Елорда • 06 Шілде, 2023

Сәулеті асқақ, мазмұны терең

258 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл ілгері жылжыған сайын Астананың көз тартар ғажайып нысандары көбейіп келеді. Әдепкіде зәулім ғимараттарымен таңғалдырса, кейінгі жылдары көрікті сая­бақтары мен керемет субұрқақтары, сондай-ақ сан алуан демалыс орнымен де көңіл төріне жайғасып, әр жанға мамыражай сезім сыйлауға асығады. Көшелерін көмкерген қызылды-жа­сыл­ды гүлдері мен жап-жасыл ағаштары сұлу­лық­қа іңкәр сезіміңді одан сайын баурай түседі.

Сәулеті асқақ, мазмұны терең

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Расында Астана – бір бойына бүкіл әлемнің әсем айшықта­рын сіңіре білген көрікті шаһар. Шығыс пен батыс сәулет өнер­лерінің жауһарларын үйлестір­ген сә­ні мен салтанаты, көркі мен кел­беті кім­ді де болсын таң­ғалдырмай қой­майды...

Көштің беті Сарыарқаға бұ­рылған кез­де бас қаланың бас жос­парын жа­сауға тұңғыш ха­лық­аралық байқау жа­­рия­ланып, әлемдік сәулет өнерінің сұң­­ғы­лалары жіберген жүздеген жобалар білгір мамандардың са­рап­тауынан өткізілді. Астананың бас жоспар байқауына айтулы сәулет державаларынан және бұл тұрғыда атағы әлемге жайыл­ған Жапония, АҚШ, Аустралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Бол­гария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдер­ден 60-қа жуық жоба келіп түсті. Олар Астана концерт залына қо­йылып, таң­даушылар назарына ұсынылды. Сөйтіп, тың жобалармен әркімнің танысуына толық мүмкіндік туды. Соншама жоба­ның арасынан Қазақстанның жаңа астанасын салудың бас жоспары ретінде сол кездегі аса көрнекті сәулетшілер­дің бірі – жапон концептуалисі Кисе Курокаваның архитектуралық жұмысы мамандардың талғамы мен талабын дөп басты.

чс

Кезінде Амстердам қала­сын­дағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлт­­тық-экологиялық мұра­жа­йы, Болга­риядағы «Ви­тоша» қонақүйі, «Сони» корпо­ра­ция­сының мұнарасы сынды жо­балардың авторы, атақты жапон архитекторы Кисе Курокава осы­лайша Астана қаласы бас жос­парының атасы атанды. Куро­каваның бас жобасы бо­йынша жүзеге асырылған Астананың архитектуралық ансамблі бүгінгі заман­ның өскелең дизайны мен Азияның сәу­лет колоритінің бі­регей үндестігін құрайды.

Сезімтал сәулетші Астананы дамы­­тудың негізіне жаңа фило­софия­лық көз­қарасты тұғыр етті. Оның тұжы­рымда­уынша, ХХ ғасыр механикалық прин­цип­тер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуге тиіс.

Ақиқатында қала құрылы­сының бұл жаңа идеологиясы жаңа мыңжылдықта­ғы шаһар салудың шешуші бағыты­на айналды. Курокава идеясының мәні, қала құрылысы мен таби­ғи экология­лық жүйе­нің үйлесім-дікпен дамуы болатын. Жыл сайын саны көбейіп сән құрып жатқан саябақтар – сол идеяның жемісі.

Десек те өз еліміздің архитекторлары Астананың бас жоспа­рына уақыт өте келе өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізді. Он­да өңірдің экологиялық жүйе­сі­мен қала құрылысының біре­гейле­не салынуына басты назар аударылды. Аймақтың табиғи жағда­йы, ауа райының құбылмалылы­ғы ескеріліп, қала маңын­да жасан­­ды орман алқаптарын қалып­тасты­­ру қолға алынды.

Соның нәтижесінде «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорны құрылып, Астана аумағын көгал­дандыру шаралары басталып кетті. Елордасын Арқаның тынымсыз желі мен сұрапыл дауылдарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш егіліп, жасыл белдеу жасалды. Астананы орап жатқан бұл орман алқаптарының алабы бүгінде жүз мың гектарға таяп қалды. Қазір бұл орманда қоян, түлкі, қарсақ, елік сияқты аңдармен қатар, өңірдің сәнін келтіретін жүздеген құстар ұя салып, өсіп-өніп көбейіп жатыр. Бұйыртса, таяу жылдарда Астана орманы Бурабай өңіріндегі қалың табиғи орманмен қосылып кетеді. Бұған қоса, қала ішін көгалдандыру, әрбір құрылыс алаңын жасыл желекті баққа айналдыру жұ­мыстары да кең көлемде жү­зе­ге асырылып келеді. Жапон сәу­летшісі доктор Курокаваның архи­­тектуралық идеясының арманына айнал­ған «симбиоз» жүйесі осылайша алғаш рет Аста­нада жүзеге асты.

Расында Астана құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына да айнала білді. Көкжиек­пен көмкеріл­ген жазира далада аспанмен талас­қан ғимараттар сән жарастырып, сәулет өнерінің салтанатын паш етті. Астаналық архитектура­лық ансамбльде Шығыс сәулет өне­рінің жау­һарлары мен Батыс сәу­лет­ші­лері­нің батыл идеялары өзара үйлесім тауып, жаңа кереметтер дүниеге келді. Қаланың бас жоспарын Күншығыс елі­нің сәулетші Кисе Курокава жаса­са, Астананың архитектуралық айбы­нын айшықтаған «Бейбіт­ші­­­лік және келі­сім сарайы» мен ­қа­зір­гі күнде Гин­­нестің ре­корд­­тар кітабына кірген «Хан Ша­тыр» сауда және ойын-сауық орта­лығы – атақты ағылшын ар­­хи­текторы Норман Фостердің шы­­ғармашы­лық іздені­сінің же­місі. Ал бас қаланың сәулет ­жә­не мә­дени өмірінің сәнін асыр­­­ған Киноконцерт залы – ита­лия­лық сәулетші Манфреди Нико­леттидің қолтаңбасы.

Көз тартатын көркімен де, кел­беті­мен де, көлемімен де кө­ңіл өсіре­тін Астананың архитек­туралық ансам­блін­дегі тағы бір айшықты құрылыс – Н.Фос­тер­дің ізденісінен туындаған «Абу Даби Плаза Астана», қазіргі «Қазақстан» ке­шені. Жанама құрылысы өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілген ғаламат ғимарат 75 қабаттан тұрады. Жалпы биіктігі – 320 метр. Ке­шенінің жалпы аумағы 550 мың шаршы метрді құрайды. Он­да қонақүй, фитнес залдар, кең­селер, пәтерлер, сауда орталығы, қысқы бақ және мейрамхана ор­наласқан.

Тағы бір тамаша ғимарат – велошабандоздың шлемі тәріздес «Сарыарқа» велотрегі. Оның сыртқы көрінісі айтып тұрғандай, велоспортқа арналып салынған. Велотрек – бокстан, баскетболдан, көркем гимнастикадан және дзюдодан жарыс­тар өткізуге де ыңғайлы әмбебап кешен. Мұнда бір мезетте 9 270 адам спорт ойындарын тамашалай алады. Кешеннің ішіндегі тректің ұзындығы 250 метр болса, ені – 7 метр.

Ал «Барыс Арена» мұз сара­йының құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылдың 8 та­мы­зында пайдалануға бе­рілді. Жоба­ның архитекторы – «IT Engi­neering S.A.» жобалау компа­ния­сы. Арена бір сәтте 12 мыңға де­йін көрермен сыйдыра алады. Жалпы аумағы 86 мың шаршы метрді алып жатыр. Көп функциялы кешенде 2 мұз айдынына қоса, 50 метрлік олимпиада­лық бассейні мен көркем жүзуге арналған бассейні бар. Сонымен қатар спорт сарайында басқа да мерекелік мәдени іс-шараларды өт­кізуге болады.

Талайды таңғалды­рып жүр­ген «Астана Арена» – халық­ара­лық стандарт­тар­ға сай са­лын­ған елордадағы айрық­ша ны­сан­дардың біре­гейі. Кешен ең алдымен, футбол матчтарын өткізуге арналған. Әйтсе де, басқа ірі спорт және мәдени шара­ларға да ыңғайластыруға болады. Жа­санды көгалмен көмкерілген алаң­ның ұзындығы 105 метр болса, ені – 68 метр. Стадионның 20 минутта ашы­лып-жабыла­тын төбесі жылдың кез кел­ген мезгілінде ойынды тамашалау­ға қо­лайлы жағдай туғызады. Осындай қасие­тімен бұл нысан әлемдегі жылжымалы шатыры бар алты стадионның бірі саналады. Бұның архитектуралық жобасын «Populous» және «Tabanlioglu Architects» компаниялары жасады. Бұл – құшағына 30 мың кө­рерменді еркін сыйдыра алатын теңдессіз ғимараттардың бірі.

Бас қаланың сол жақ жаға­ла­уында орналасқан «Астана Опера» театры көз­тартарлық әсем­дігімен әйгілі. Театр әу баста ға­жайып кешен ретінде техника­лық және көркемдік жетістіктерді бойына жинақтаған. Әлемдік деңгейдегі белді де беделді опера және концерттік залдарының, яғни Миландағы «Ла Ска­ла», Мадридтағы Корольдік опера, Мәс­кеудегі Үлкен немесе Нью-Йорк­тегі «Метрополитен-опе­ра» сияқты театр­лардың қата­рында. Театрдың кірпі­шін қа­лауға отандық мамандармен қа­тар Швейцария, Италия, Ал­бания, Ма­рок­ко, Ресей шебер­ле­рі де қатысты. Жос­пар­лауда мұндай ғимараттарды салудағы жинақталған әлемдік тәжірибе ескерілді.

Классикаға негізделген ғи­ма­рат эл­ли­нистикалық нақыш­тар­ға толы, манье­ризм мен барокко бағытына да мән бе­рілген. Осылайша, архитектуралық са­ғат тілдерін жылжытып, көне грек сти­лінде ұтымды жасалды. Театр жалпы аумағы 9 гектар жер көлемін алып жа­тыр. Көше бо­йындағы есік алдында са­лын­ған ұзын жаяу көпір «Астана Опера» ғажайып ғимараты­­мен әдемі үйлескен. Ал ғимарат 64 мың шаршы метр аумақта ор­наласқан. Оның 3 мың шаршы мет­рінде 4 сахналық аймақ қам­тылған. «Астана Опера» театры өзінің ауқымдылығы­мен де, ар­хи­тектуралық келбетінің көрік­тілігімен де келген қонақтың бә­рін тамсандырады.

Қазір қарап отырсақ аяулы Аста­на­мыздағы ғажайып архи­­тектуралық ғима­раттарды бір ма­­қалаға сыйдыру мүмкін бол­май тұрғаны. Әлі ауызға алын­баған ЭКСПО нысандарымен қатар тағы қаншама керемет кешен бар. Олардың бәрі жөнінде тиянақты жазуға тағы бір айналып соғармыз деген ойдамыз.