Тәрбие • 04 Шілде, 2023

«Өркендеудің» өнегесі

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық тәрбиеге негізделген «Өркендеу» бағдарламасын бүгінде мектептер мен балабақшалар тиімді пайдаланып келеді. Оған жуырда ұйымдастырылған республикалық веб-семинарда тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.

«Өркендеудің» өнегесі

2-5 жастағы балаларға ар­нал­­ған «Өркендеу» бағдар­ла­масы авторларының бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекованың айтуынша, жобаның жаңашылдығы мен құндылығы қазіргі кезең үшін маңызды.

– Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімімен ғана емес тәрбиесінің тереңдігімен де өлшенетіні белгілі. Ұлты­мыздың алдында тұрған міндет – тәрбиелі, білімді, жан-жақты, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәр­биелеу. Осы орайда мектепке дейінгі кезеңде баланың тәр­биесін ұлттық құндылықтарға негіздеу әрі оны заманауи әдістемелермен, инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асыру маңызды. Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтердің кәсіби тұрғыдан үздіксіз өсуін қамтамасыз ету керек. Өзара әріптестік іс-қимыл орнату арқылы ата-аналардың білім беру ісіне тарту әрі баланы «Ойын арқылы оқыту» қағидаты бойынша тәрбиелеу өте өзекті мәселе, – дейді Фатима Жұмабекова.

Аталған қағидатты іске асыру мақсатында «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы Астана қаласының №36 «Балапан» және №75 «Балалық шақ» мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәжірибеден өткізілді. Жоба авторының айтуынша, бағдар­ламаның жаңашылдығы отандық білім беру кеңістігінде өте сирек кездесетін, адамзаттың дана­лығы мен тәжірибесін өзіне жинақтаған бірегей тәрбиенің тірегі болатын мазмұнды қам­тиды. Ұрпақ тәрбиелеудің басты ұстанымы ретінде ұлы дала даналарының «Ізгілік ілімі», «Хал ілімі», «Жан қуаты ілімі», «Толық адам», «Ар ілімі» ілімдеріне негізделіп, бабалар ұлағаты тағылым мен тәрбиеге арқау болады, ағартушы ұлт ұстаздарының ұстанымдары басшылыққа алынады. Әрбір баламен іс-әрекеттің барысы ізгілікке, қайырымдылық пен бауырмалдыққа бағытталады.

Сондай-ақ жас кезең­деріне сәйкес бала иге­руге тиісті білім, іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруда бағдарлама мазмұны «Рухани тәрбие әлемі», «Елтану әлемі», «Зияткерлік әлемі», «Өнер әлемі», «Саламат­тану әлемі» бағыттары бо­­йынша жүйеленді. Бұған қоса «Ата мұрасы», «Әже даналығы», «Әке өнегесі», «Ана тәрбиесі» ата-аналар қауымдастығын қалып­тастыру арқылы әлеу­мет­тік жағдайды, отбасы құнды­лық­тарын, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени ерекшеліктер еске­ріліп, балаға көркем мінез-қалып­тас­ты­ру көзделген. «Ата-ана, бала,  педагог» үштік одағының бір­тұтастығын орнықтыру, бала­мен жұмысты ата-аналарымен,­ қоршаған ортамен өзара ынты­мақтастықта құру аса маңызды.

«Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасының үйлестірушісі Күлән Тұрысбекқызының пікі­рін­ше, ұлттық тәрбие бала­­бақ­­шадан басталып, мек­­­тепте жал­ғасын табады.­ «Отбасында ана тілінде жақсы сөйлеуге, сөйлем құрап ойын жеткізуге дағдыланады. Әже­сінің айтқан ертегілерін тың­дап, әр нәрсені танып білуге қызығушылығы артады. Әкесі мен анасының айтқан ақылын тыңдап, айтқандарын орындауға талпынады. Атасынан «Жеті атасын» санамалап айтуды үйре­­неді. Сол арқылы баланың бойында отбасылық құндылық қалыптасады», дейді ол.

– Балабақшамызда 2020 жылдан бастап «Өркендеу» ұлттық құндылықтарға негіз­делген жоба іске қосылды. Осы­ның аясында бағдарлама автор­лары­мен бірлесе көптеген жұмыс жүргізіліп, қалалық, республикалық семи­нар­­лар өткі­зілді. Бағдарлама мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласы бойынша Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың «Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» және типтік оқу жоспарына сәйкес дайындалды. Бағдарламада бала тәрбиесіндегі ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға баса назар аударылған, – дейді Астана қаласындағы №36 «Балапан» балабақшасының меңгерушісі З.Иманбаева.