Құдды тұрымтайдан зәбір көрген бозторғайдай шырылдаған кәсіпкерлер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне жиі шағымданады. Өйткені кәсіп ашқандарға қолдау көрсетуге тиіс мемлекеттік, өзге де органдар адымын аштырмай отыр. Өңірлік департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасы іске асырылып жатыр.
– Бұл жоба Атырау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге қолға алынды. Аталған жоба кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезінде әртүрлі әкімшілік кедергілерге кезікпеуге көмектеседі. Биыл жобаны іске асыру басталғаннан бері 386 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысты – 152, мемлекеттік қызметтер мен бақылау бойынша – 2, табиғи монополияға байланысты 49 өтініш қаралды. Департаменттің ұсынысымен мемлекеттік сатып алу, кедендік және салықтық әкімшілендіру саласындағы квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік органның субъектілерінен 153 кәсіпкерге 992 млн теңге мөлшерінде берешек төленді, – дейді Ерұлан Серікқалиев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерден түскен өтініште бірнеше мәселе қамтылған. Департамент қызметкерлерінен көмек сұраған шағын және орта бизнес иелері мемлекеттік қолдауға, салықтық әкімшілендіруге, жүк тасымалдауға, жер қатынасы мен кедендік әкімшілендіруге байланысты кедергіге тап болғанын алға тартып отыр.
– Шенеуніктер әртүрлі кедергіні өздері қолдан жасайды. Кәсіпкерлер мұндай кезде өзінің құқығын қорғай білуі керек. Дегенмен біздің департаменттің қызметкерлері кәсіпкерлерге көмектесуге әрқашан дайын, – деп мәлім етті Е.Серікқалиев.
Аталған департамент ұсынған деректерге жүгінсек, кәсіпкерлерге қарсы жасалған кедергінің сан түрін кезіктіруге болады. Мәселен, жергілікті кәсіпкер биылғы ақпанда Қытайдан кедендік декларациялау рәсімінен өткен тауарды сатып алған. Алайда салық органының қызметкерлері тауардың құны мен барлық құжатты одан әрі тексеру үшін 5 млн 802 мың 717 теңге мөлшерінде депозит енгізу туралы талап қойған. Бұл қаржының 357 423,42 теңгесі бюджетке аударылған.
«Депозит енгізілгеннен кейін мемлекеттік кірістер комитеті басқа құн бойынша баж және қосымша құн салығын қосымша төлеу қажеттігі туралы шешім шығарған. Кәсіпкер бұл шешіммен келісіп, қарыз сомасын төлеген. Содан соң депозиттің қалған сомасын қайтару туралы өтініш жолдаған. Алайда 2 аптадан астам уақыт ішінде 5,4 млн теңге депозитін қайтара алмаған. Соның салдарынан кәсіпкер корпоративтік табыс салығын ақша қаражатының жеткіліксіздігіне байланысты төлей алмай жүр. Бұл өз кезегінде өсімпұлдың пайда болуына, төлемнің кешіктірілуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты кәсіпкер облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі лауазымды тұлғалардың 5,4 млн теңге депозитін қайтарудан бас тартуына қатысты жүгінді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департаментке серіктестік басшысы Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жасалған заңсыздық әрекетіне шағым түсірген. Өйткені басқарма қызметкерлері оның есепшотынан басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған. Ал іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болмай шыққан. Шенеуніктердің заңсыз әрекетінің салдарынан кәсіпкер 42 қызметкерге жалақы, салық төлей алмаған. Келісімшарттағы міндеттемелерін орындай алмағаны анықталған.
Кәсіпкерлерге ақ халатты абзал жандар жұмыс істейтін ауруханалар басшылары тарапынан қысастық байқалады. Осындай екі аурухана басшыларының кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төлемегені анықталыпты. Кәсіп иелеріне қарыз болған емдеу орнының бірі – мұнайлы шаһардағы №2 облыстық аурухана. Екіншісі – Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы.
«Біздің департаменттің қызметкерлері №2 облыстық ауруханасы мен Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының жұмысына мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысымен 64 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік сатып алу бойынша көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін 900 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты төлемеу дерегі анықталды. Осыған байланысты мән-жайды анықтау мақсатында аталған медициналық мекемелерге тиісті хат жолданды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Тағы бір кәсіпкердің шағымында өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерінің 25 мың теңге талап еткені айтылған. Осыған байланысты антикор тарапынан әлгі қызметкердің жұмысына талдау жасалған. Ол 2021 жылдан бері 427 бизнес субъектісі үшін бизнес-жоспар әзірлеген. «Алайда шағымданған кәсіпкердің айтуынша, палата қызметкері бизнес-жоспарды әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен. Бұл бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде іске асырылуы керек. Үкіметтің қаулысына сәйкес бизнес-жоспарды әзірлеу өтеусіз негізде жүргізіледі», деп нақтылады баспасөз қызметі.
Кәсіп иелерінің ісін тежеуге монополистер құлықты секілді көрінеді. Департамент қызметкерлерінің талдауында «Атырау облысы Су арнасы» КМК тарапынан су бұру және сумен жабдықтау бойынша бір қызметтің негізсіз 4 дербес бөлікке бөлінгенін анықтады. Бұл кәсіпорын аталған қызмет көрсету түрін жергілікті актілермен регламенттей отырып, оның мерзімін өзгерткен. Сөйтіп, 28 күннің орнына қызмет көрсету мерзімі бірнеше айға, ал кейбір жағдайда бір жылға дейін ұзартылған. Мәселен, 2020-2022 жылдары 1 600-ден астам кәсіпкер дәл осындай кедергі тап болған. Сол себептен, монополист кәсіпорынға бірқатар ұсыныс беріліп, тәжірибе тоқтатылды. Қызмет көрсету тәртібі заңнамаға сәйкестендірілді.
Мұндай кедергі «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының тарапынан байқалады. Өңірлік департаментке жергілікті кәсіпкер аталған филиалдың әрекетсіздігі мен әкімшілік кедергі жасағаны туралы шағым түсірген. Кәсіпкер мұндай шағыммен өңірдегі кәсіпкерлік палатасына да жүгінген.
«Кәсіпкер өткен жылдың желтоқсан айынан бері өндірістік филиалға жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияны бөлу, есепке алу торабын пайдалануға қабылдау актісіне қол қою туралы бірнеше рет талпынған. Алайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы журналдарды, техникалық шарттарды тексеру қажеттілігіне байланысты жауап беруден бас тартқан. Бұл сату бөлімінің өкілеттігі мен функциясына қайшы келеді. Өйткені аталған бөлім есептегіш қуатының газ жабдықтарына сәйкестігін тексереді. Осындай әрекетсіздіктен кәсіпкер тапсырыс беруші алдындағы міндеттерді орындау мерзімінің аяқталуына байланысты шығынға ұшыраған». Бұл да – өңірлік департаменттің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат.
Шағын және орта бизнестің иелерін шырылдатып, ісін тежейтін кедергілердің жойылмауына не себеп? Әзірге кәсіпкерлердің көкейкесті мәселесіне айналып отырған бұл сауалдың жауабы жоқ.