Аймақтар • 13 Шілде, 2023

Оралдық оқушылар – абсолютті чемпион

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында өткен халықаралық Хэйлибери ферст чемпионатында (International Haileybury first championship) оралдық оқушылардан құралған команда абсолютті чемпион атанды.

Оралдық оқушылар –  абсолютті чемпион

Жарыс маусымның соңында, Алматы қаласында өткен. Екі күнге созылған халықаралық жарысқа Орал қаласынан бар­ған «HighTech» және «Jaiyq» ко­ман­далары белсене қаты­сып, 35 команданың арасынан дара шығып, 5 кубок же­ңіп алды. «Jaiyq» командасы өз ка­те­­­гориясында чемпион атанса, «HighTech» финалда Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Дубай қа­ла­­сы­нан келген командамен бақ сынасып, абсолютті чемпион атанған.

– Жарыста оқушылардың тек робот құрастыру ғана емес, әлем­дегі күрделі мәселелерді шешуге арналған жобалар ұсынуы да керек болды. Әр команда өздерінің жан-жақтылығын көрсете бі­луі қажет еді. Олар 5 түрлі ба­­ғыт бо­йынша сынға түсті. Ко­ман­даның ауызбіршілігі, pid зона, робот ди­зайны және тағы да бас­қа сы­нақтар болды. Біздің оқу­шылар сенімді ақтады, – дейді оралдық оқушыларды бастап барған қос жетекшінің бірі Абдолла Абу­толыбов.

Оралдық қос командадағы 12 оқушының жетеуі – Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері. Финалдық кезеңде Дубайдан келген команданы жеңіп, «Robot Performance Award», «Champions award» категориялары бойынша абсолютті чемпион атағына лайық деп та­нылған «HighTech» түгелге жу­ық зияткерлерден құралған. Ко­манда жетекшісі Нұрбол Қы­рықбаев «Ең үздік ментор» атанды.

– Роботтехника – бола­шақ­­тың бағдары. Қазақстанда қарқын алып келе жатқан осы салаға NIS оқушыларының қы­зы­ғушылығы жоғары. Бү­гінде мектебімізде білім алып жүр­ген Рамазан Қазбеков, Арсен Есен­ғалиев, Әділжан Темірзахов, Дәу­лет Мұқанов, Әлихан Серік, Тайыр Назар, Әділ Ерген сынды зияткерлеріміз келешекте еліміздің роботтехника саласын өркендетуге сүбелі үлес қосарына сенеміз, – дейді Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Мөлдір Латифова.

Жоғарыдағы зияткерлерге қоса, жеңімпаз команда мүшелері қатарында Орал қаласындағы Ақпараттық технологиялар кол­леджінің 2-курс студенті Ғұбай­долла Бексұлтан, №46 мек­тептің 7-сынып оқушысы Төре­хан Асхатұлы, №5 мектептің 10-сыныбында оқитын Артур Жақсығалиев, №41 мектептің 8-сынып оқушысы Райымбек Ғабдуллин, №46 мектептің 8-сы­нып оқушысы Әлиислам Құр­манғалиев те бар.

Жеңімпаздарды Батыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қа­былдап, Алғысхат және естелік сыйлықтармен марапаттады. Та­лантты оқушыларды бола­шақ­та да қолдап тұруға уәде берді.

Айта кетейік, мұндай қол­дау көп кешікпей-ақ қажет болуы мүмкін: қазір оралдық оқу­шылар тамыз айында Қытай­дың Макао қаласында өтетін жа­рыстың іріктеу турына да­йындыққа кірісіп те кетті. Ха­лықаралық беделі зор сайысқа Қазақстандағы іріктеу турынан жеңімпаз атанған команда ғана барады. Сондықтан оралдықтар өздерінің үздік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеуге тырыспақ.

Орал қаласындағы Оқушылар сарайында роботтехника үйір­месі ашылғанына 5-6 жыл бол­ған. Үйірме жұмысы заманауи құрал-қондырғыға тәуелді екені сөзсіз. Өткен айда ғана оқу­шылар сарайында «Сәби» қоры құ­ны 28 млн теңге тұратын жаңа үлгідегі «Роботтық техника» кабинетін тарту еткен екен. Нәтижесі бірден көрініп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы хай­текші жасөспірімдерге осындай зама­науи қондырғылармен бола­шақта да қамтамасыз етуге уәде етіп, облыстық білім басқар­масына тапсырма берген.

 

Батыс Қазақстан облысы