.

Ұлттық ядролық орталық DTRA-дан басқа, АҚШ Энергетика министрлігімен, яғни Ұлттық ядролық қауіпсіздік бас­қар­масымен (NNSA) тығыз жұмыс іс­тейді. NNSA Қазақстанмен бірге бұ­рынғы Семей сынақ полигонында ор­на­­ласқан «Байкал-1» реакторлық ке­ше­­нінде ұзақ уақыт сақтау үшін Ақ­тау­дағы БН-350 нысанынан 775 ядро­лық қару жасауға жететін 10 метри­ка­лық тонна жоғары байытылған уранды (ЖБУ) және 3 метрикалық тонна плутонийді тасымалдады. Бұған ҰЯО мен «Маңғыстау атом энергетика­лық ком­­бинаты-Қазатомөнеркәсіп» (МАЭК-Қазатомөнеркәсіп) маңызды рөл атқарды.

NNSA Нидерландымен серіктестікте радиоактивті көздер бойынша екі ірі жобаны 2019 жылдың шілдесінде аяқ­тады. 2012-2019 жылдар аралығында не­гізінен Нидерландтың Сыртқы істер министрлігімен қаржыландырылған және NNSA-ның қолдауымен жүзеге асырылған екі жоба ҰЯО мен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптегі» радиоактивті көз­дерді түгендеп, тіркеді және оған бас­­шылық жасады. Екі ұйым қызмет мер­зімі аяқталған Қазақстандағы радио­активті көздерді басқару бойынша ұзақ­мерзімді шешімдерді ұсынады. Бұл жерде мамандар радиоактивті көздер барлық кезде қауіпсіз және сенімді түр­де басқарылуы керек екенін алға тартады, өйткені олар қызмет мерзімі өткен соң да жоғары радиоактивті болып қала береді. Мұндай техникалық жағынан ауқымды жобалар екі нысандағы 13 300-ден астам радиоактивті көздердің қауіпсіздігін арттырды. ҰЯО, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп», Ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығы және басқа да техникалық ұйымдардың мамандары бұл жұмысты ірі, пайдаланылмаған медициналық және өндірістік құрыл­ғылардан көздерін шығарып алу, сипаттамаларын анықтау, оларды ыстық камераларда кондициялау, ұзақ уақыт қорғауыш контейнерлерде шоғыр­ландыру арқылы жүзеге асырды.

«Нидерланд әріптестерімізге осы маңызды жобаларды қолдағаны үшін алғысымызды айтамыз. Радиоактивті көздерді жою процессін басқару – радиологиялық қауіпсіздіктің маңызды аспектісі. Атом қуаты халықаралық агенттігі пайдаланылмаған көздер рет­теуші бақылаудан шығу қаупін тудыратынын мойындайды. Олар жоғалуы немесе қараусыз қалуы мүмкін», дейді Ядролық қаруды таратпау жөніндегі NNSA әкімшінің қорғаныс жөніндегі орынбасары доктор Брент Парк.

NNSA-ның Материалтану және азайту (M3) әкімшілігі материалдарды басқарудың толық циклі арқылы ядролық материалдардан туындайтын қауіпті жоюға кешенді тәсіл ұсынды. Бұл ИГР және ИВГ.1M зерттеу реакторларын жоғары байытылған уран реакторларын (ЖБУ) пайдаланудан гөрі төмен байытылған уранды (ТБУ) пайдалану қажетін дәлелдеп отыр.

ИГР реакторынан жаңа отын Үлбі металлургия зауытына 2019 жылдың желтоқсанында жеткізілді. Отын ТБУ-ға дейін сұйытылған. Бұл материал ИГР реакторында пайдалану үшін ҰЯО-на қайта тасымалданды. Ал ИВГ.1M зерттеу реакторы жоғары байытылған ураннан (ЖБУ) төмен байытылған уранға (ТБУ) 2021 жылы ауыстырылды. Жұмсалған ЖБУ отыны Ресей Федерациясына 2023-2024 жылдары ИВГ.1M реакторы ТБУ отынына сәтті ауысқаннан кейін тасымалданады деген жоспар бар.