Тарих • 13 Шілде, 2023

«Айсұлу» операсы кімге арналған?

619 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың музыка өнерінде көрнек­ті композитор, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Сыдық Мұ­хамеджановтың алар орны бөлек. Оның таланты сан қырлы. Кон­серваторияны бітірмей-ақ шұрайлы шығармаларымен елге танылды. Музыканың күрделі жанр­­ларына құлаш сілтеп, скрипка мен фортепианоға арналған сона­талар, пьесалар, хорлар, дра­ма­лық қо­йы­лымдарға музыка, тың­дар­­мандарды нәзік сезімге бөле­ген бір­неше ән мен ро­манс жазды.

«Айсұлу» операсы кімге арналған?

Сондай-ақ талантты тұлғаның «Бекет», «Ақан сері – Ақтоқты» операсы, «Ғасырлар үні» оратория­сы, «Дауыл» симфониясы және тағы басқа да өрнегі өзгеше өрілген туын­­дылары ұлттық музыканың мерейін асырды. «Алдар көсе», «Бо­­такөз», «Рәбиға», «Сәуле» атты қойы­­лымдар мен «Ана мен бала», «Біз Же­тісуданбыз», «Партизан қызы» кино­фильмдеріне жазған музыкасы да шы­найылығымен, мазмұндылығымен көрермен көңілінен шықты.

Әсіресе оның 1952 жылы жазған «Қуа­ныш Отаны» атты симфониялық поэмасы жастар мен студенттердің Бухарестте өткен Дүниежүзілік фестивалінде орындалып, ком­­позитор есімі елімізге ғана емес, шет мем­ле­кет­терге де танылды.

Жалпы, музыкатанушылар Мұхамед­жанов шығармашылығына вокалды жанр жақын екенін айтады. Мәселен, 1958 жылы Мәс­кеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігінде айтулы композитордың оркестрге арналған концерті оның әуендік стилінің әр қырын ерекше көрсетіп, тыңдармандарын тәнті етті.

Композитордың 1964 жылы жазған «Ай­сұлу» атты комедиялық операсы сол кезде туған қазақ музыкасының шоқтығы биік шығармасы аталды. Бұл туындының сахналануы ұлттық опера өнеріндегі маңызды оқиға саналды. Сыдық Мұхамеджанов «Ай­­сұлу» операсын талантты опера ән­шісі, Қазақстанның халық әртісі Айсұлу Бай­қадамоваға арнап жазған. Айсұлудың өзі осы операда «Айсұлу» партиясын орындап, жұртшылықтың жоғары бағасына ие болған.

Көрнекті композитор опера арнаған Айсұлу Байқадамова кім? Қазір бұл ән­шінің есімін ересек адамдар болмаса, кейінгі жас­тар біле қоймайды. Аты да көп айтылмайды. Өмірден өткеніне де отыз жылдан аса уақыт болған. Алайда талантты әншінің өнердегі ізі ұлттық опера тарихында мәңгі қалды.

Әншінің өскен ортасы да ән мен күйге кенелген өлке. Туған ағасы Бақытжан Бай­­қадамов – атақты композитор. Апасы Күнім­жан Байқадамова өз естелігінде оның бала күнінен өнерге жақын болғанын жазыпты:

«Айсұлу – Алматыдағы қазіргі Ш.Уәли­ханов атындағы №12 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады. Бұл кеңес кезеңінде қаладағы жалғыз қазақ білім ұясы болды. Бақытжан ағамыз жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қаладағы №38 мектепке мұғалім болып орналасып, Айсұлуды соған ауыстырып алды. Ағам осы мектептен көр­кемөнер үйірмесін ұйымдастырды. Нұрғиса Тілендиев, Нариман Қаражігітов, Айсұлу Байқадамова секілді белгілі тұлғалар өнер­дегі қадамын осы үйірмеден бастады. Ол осы үйірмеге қатысып жүріп, қазақ сахнасының бұлбұлы Күләш Байсейітовамен танысты. Күләш апа оның дауысына тәнті болып, оған «Қыз Жібек» рөлінде ойнағанда киген тақиясын сыйлады».

Айтпақшы, осы үйірме мүшелері «Қыз Жібек» қойылымын сахналағанда Жі­­бекті – Айсұлу, Бекежанды – Нұр­ғиса Тілендиев ойнаған екен.

Дарынды әнші Мәскеу консерваториясында білім алғаннан кейін Қазақ опера және балет театрына орналасып, оның үлкен сахнасында өнер жолын бастады. Әп дегеннен көзге түсіп, жұлдызы жанды. Күрделі партия­ларды орындады. Елге талантымен танылды.

Жалпы, нәзік жанды әнші­лердің ең жоғары дауысы во­­кал тілінде сопрано деп ата­­лады. Қа­зақ әншілері арасында Күләш Бай­сейітова мен Айсұлу Байқа­дамованың дауыстары тембр­лік бояу сазына қарай сирек кез­де­се­тін лирикалық сопраноға жатады.

Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Кеңес Бақтаев оның дауысы сондай таза, ашық, диапазоны кең бол­ғанын айтады.

 «Айсұлу апаймен «Қыз Жібек» операсында сахнаға бір­ге шықтым. Ол Жібекті, На­риман Қаражігітов – Төле­генді, мен – Шегені бейнеледім. Дауысы өте керемет. Құла­­ғымнан әлі күнге дейін кетпейді. Биік ноталарды да еркін алады. Ол кісі театрда Күләш Байсейітовадан кейінгі әнші болды», деп еске алыпты.

Айсұлу Байқадамова – опера және балет театры сахнасында жаны нәзік лирикаға бейім кейіпкерлердің қайталанбас образдарын сомдады. Ол орындаған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» – Ажар, М.Тө­лебаевтың «Біржан-Сарасындағы» – Сара, Е.Рах­­мадиевтің «Қамар сұлуындағы» – Қамар, Н.Римский Корсаковтың «Патша қалың­­дығындағы» – Марфа, К.Делибтің «Лак­месіндегі» – Лак­ме, М.Глинканың «Руслан мен Людми­ласындағы» – Людмила, Дж.Пуч­чинидің «Чио-Чио-Cанындағы» – Чио-Чио-Сан партиялары ұлттық опера өнерінің інжу-маржанына айналды.