Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қ.Тоқаев еліміздегі ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын. Содан кейінгі отырыстарда шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен активтерді қайтаруға тапсырма берді. Осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Былтыр 26 қарашада Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.
Биыл «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жобасы Парламентте қызу талқыға түсіп, қабылданған еді. Осыдан кейін құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Қабылданған құжатта шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылатыны көрсетілген. Бұдан бөлек, 13 млн АЕК-тен асатын (44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн доллар) активтері бар тұлғалардың да қаржы айналымы жіті қадағаланбақ.
Шетел асқан қаражатты тексеруді Бас прокуратураға қарасты арнаулы уәкілетті орган жүзеге асырады. Мекеме мониторинг пен талдау жүргізіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтап, оған қатысы бар тұлғаларды іздестіреді. Алда-жалда шетел асқан қаражат заңсыз шығарылған деген күдік туса, онда активтерді қайтару жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданады. Арнайы комиссия Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан, өзге де тұлғалардан құралмақ. Комиссияны Премьер-министр жасақтайды.
Әлемдік қаржы сарапшыларының жасаған бағалауына сүйенетін болсақ, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 миллиард долларға дейін жоғалтады екен. Сол себепті қазіргі таңда заңсыз шығарылған активтерге тосқауыл қою бүкіл әлемде бас ауыртар мәселеге айналып отыр.
Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің басты міндеті. Өйткені қаржының шетелге заңсыз шығарылуы экономикаға теріс әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді. Қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолмен «қауіпсіз», «жайлы» орын тауып жатады.
Осылайша, қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға, басқа да қаржы құралдарына салынады. Шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларға бағытталады. Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару үдерісі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс.
«Заңда активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген. Бірінші – ерікті түрде қайтару өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады. Екінші – соттардың шешімдеріне сүйене отырып, қылмыстық үдеріс шеңберінде заңсыз алынған активтері тәркіленеді. Үшінші – мүліктік қылмыстық шығу тегі белгілі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтартқызады. Төртінші – соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу іске асырылады», дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қабылданған заңды жан-жақты ойластырылған құжат деуге келмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, асығыс қабылданғандықтан құжатта шикіліктер бар. Алайда уақытты созбай, заңды жедел арада қолданысқа енгізу қажет.
«Клептократтар халықтың қазынасынан ұрлаған-жырлаған қаражатты әртүрлі қитұрқы схемамен әлемнің түкпір-түкпіріне тығып жатқанда, арқаны кеңге салуға болмайды. Заңды пайдалану барысында оған толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттігі туады. Әсіресе шетелдік юридикциялар алдындағы қолданыс практикасы мұндай қажеттілікке мұқтаж. Сондықтан көп ұзатпай, Үкіметтің өзі Парламенттің алдына заңға толықтырулар жобасын ұсынады. Ең бастысы – тәуелсіз еліміздің тарихында әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қалыптастыруға тағы бір алғышарт болатын алғашқы заң қабылданды. Бұл заң әзірге осы тұрғыда құнды», дейді Е.Бапи.
Тағы бір айта кетерлігі, активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар. Осылайша, аталған заң ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.
Депутат Самат Нұртаза заңның басты екі ерекшелігі бар екенін айтады. Біріншісі, жасалған қылмыстар мен жемқорлық уақытының өту мерзімінің жоқтығы.
«Яғни орысша айтсақ, «срока давности нет». Мысалы, адам 1992 жылы жасаған қылмысы үшін 2042 жылы жауапқа тартылуы мүмкін. Екіншісі, бұл заң кейбір адамдар ойлағандай «легализация» емес. Ұрланған қаражаттың 20-30 пайызын беріп, қалғанын өзінде қалдыруға мүлдем болмайды. Ұрланған мүлік толықтай мемлекет бюджетіне қайтарылады. Басты жеңілдік, егер адам өз еркімен ұрланған мүлікті, қаражатты, активтерді қайтарса, онда қылмыстық қудалаудан босатылады. Ал егер күдіктінің сөзі мен комиссияның нәтижесі сәйкес келмесе, ол адам толықтай жазаға тартылады», дейді С.Нұртаза.
Жалпы, осы бағытта жұмыс басталғалы ауқымды қаражат елге қайтарылды. Шамамен 670 миллиард теңге елімізге қайтарылған. Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжановтың айтуынша, заңсыз алынған активтердің көп бөлігі АҚШ, Швейцария, Англия, Франция, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Гонконг сияқты елдерде шоғырланған. Сондай-ақ Сейшел аралдары мен Панама сияқты оффшор аймақтар да бар. Әділет министрі Азамат Есқараевтың келтірген деректеріне сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елден шамамен 160 миллиард доллар шығарылған.