Қазақстан • 10 Шілде, 2023

Астанада Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтеді

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) Астана қаласында Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумының алаңында әлемнің 25 елінен танымал зиялы қауым өкілдерін жинайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтеді

13-14 шілде аралығында «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» тақырыбында Орталық Азия форумы өтеді.

Әлем бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси өзгерістердің алдында тұр. Үдемелі сипаттағы жаһандану аясында аймақтандырудың жаңа форматтары қатар артып келеді. Мұның бәрі қауіпсіздік архитектурасын қоса алғанда, халықаралық қатынастардың жаңа ережелері мен тетіктерін орнатуда бәсекелестіктің күшеюін тудырады. Бұл тұрғыда Азия саяси және геоэкономикалық тартымдылықтың негізгі орталығы мәртебесіне ие болады. Сондықтан Қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» тақырыбына арналады.

Іс-шара Мюнхен қауіпсіздік конференциясы, IISS-Shangri La Dialogue, Raisina Dialogue, Примаков оқулары және Астана Халықаралық форумы сияқты жыл сайынғы алаңдардың жаһандық экожүйесінің бөлігі болмақ. Форум әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының көрнекті ойшылдары мен саясаттанушыларының диалогы мен өзара іс-қимылының жаңа форматтарын көрсетеді. Жиын Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылады.

Пікірталас тақырыптары: «Азияның жаһандық қауіпсіздігі: болашақ мүмкіндіктері», «Еуразияның жаңа континенттік өзара байланыстылығы: орта дәліз және интеграция диалогы», «Инновациялар мен «ақыл-ой» үшін жаһандық бәсекелестік: жаңа технологиялар, жасанды интеллект және адами капитал» және т.б. Жапония, Қытай, АҚШ, Үндістан, Сингапур, Ресей, Түркия және өзге елдердің өкілдерінің қатысуы күтіледі.

Спикерлер қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала, Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтының вице-президенті Нарушиге Мичишита, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран СІМ Саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті Мухаммад Хасан Шейх Әл Ислами, Катардағы Джорджтаун университетінің мемлекеттік саясат профессоры, Араб зерттеулер және саяси зерттеулер орталығының ирандық зерттеулер бөлімінің бастығы Мехран Камрава және т.б. бар.