Аймақтар • 03 Шілде, 2023

Бұлақ бітелсе, береке қашады

270 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл жаз ересен ыстық болып басталды. Әншейінде сулы-нулы делінетін Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласындағы жалпақ жұрт су тапшылығын қатты сезініп отыр.

Бұлақ бітелсе, береке қашады

Ұзақ жылдар бойы ауыз судың азабын шегіп келген Егіндікөл ауданындағы елдің қабырғасына батып отырған күрделі мәселе туралы ел газеті «Егеменде» жаз­­дық. Тақырыпты тағы да тарататын болсақ, жалғыз Егіндікөл ауданы ғана емес, іргелес екі аудандағы ондаған елді мекенінің тұрғындары да ауыз судың азабын тартып отырғанын екпін түсіріп айта кетуге болады. Қорғалжын ауданы аумағындағы Сабынды көлінен бастау алатын, жалпы ұзындығы 330 шақырымды құрайтын су құбыры Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар аудандарының бірнеше ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етіп келген жалғыз су көзі. Бүгінде құбырдың жартысынан астамы тозып, шіріп кеткен. Сол себепті ондаған ауылға қысы-жазы су жеткізу қаны шығып тұрған өзекті мәселеге айналған. Маусымның екісі күні Егіндікөл ауданындағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай да жарияланды. Мамандардың алдын ала есептеуіне қарағанда, құбыр бойындағы жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп атқарып шығу үшін 16 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет екен. Мұн­шалықты қар­жы аудан немесе облыс бюд­жетінде бол­мағандықтан, ел түйткілдің түйінін Үкімет шешіп береді деп үміттеніп отыр.

Таяуда Атбасар ауданындағы жалпақ жұрт күн қызуы шарықтап, әбден қызған кезде ауыз сусыз қалды. Тіпті бір аптаға жуық уақыт бойы. Қара қарғаның миы қай­найтын ыстықта сусыз отыру дегеннің не екенін түсіну үшін кенезесі кепкен осы өңірде бірер күн тіршілік етіп көру керек шығар.

– «Атбасар су» мекемесінің кезекші бө­ліміне хабарлассақ, әзірге белгісіз деген жауап аламыз, дейді аудан тұрғыны Қоныс­бай Есенбаев, – тіпті жағдайдың қашан түзелетінін айтып бере алмайды. Су таситын көліктер де тапшы.

Атбасар аудандық әкімдігі су тапшы­лығын реттеу бағытында жергілікті атқа­рушы органдар мен коммуналдық кәсіп­орын жұмыс­шылары тәулік бойы жұмыс істеп жат­қанын жеткізген болатын.

– Бұл мәселе бойынша таратып айта-тын болсақ, қалаға су беретін 12 ұңғыма үзіліссіз жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етуге болады, дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Михайл Майер, – жазда күн тым ыстық болғандықтан тұр­ғын­дардың судың тұтыну көлемі ұлғайып отыр. Құбыр бойындағы су тапшы болу себепті көпқабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаттарына суды жеткізуге қы­сым жетіспейді. Сондықтан қуатты сор­ғылар орнатып, резервуарлардағы су қорын молайту мақсатында ауыз су үзіліспен, сағаттап берілетін болды. Кем­шілікті түзету үшін қосымша екі ұңғыма қазу көзделіп отыр.

Атбасардағы ахуал осындай болғанда өңірдегі көрікті, су айдындары мол зеренділіктер де су тапшылығын сезінуде. Аудан орталығында апта бойы су берілмей қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, бұған дейін де бір­неше мәрте үзіліс болған. Нағыз ыстық өршіп, апшыны қуырып тұрған кезде су жинақтайтын резервуарлар қаңсып бос тұрған. Тұрғындардың айтуына қара­ғанда, маңызды мәселе жөндеу жұмыс­тарына байланысты емес, осы салада жұмыс істейтін білікті мамандар тапшы. Сон­дықтан жағдайдың бірден түзеліп кетуі де қиын.

Соқталы жайттың себебіне үңілсек, кездейсоқ оқиғалар да кеселді қоюлата түсетін сыңайлы. Мәселен аудандағы серіктестіктің механизаторы ұңғымалар мен сорғыларды электр қуатымен қам­тамасыз ететін бағананы кездейсоқ соғып, құлатып кеткен. Оқыс оқиғаның салдарынан су жинақтайтын мұнараларға нәр жетпей қалған. Оқиғаның салдары жойылып, жөнге келтірілгенімен, құбыр бойындағы қысым аз. Қысым болмаған соң елді мекенді толық қамтамасыз ету қиындай бермек. Дәл осындай жағдай Біржан сал ауданының Макинка елді мекенінде де орын алды. Тұрғындар апталап ауыз сусыз отырды. «Степняк су» коммуналдық кәсіпорны қысылтаяң кезде қиындықпен күресуге дәрменсіздік танытты. Тіпті ауыз суды тасымалдауды ұйымдастыру барысына да өкпе айтушы көп. Су желілерінің техникалық жай-күйін анықтау кезінде апатты жағдайдың орын алып отырғаны анықталған. Селоның су желілерін жаң­ғырту үшін қазіргі күні жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Аудандық әкімдіктің мәлі­метіне қарағанда, содан кейін барып өтінім берілмек. Оған шейін тозығы жеткен құбырдың қауметі елді мекен тұр­ғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей тұр. Маусымның төрті күні жарылған құбыр жамап-жас­қа­ғанымен арада бірер күн өткен соң қайта жарылған.

Шалғайдағы елді мекендер былай тұрсын, су тапшылығы облыс орталы­ғын­да да бой көрсетуде. Қаланың іргесіндегі Жай­лау, Бірлік шағын аудандары су құбы­рынан ажыратылып, бірнеше тәулік бойы ауыз су берілмей қалды. Кейін жарты сағаттап қана су берілген. Жайлау шағын ауданы апталап сусыз отырды. «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны басшылығы халық суды шамадан тыс көп пайдалануда деген уәж айтады.

Негізгі себеп біздіңше бар шаруа­ны ба­йыптап, істі тыңғылықты атқарма­ғандықтан. Мәселен, осы орай­дағы ат­қарылуға тиісті шаруаны тендерден жеңіп алған компаниялар қаражат бөлінгенімен, өз жұмыстарын атқарғанда жауапкершілік танытпаған. Осындай себеппен оннан астам елді мекендегі су құбырларының жұмысы атқарылу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткенімен, аяқталмаған. Оның бірқатары қазір сотта қаралуда.

Өңірде тұрғындар былай тұрсын, мал­сақ қауым да бағымдағы түліктерін суара алмай, аңтарылып отыр. Бұрынғы Көкшетау облысы әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырамай тұрған кезде 1500 көл, 107 өзен болған екен. Осынау баға жеткізгісіз байлық есебіндегі көгілдір қазынадан екі жүзге жетер-жетпес көл мен тоқсанның төңірегіндегі өзен ғана қалыпты. Өзеннің көбі көктемде арнасына толғанымен, жаз шыға тайызданып, тоқтап қалатын өзекшеге айналған. Сулы-нулы өңірдегі түпсіз терең қайнарлар мен мөлдір сулы бұлақтар да ғайып бол­ған. Осыдан кейін жалпақ жонда су тап­шылығы пайда болды. Көкшетау төңірегі таулы-тасты болып келгенімен, бұрғы салған жерден ішуге жарамды су шыға бермейді. Өңірдің орталығы мен батыс бағытында шағын өзен мен бұлақ бас­таулары ұшырасқанымен, солтүстік шығыс аймақта жерүсті су көздері сирек кездеседі. Барының өзі тұзы бетіне шығып жатқан сортаң. Жерасты су қой­маларының су құрамы біршама сапалы. Бірақ оны іздеп табу жұмысы бүгінгі күні жеткілікті жүргізіліп жатқан жоқ. Даладағы су көздері бітелгеннен кейін мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қа­уымға ауыртпалық түсуде.

– Біздің Тастыөзек ауылы Приозерный селолық округіне қарайды, дейді жергілікті шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қойкенов, – мал басы баршылық. Әйтсе де, жаз шыға ең басты қиындық мал суа­ру болып тұр. Округ аумағында көл­дері болғанымен, айналасы егін. Мал аяғы жете алатын жерде емес. Ауыл ша­руашылығы құрылымдары егін еккен кезде табиғи су жолдарын жауып тастаған. Соның салдарынан бір кезде шалқып жататын томарлар, шағын көлшіктер құр­ғап кетті. Көнекөз қариялардың айту­ларына қарағанда, Тастыөзектің төңірегі бұл­қынып аққан бұлақтарға толы болыпты. Қазір соның бірі жоқ. Ауылда су айдайтын ескі құрылғы бар. Бұрын суы жетпіс метр тереңдіктен шығатын, қазір жақын маңда электр қуаты болмағандықтан, қуатты сусорғыға қолымыз жетпегендіктен суға жа­рымай отырмыз. Су тапшылығы, ең алды­мен, ауыл тұрғындарының бірден-бір күн­көріс көзі – мал бағуға кесірін тигізіп тұр.

Алдағы уақытта өңірдің экологиясына айрықша назар аудару керек. Су тап­шылығы жалғыз біздің өңірде ғана емес, күллі әлемнің бас ауруына айналып келеді. Ендеше, барымызды бағалай білетін уақыт жеткен тәрізді.

 

Ақмола облысы