Бүгінгі таңда деректерді сақтау және өңдеу индустриясы экономиканың барлық саласы мен әлеуметтік өмірдің цифрлық трансформациясы үшін аса маңызды болып отыр. Соған байланысты негізгі мәселені талқылауға «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Қазтелепорт», «QazCloud», «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «Интернет-компания PS», «ИТ-Град», «ИТГЛОБАЛКОМ КАЗ», «Яндекс.Бұлт Қазақстан», «ВК Тех Қазақстан», «Облачные решения» секілді компаниялардың өкілдері қатысты. Отырысқа қатысушылардың пікірінше, деректерді өңдеу орталықтарын, яғни Cloud нарығын қарқынды дамыту үшін мәселелерді кәсіби қоғамдастық шеңберінде бірлесіп шешу тиімді болмақ. Сондықтан салалық заңнаманы жетілдіру, елде ІТ қызметтерін тұтынудың сервистік моделін дамыту, мемлекет-жекеменшік әріптестіктің тиімді модельдерін әзірлеу, салаға инвестиция тарту, отандық әзірлемелерді экспортқа шығару және деректерді сақтау мен өңдеу жүйесін дамыту үшін Деректерді өңдеу орталықтары операторлары мен бұлтты сервистер қауымдастығы құрылды. Қауымдастық нарықтағы коммерциялық деректер орталықтарына негізделген қызметтерді және бұлтты қызметтерді ұсынумен тікелей байланысты өкілдердің басын қосады.
Қауымдастықтың жұмысын үйлестіру көп жыл бойы елімізде телеком-аналитика және басқарушылық консалтингке маманданған «iKS-Consulting» аналитикалық агенттігінің деректер орталықтары мен бұлтты сервистер нарығы бойынша өкілдігін басқарып келе жатқан Светлана Черненкоға тапсырылды.
– Қауымдастық технологиялық және операторлық бейтараптық қағидаттарында құрылады. Бұл нарық пен мемлекет арасында бүкіл саланың мүддесі үшін тиімді коммуникация арнасын жолға қоюға, оны құқықтық жетілудің жаңа деңгейіне шығаруға, ақпараттық ашықтық есебінен инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді. Қауымдастық қызметінің маңызды бағыты елімізде де, одан тыс жерлерде де қоғам мен бизнестің игілігі үшін жұмыс істейтін тартымды және тиімді сервистер мен қосымшаларды құру үшін оқыту бағдарламалары, үздік әлемдік тәжірибелерге қол жеткізу және салалық сараптама есебінен кәсіби кадрларды даярлауға жәрдемдесу болмақ, – деді жаңа қауымдастықтың басшысы С.Черненко.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Бөкеева деректерді сақтау мен өңдеудің отандық инфрақұрылымының деңгейі үздік әлемдік тәжірибелер мен стандарттарға сәйкес келуі өте маңызды екенін және қауымдастық нарықтың барлық қатысушысын өзекті салалық сараптамамен өзара байыту алаңына айналатынына сенімді екенін айтты.
– Цифрлық даму министрлігі коммерциялық деректер орталықтары мен бұлтты қызметтер нарығы ойыншыларының мемлекет пен нарық арасындағы диалог үшін арна болуға, бір-бірін естуге, деректерді сақтау және өңдеу саласын дамыту үшін тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін салалық қауымдастық құру жөніндегі бастамасын құптайды әрі қолдайды. Мемлекет басшысының елімізде өңірлік деректер хабын қалыптастыру жөніндегі алға қойған мақсаты реттеушіден және саладан теңгерімді шешімдер қабылдау үшін тұрақты тығыз байланыста болуды талап етеді. Ұлттық инфрақұрылымдық және сервистік операторлардың мүддесін ескеруге және қажетті қолдау шараларын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өз шешімдерін Орта Азия аумағында одан әрі тарата отырып, елімізде орналастыруға және оқшаулауға дайын шетелдік инвесторлар мен әріптестер ағыны үшін саланың тартымдылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Г.Бөкеева.
«Қазақтелеком» АҚ филиалы – Ақпараттық технологиялар дивизионының бас директоры Марат Әбділдабековтің айтуынша, экономиканың отандық салаларын цифрландырудың жаһандық үрдістері мен міндеттерін ұстану үшін «Қазақтелеком» өзінің инфрақұрылымы негізінде де, бұлтты шешімдерді жеткізушілермен серіктестікте де деректерді өңдеу орталықтары желісін кеңейтуге, олардың қолжетімділігін арттыруға және бұлтты сервистерді дамытуға көп көңіл бөледі. Дәстүрлі IaaS сервистерінің дамуын ғана емес, сонымен қатар «бұлттар» мен телекоммуникациялардың түйіскен жерінде кешенді шешімдер пысықталатын болады.
Ал «Қазтелепорт» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Валерий Маркин тәуелсіз қауымдастықтың берері көп дейді.
– Тәуелсіз қауымдастықтың жұмысы деректер орталығы мен бұлтты технологиялар қызметтері нарығын дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Саланың өзекті мәселелерінің ашықтығы мен талқылануы, сайып келгенде, инженерлік құрамның техникалық мүмкіндіктері мен кәсібилігін біріктіру арқылы ең жақсы, сенімді қызмет көрсетуге жол ашады. Құрылған қауымдастық қызметінің назарында кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселелері болуға тиіс. Бұл – кез келген дата-орталықтың инженерлік инфрақұрылымымен штаттан тыс жағдайларды пысықтауға профилактикалық тәсіл, екінші жағынан, осы мәселеге назар аудару елде ІТ қызметтерін тұтынудың сервистік моделін танымал етуге ықпал ететін болады, – деді В.Маркин.