Елдегі ең басты ғимарат «Ақорда» – ел тәуелсіздігінің белгісі. Резиденция құрылысы 2001 жылы басталған болатын. Ғимаратта далалық өркениет пен Еуропа мәдениеті ұштастырылған. Көркемдік және философиялық мән-маңыз беріліп жасалған жоба құрылысында Қазақстан мен Еуропа сәулетшілерінің айқын қолтаңбасы бар. Олардың қатарында еуропалық әйгілі дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени болды. Ал «Ақорданың» ішін ұлттық мәнерде салуға академик Қ.Монтақаев кеңес берген. Ең бір ерекшелігі – құрылыс жұмыстарына ондаған елдің мамандары атсалысқан. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр, биіктігі – 86 метр.
Астананы «Бәйтерексіз» елестету қиын. Монумент еліміз дамысын, өсіп-өркендесін, бәйтеректей жайқалсын деген идеямен орнатылған. «Бәйтерек» кешенін архитектор А.Рүстембеков (топ жетекшісі), С.Базарбаев пен Ж.Айтбалаев жобалады. Инженер-конструкторы – М.Вахштейн, интерьер дизайншысы А.Оспанов болды.
«Хан Шатыр» 2010 жылы Астана күніне орай ашылды. Ол – Орта Азиядағы ең ірі сауда үйлерінің бірі әрі сән-салтанаты жағынан бірегейі. Ғимаратты жобалаушы – сәулетші Лорд Норман Фостер. Құрылыс нысанының металл қаңқасы – 2300 тонна, шатырдың биіктігі – 150 метр, ішкі аумағы 110 мың шаршы метр. Норман Фостердің тағы бір тамаша туындысы – «Бейбітшілік және келісім сарайы». Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. «Бейбітшілік және келісім сарайы» Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің өткізілетін орны ретінде кеңінен танымал.
Астананың мәдени өмірін айшықтайтын құрылыстардың бірі – «Астана Опера» ғимараты. Ол Орталық Азиядағы ең ірі театр. «Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр, ені 21 метрді, тереңдігі 59 метрді құрайды. Театр залына 1 мың 250 көрермен сияды. Партері 450 көрерменге арналған. Құрылысты сәулетші Ренатто Аркетти жобалаған.
Қалада туристік орындарға айналған өзге де ғимараттар баршылық. Айталық, 2017 жылы ашылған Экспо көрмесі, жаңадан салынған Бас мешіт, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театр, Ұлттық академиялық кітапхана мен Абу-Даби плаза және тағы басқа да құрылыс кешендері. Аталған жобалар елдің дамуында елеулі орынға ие. Сондай-ақ Астананың қоғамдық-саяси, әлеуметтік, рухани маңызын арттыра түседі.