Дін • 29 Маусым, 2023

Қажылық сапары алаяқтықтан қашан арылады?

353 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Біз – зайырлы мемлекетпіз. Сон­дықтан да исламдағы 5 парыз­дың бірі – қажылық сапарын ұйым­дас­тыру ислами діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүктелген. Мұсыл­мандық парызын өтеуге ниеттен­ген ел тұрғындарын Мекке-Мәдинаға алып баратын туристік фирмаларды іріктеп, оларға квоталарды бөліп беру үшін жыл сайын қажылық маусымы қарсаңында ҚМДБ арнайы конкурс өткізеді.

Қажылық сапары алаяқтықтан қашан арылады?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

 

Жыл басында өткен кезекті конкурс нәти­жесінде биылғы қа­жылықты ұйымдасты­руға лайықты 18 туристік фирма іріктеліп алын­ған болатын. Олар – бұған дейінгі жылдары қажыларды қасиетті орындарға алып барған кезде өз­дерін оң қырынан көрсеткен, кем­шіліктерге жол бермеген және қажылық маусымын отандастарымыз үшін қолайлы және жоғары деңгейде ұйымдастыруға қабілетті деп танылған туроператорлар.

Дегенмен қоғамның өзге саласын былай қойғанда, дін саласында да заңды белшесінен басып, «Алланың жолы» деп тұрып адамдарды алдайтын алаяқтар мен құқық бұзушылар аз емес екеніне жыл сайын куә болып келеміз. Мә­селен, биыл қаңтар айында Алматы мен Шымкентте 50 шақты адамды Мекке мен Мәдинаға апарамыз деп ақшаларын алып, алдап кеткен «Кәусар-тревел» атты турфирма туралы ақпарат тарағаны белгілі. Полицияның мәліметі бойынша ел тұрғындарынан 33 млн теңге алып, бірақ уәде еткен қажылыққа апармаған турфирманың басшылары қолға түскен болатын.

Жуырда Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы қажылық сапарын ұйым­дастыруға рұқсат берілмеген «Zam-Zam Qazaqstan» атты туристік фирманың да адамдарды қажылыққа апарамыз деп ақша алып жатқаны туралы мәлі­мет таратты. Ол конкурстан өткен 18 туроператор тізімінде жоқ. «Бү­гінгі таңда қажылық сапарына қатысты ҚМДБ тарапынан жарияланған ақпараттық-түсін­дірмелік мәліметтерге қарамас­тан, қажылық орындарын ресми алмаған қажылық турфирмасы ретінде өзін жарнамалай­тын «Zam-Zam Qazaqstan» өкі­лі Данияр Илиев Instagram желі­сіндегі «Zam-Zam_qazaqstan» парақ­шаcында «Мүфтияттағы қажылық бөлімі әр квота үшін пара талап етеді» деп жала жауып, қажылық квоталарын Саудиядан тікелей алатыны туралы жалған ақпарат таратып, қажылыққа адам жинаумен айналысуда» делінген мәліметте.

ҚМДБ берген ақпаратқа қа­ра­ғанда, Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі қажылық квоталарын әр елдің дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми исламдық діни басқармаларға (мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай береді. Ал «Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері қажылық квотаны тіке­лей Сауд Арабиясынан аламыз деп қажылыққа адам жинаған. Соны­мен қатар, аталған турфирма өкілі қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған 18 туроператорды «ҚМДБ-ға пара берген» деп, ал діни басқарманың өзін «парақор» деп жала жауып келеді.

«Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері биыл қажылық орындарын заңды конкурстық негізде ресми жолмен алған 18 турфирма туралы: «...мүфтияттың тізімінде тек пара беретін компаниялар...», деген және жалпы қажылыққа қатысты ҚМДБ туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат жария­лауда. «Zam-Zam Qazaqstan» өкілдерінің қажылық орындарын беруде «ҚМДБ парақор» деген мәтінде таратып отырған қауесеті жалған. Себебі қажылық орындарын Қажылық бөлімі емес, бұл салаға қатысы жоқ қоғам жә­не дін қайрат­керлері мен діни қыз­­мет­керлерден құрал­ған арнайы комиссия мүшелері ашық кон­курс­тық негізде «Үміткер туро­ператор­ларға қажылық орындарын бөлу» туралы ҚМДБ ережесінің талаптарына сай бөлінеді», делінген мәліметте.

ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңге­рушісі Жанділлә Бекжі­гітовтің айтуынша, осы жағдайға байланысты мүфтият Бас прокура­тураға арыз түсіріп, дабыл қаққан. Бас прокуратура арызды Ішкі іс­­тер министрлігіне жолдаған. ІІМ бұл істің қаралып жатқаны ту­р­а­лы хабар бергенімен, неге еке­нін қайдам, атал­ған туристік фир­ма діни басқарманың ескер­туіне қарамастан 120 адамды жи­­нап, Сау­дияға апарған. Ақыр соңы қажылық парызын өтеп жүр­­г­ен кезде еліміздің азаматта­рын сол елдің полициясы ұстап, екі күн бойы автобустан шығар­май тексерген. Тамақ ішуге де, тіпті әжетханаға баруға да рұқ­сат бермеген. Тек келесі күні Сауд Арабиясындағы Қазақстан елші­лігі қызметкерлерінің араласуымен ғана олар босатылып, қазір Меккедегі қонақүйде елге қайтуды күтіп отыр.

«Zam-Zam Qazaqstan» туристік фирма­сының осы әрекетінен зардап шеккен адамдардың бірі Баян Сейтжанқызы бізге берген сұхбатында оқиғаның мән-жайын айтып берді.

– Әке-шешеме үлкен қажылық­қа жолдама сыйға тартқан едім. 21 маусым­да сапарға аттанғанға дейін туристік фир­маға қатысты ешқандай күдік болған емес. Тек әуежайға барғанда қажылардың қолдарына ксерокөшірмеден өткен визаларын ұстатты. Оның туристік виза екенін көріп, «Бізге қажылық визасы керек емес пе?» – деп сұра­дық. Олар: «Уайымдамаңыз­дар, қажы­лық визасын Эр-Риадтан аламыз», деді. Кейін ата-анам қа­жылық визасын алдық деп хабарлады. Кейін 26 маусымда қажылар Ми­на жазығына құлшылықтарын орын­дауға екі автобуспен аттанып бара жатқанда оларды Сау­дия­ның құзырлы органдары ұс­тайды. Туристік фирманың өкіл­дері қашып кетіп, автобуста тек қажылар ғана қалып қойған.

Содан екі күн бойы сол жерде отырды. Мен бірінші күні-ақ турфирманың басшысына хабарласып, болып жатқан жағдайдың мән-жайын сұрадым. Ол маған: «Бізге берілген екі автобус қажыларды тасуға арналмаған екен. Сондықтан ұстап алды. Қазір басқа автобус­тар жібереміз, сосын босатады», деді. Сол күні түнге дейін жағдай өзгермеген соң, фирма басшысына бірнеше рет хабарлассам да, маған жоғарыдағы жауабын айтты. Қажылар келесі күні түске дейін автобуста отырды. Ойлап қараңыз, ішінде жасы 82-ге келген әжелер де бар еді. Күн аптап ыстық. Тар автобустың ішінде екі күн тапжылмай отыру ол кісілерге оңай болған жоқ. Келесі күні сол жақтағы Қа­зақ­стан елшілігі қызметкерлері жағдайға араласып, қажыларымыз «тұтқыннан» босатылды. Бірақ оларды жалған қажылық виза­сы үшін құлшылықтарын әрі қарай жал­ғас­тыруға рұқсат бермей, кері қайтар­ған. Қазір барлығы Мек­кедегі қонақүй­де аштан-аш жатыр, фирма тарапынан тамақ та беріліп жатқан жоқ, – дейді Баян Сейтжанқызы.

Жалпы, елімізде адамдарды қажылық сапарына апарумен туристік фирмалар айналысатыны белгілі. Олар былайғы уақытта туристік виза арқылы жұмыс іс­тейтін болса, қажылық маусымында мін­детті түрде қажылық визасын алуы керек. Ал қажылық визасы Сауд Арабия­сынан мүф­тият­қа беріледі. Мүфтият конкурс арқылы сыннан сәтті өткен туроператорларға оларды бөліп бе­реді. Бұл туралы жуырда Қазақ­станның Сауд Арабиясы Король­дігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын қажылармен кездесуі барысында ақпарат беріп, қажы­лық маусымында Сауд Ара­бия аумағына заңсыз, яғни туристік визамен келген шетелдік азаматтар анықталған жағдайда заң бұзғаны үшін 50 мың риал көлемінде айып­пұл салынатыны, 6 айға қа­мауға алынатыны және депортация­лана­тыны туралы айтқан еді. Ал жо­­ғарыдағы адамдарды алдап апар­ған турфирма жалған қажы­лық визаларын пайдаланған болып отыр.

Осыған орай кеше Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы «Қажыларға қиянат жасады» деген тақырыппен тағы да мәлі­мет жариялады. Онда «Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы бұған дейін бір­неше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған еді. Сонымен қатар мүфтият қа­жы­ларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компа­нияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерін әлі күнге дейін тыймай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қа­жы­­лық­қа әкелген «Zam-Zam Qa­zaq­stan» компаниясының жетек­шісі Данияр Илиев заң алдында жауап беруге тиіс деп санаймыз», делінген.

Біз осы істің мән-жайын Ді­ни басқар­ма­ның Қажылық бөлі­мі меңгерушісі Жан­діллә Бекжігі­товтен сұрап білдік.

– Қажылық – исламдағы бес парыздың бірі. Одан бөлек кі­ші қажылық саналатын умра құл­шылығы да бар. Жылына елімізден үлкен қажылыққа 4 мың адам барса, умраға 20 мыңдай адам барып қай­тады. Дегенмен діни басқармаға үлкен қажылықты ғана ұйымдастыру жауапкершілігі берілгенін білесіздер. Бұл жердегі ең басты мәселе – біздің елі­мізде қажылыққа туристік сапар ретінде қараудан туындап отыр. Мәселен, араб елдері, Түркияны айтпай-ақ қояйық, ірге­міздегі Қырғызстан мен Өзбекстанда қажылыққа тек құлшылық ретінде қарайды. Ал бізде қажылық «діни туризм» деп аталады. Бүкіл мәселе осы жерден шығып отыр. «Туризм» сөзі араласқаннан кейін қазір онымен кім көрінген айналысып кетті. Діни басқарма оларға тыйым салатындай және жазалайтындай қолында заңдық күші бар құзырлы мекеме емес. Біз тек үйлестіруші орган ғанамыз. Егер «туризм» деген сөзді алып тастап, оған тек діни ғибадат-құлшылық ретінде қарасақ қана қажылықты ұйымдастыру 100 пайыз мүфтияттың бақылауына өтер еді, – деді ол.

Оның айтуынша, пайда табу мақса­тында заңсыз қажылық визасымен адамдарды қажылық сапарына апару жыл сайын қайталанып келе жатқан келеңсіздік. Биыл тек «Zam-Zam Qazaqstan» ғана емес, «Zulay Trevel», «Sultan Trevel», «Zamzam Company» сынды туристік фирмалар да заңсыз жолмен Сауд Арабиясына адамдарды алып келген. Бір ерекшелігі, алғашқы үшеуі қажылық барысында жергілікті құзырлы органдарға ұсталып қалып, адамдары қажы­лық­тарын өтей алмай қалса, «Zamzam Company» қажылары ғана ұсталмай, құлшылықтарын толық өтеп шыққан. Бірақ бұлардың бәрі де Сауд Арабиясының Қазақстанға бөлген 4 мың квотасын ресми түрде иеленбеген туристік фир­малар. «Zamzam Company» турис­тік фирмасы алаяқтық әрекет­терін өте жоғары деңгейде ұйым­дастырғаны сондай, бірде-бір қажысы Саудияның полициясына ұсталмай, қашып-пысып жүріп құлшылықтарын өтеп шықты», дейді Жанділлә Бекжігітов.

Діни басқарма өкілінің айтуынша, жыл сайын мүфтият тарапынан тек ресми рұқсат алған қажылық фирмаларымен ғана құлшылықты өтеу туралы хабарландыру беріліп келеді. «Біз биыл қажылық қарсаңында мүфтияттың және мешіттердің сайттары мен әлеуметтік желілері арқылы оннан аса рет ресми мәлімдеме жасадық. Қолдан келгенше айтудай-ақ ай­тып келеміз. Имамдардың парақ­шалары мен мешіттердің ватсап чаттары арқылы да әлденеше рет хабарланды. Бірақ соған қарамас­тан алаяқ фирмалардың қитұрқы әрекеттеріне алданғандар азаймай тұр», дейді ол.

Діни басқарма таратқан мәлі­метте айтылғандай, қазіргі күні мүфтиятқа қажы­лар мен олардың туыстарынан көпте­ген шағым түсіп жатыр. «Жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жал­ған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа апарған «Zam-Zam Qazaqstan» директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсіп жатыр. Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жария­лаған тізімге сай туроператорлар қыз­метіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады. Сонымен қатар «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан «Zam-Zam Qazaqstan» («Zam Zam store») компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады», делінген шағымда.