Қаңтарда даниялық Расмус Палудан Стокгольмдегі Түркия елшілігінің алдында Құран Кәрімді өртеп, түріктердің Швецияның ұйымға мүшелікке өтуіне қарсылығын одан сайын күшейткен еді. Бұл келеңсіз оқиға қайталанып, скандинавиялық елдің басы тағы дауға қалды. Осы ретте Құранды 37 жастағы Ирактан келген босқын өртеді. «Euronews» ақпарат агенттігінің мәліметінше, ол бірнеше апта бұрын полицияға қарсылық танытып, Қасиетті кітапты өртейтінін айтқан. Тұрғындар мұндай арандатуға жол берілмеу керек екенін алға тартып, полицияға кінә артып отыр. Айыпталушы бұл қадамға жеке себептерімен барғанын, сондай-ақ сөз бостандығын орнатқысы келетінін айтқан. Ол Швецияның имиджіне кір келтіру ойында болмағанын айтады.
«Діни мәтінді өртеу – менсінбеу, құрметтемеу және орынсыз әрекет. Бұл туралы біз бірнеше рет айттық. Дегенмен Вашингтон Мажарстан мен Түркияны Швецияның НАТО-ға кіруі туралы хаттаманы ратификациялауға шақыруды жалғастырады. Швеция өткен жылы Мадрид саммитінің аясында Финляндия және Түркиямен келісілген үшжақты меморандум бойынша өз міндеттемелерін орындады деп санаймыз», деді АҚШ Мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының орынбасары Ведант Пател.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг 11 шілдеде Вильнюсте шешуші саммит болатыны мәлімдеді. Оның қарсаңында бас хатшы Франция президентімен кездесті. Эммануэль Макрон Түркия мен Мажарстанды Швецияның одаққа кіруін қолдауға шақырады. Ал Швецияның Сыртқы істер министрі НАТО-ға кіру үшін Түркия қойған барлық талапты орындағанын алға тартады.
«Үшжақты меморандум бойынша, терроризмге қарсы күрес – маңызды талаптың бірі. Террористік ұйымды насихаттайтын, нығайтатын немесе қолдайтын әрекеттерге қарсы жаңа заң күшіне енді. Осылайша, біз келісімнің соңғы тармақтарын орындадық», деді Швецияның Сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем.
Түркия әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Швеция 2022 жылғы 18 мамырда Финляндиямен бір уақытта НАТО-ға мүшелікке өтініш берген. Биыл 4 сәуірде ресми Хельсинки мүшелікке өтті. Ал Швецияның Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымына қосылуы тікелей Түркия мен Мажарстанның қолдауына байланысты.
Негізі Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Финляндияға қарағанда Швецияның НАТО-ға өтініш түсірмей тұрып-ақ оның құрамына енуіне қарсы болды. Ресми Анкара Швецияның Күрдістан жұмысшы партиясы (PKK) мүшелерін және АҚШ-та тұратын Фетхуллаһ Гүленнің ізбасарларын елге кіргізгеніне наразы.
Бұған дейін сарапшылар одақтас екі елдің НАТО құрамына кіруге шешім қабылдауынан гөрі олардың қауіпсіздік альянсына толық мүше болуы қиынға соғатынын айтқан еді. Олар Стокгольм мен Хельсинкидің өтпелі кезеңі 12 айға созылуы мүмкін екенін болжаған. Өйткені НАТО-ның 30 мемлекетінің әрқайсысы олардың мүшелігін ратификациялауы қажет, бәрінің бірауыздан қолдауы екіталай.
Мұндай пікірді саясаткерлер де растап отыр. Финляндия саясаткері Элина Валтонен Финляндия президенті мен премьер-министрінің НАТО-ға дереу кіру туралы шешіміне байланысты Ұлыбританияның «Sky News» басылымына сұхбат берді. «Финляндия ондаған жылдар бойы бейтарап ел болды, бірақ біз шығыстағы көршіміздің төндірген қаупін ешқашан ұмытқан емеспіз. Біз ешқашан кеңес одағының құрамында болған емеспіз. Өйткені бұрын Ресей мен кеңес одағына қарсы соғысқанбыз. Бірақ қазір заман басқа. Көршіміздің одан бетер агрессивті, тосын мінез танытқанын көріп отырмыз. Сондықтан ел қауіпсіздігі үшін НАТО-ға кірудің кезі келді», деді саясаткер. Финляндияның НАТО-ға кіруіне байланысты Ресей қауіп төндіруі мүмкін бе деген сұраққа ол «НАТО – қорғаныс одағы. Сондықтан Финляндия болсын, мүмкін Швеция болсын болашақта өз еркімен немесе халықтың шешімімен НАТО құрамына кіретіні сөзсіз. Біз демократиялық елміз және ғасырлар бойы сақтап келе жатқан құндылықтарымызды қорғағымыз келеді», деді Элина Валтонен.