Шаруалардың айтуынша, бағаның бұлайша екі есе құлдырап кетуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсер етіп, егін шаруашылықтарын тоқырауға ұшыратып, банкротқа әкелуі әбден мүмкін.
Диқандар қазақ бидайының арзандауына диірмендер былтыр шекараның арғы бетінен толассыз тасып алған Ресей бидайы тікелей әсер етті деп отыр.
– Былтыр Ресей бидайы автокөлікпен де, теміржол арқылы да ешбір кедергісіз кірді. Естуімше, бір шекара бекетінің өзінен күніне 10-12 мың тоннаға дейін бидай кірген. Мұны отызға көбейтіп көріңіз, сонда айына неше тонна кіргеніне көзіңіз жетеді. Өте көп бидай кіріп кетті. Осылайша, біздің диірмен-элеваторлардың бәрі оңай олжаға кенеліп, бүйірлерін қампитып алды. Біздің бидайымызды Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты елдерге жөнелтумен айналысатын астық қабылдау пункттері де дәл осылай істеді. Осыдан кейін қазақтың бидайы арзандамағанда, кімнің бидайы арзандайды? – дейді кәнігі диқан Бауыржан Барсақбаев.
Сәуір айында Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден автокөлікпен бидай тасуға тыйым салғаны белгілі. Бірақ одан кейін бидай арзандай түспесе, қымбаттай қоймады.
Осылайша, бар бидайын амалсыз арзанға сатқан жергілікті шаруашылықтардың табысы төмендеп, экономикасы әлсіреді. Нәтижесінде, әуел бастан жоспарланған жаңа техника, жаңа құрылғы, минералды тыңайтқыш сатып алу, қойма, қамба салу, шаруашылыққа жаңа технология енгізу мәселелері кейінге шегерілді.
«Мұндай жағдай бір-екі апта емес, жарты жыл бойы жалғасып келеді. Жергілікті халықтың күнкөрісі негізінен ауыл шаруашылығына тәуелді екенін ескеріп, көрші елдің бидайына қарсы бір амал таппаса болмайды. Нарықтағы жағдай бұлай жалғаса беретін болса, біз түбі банкрот боламыз. Банкротқа ұшырасақ, бізбен қоса шаруашылықта еңбек етіп жатқан тұрғындар, олардың ата-аналары, бала-шағасы жеп отырған ырзығынан айырылады. Ауылды айтпағанның өзінде ауыл шаруашылығы бүкіл қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жағдайымыз күн санап қиындап барады. Былтыр жемнің өзін 90 теңгеден сатып едік, биыл бидай одан да арзандап кетті. Қазіргі нарықта қалыптасқан ахуалды экономикалық апат деп бағалап, дер кезінде тығырықтан шығатын жолды қарастырмасақ болмайды», дейді диқандар.
Осылайша, ала жаздай өсірген өнімінің бағасы екі есе құлдырап, бағасы аспандап кеткен техника мен қосалқы бөлшекке кететін шығыны үш есе өскен шаруалар алдағы жағдайымыз қалай болар екен деп алаңдап отыр.
Бір қызығы, бидайдың құны құлдырап кеткенімен, нан арзандаған жоқ. Дүкен сөрелерінде тұрған әлеуметтік бөлке нанның өзі қамбадағы бидайдан екі есе қымбат болып тұр.
Қостанай облысы