Алыстағы диқан ағайынның хал-ахуалын білмекке арнайы хабарластық. Жағдайлары расында, мәз емес. «Ашулы адам не демейді?» дегеннің өзінде де, айтқан мәселелері алаңдауға тұрарлықтай. Шиеттей бала-шағалы өз отбасымен қатар, ерте көктемнен бері қасында жүріп, қатар еңбек еткен 2-3 адамның маңдайақы терін өтеу былай тұрсын, қауын-қарбыз өсіруге салған қаржысының 4-тен 1-ін де қайта шығара алмай жүрген жанның қайғысы, шынында да ашынарлықтай...
«Біздегі қиындық Өзбекстаннан келетін судан басталады. Су тапшылығы үнемі болатындықтан су арналарына сусорғы тастап, көбіне-көп егісті солай суғарамыз.
«Біздегі қиындық Өзбекстаннан келетін судан басталады. Су үнемі тапшы болатындықтан егісті сусорғымен суғарамыз. Ал тамшылатып суғару технологиясы деген қауын-қарбызға жарамайды екен. Оны диқандар 2-3 жыл пайдаланып көрді. Нәтиже ойдағыдай болмады. Олардың қатарында біз де бармыз. Ірі әрі дәмді қауын-қарбыз өсіру үшін үнемі ағынды су керек», дейді Мақтаарал ауданының тұрғыны Сейітбек Құдайбергенұлы.
Шаруаның айтуына қарағанда, олар – Өзбекстаннан көшіп кел-
ген қандастар. Жекеменшік жері болмаған соң, егіс алқаптарын 800 мың теңге төлеп, бір жылға жалға алады. Осы арада диқан Үкіметке өкпе-назын да айтып қалды. «Бабаларымыз мұраға қалдырған ұлан-ғайыр жерден бізге үлес тимей отыр. Ал пайдаланылмай жатқан жер қаншама!» дейді ол.
Осы орайда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы жадымызда қайта жаңғырғанын жасырып қайтеміз. Онда сырттағы қандастар көшіп келген жағдайда оларға да жер үлесін беру мәселесі жақсы шешімін тапқан еді.
Диқандардың мәселесі мұнымен бітпейді. Қауын-қарбыз көшетін қыстың соңы, ерте көктемнің басында отырғызатындықтан оның астына да, үстіне де арнайы материал төселуі керек. Оның әр келісі 700-800 теңге тұрады екен. Сонда қауын-қарбыз егілетін бір гектар жерге 420 кг клеенка керек. Қыс бойы жерді қайта өңдеп, толық бабына келтіру үшін оған тағы тыңайтқыш беру ләзім. Тыңайтқыш Өзбекстаннан әкелінетіндіктен әр килосы – 200, ал бір қабы 10 мың теңгеге бағаланады. Оған қоса үстін жабу үшін клеенканы ұстап тұратын сымды да бірнеше шақырымға жететін етіп сатып алады.
Тағы бір мәселе, елдегі ірі қалалардың бәрін дерлік дәмді, қауын-қарбызбен жыл сайын қамтамасыз етіп келе жатқан осы диқандарға басқа шаруашылықтардағы сияқты лизинг немесе басқалай көмектер мен жеңілдіктер мүлде қарастырылмаған екен. Керісінше биыл Өзбекстан шекарасы ашылған соң олармен бәсекеге түскенде жағдайлары күрт нашарлаған. Себебі су мен тыңайтқыш Өзбекстаннан келеді. Сондай-ақ көрші елде қауын-қарбызды қайта өңдеп, түрлі азық жасайтын кәсіпорындар бар көрінеді.
«Өзбекстанда түрлі жеміс-жидекпен қатар, қауын-қарбызды да кәдеге асырып консервілейтін, одан қалғанын кептіріп, қауынқақ, қарбызқақ жасайтын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Логистикасы да ретке келтірілген. Бізде бәрі жабайы. Тіпті жүк көлігінің жүргізушісі де білгенін істеп жүре береді. Егер көрші елдегідей кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп тұрса, диқан мен базар арасындағы бағаны құбылтып отырған делдалдар жойылса, су мен тыңайтқыш мәселесі дұрыс шешімін тапса, жер емген қазақ кіммен болса да бәсекеге түсіп, ешкімге есесін жібермес еді», дейді Сейітқұл Жұманов.
Тұрғындардың айтуынша, бір гектар жерге 7 мың көшет егіледі. Оның әр данасы – 15 теңгеден. Көшеттерді бірнеше диқан бірігіп, оны өсіре алатын, соған лайықты жылыжайы бар бір адамға тапсырыс береді екен. Сөйте жүріп ол көшеттерді тағы 15 теңгеден сатып алады. «Мен биыл 3 гектар жерге қарбыз ектім. Оған 4 млн теңгеден астам қаржы жұмсадым. Бүгінге дейін сатқан өнімім 1 млн теңгеге әлі жеткен жоқ. Бұдан әрі қалай болары белгісіз. Жерге салған ақшамның тым құрығанда жартысын да қайтара алмаймын ба деген қауіп басым болып тұр», деді Сейітбек Құдайбергенұлы.
«Өзбек делдалдары келіп, бағаны қасақана түсіріп жатыр-ау деген алаң бар. Биыл су тапшылығы мен тыңайтқыштың аздығынан біздің өнім ұсақтау болып қалғаны рас. Ал өзбектердің қауын-қарбызы ірі шықты. Соны пайдаланған олар біздің алдымызды орап кетіп отыр. Шекараның ашықтығын пайдаланып, арзанға өсірілген өнімдерінің бағасын тағы да түсіріп, бізді тырп еткізбей қойды. Алдағы жылдарда бұлай жалғасатын болса, көп жағдайда Өзбекстанға тәуелді біздің жақта қауын-қарбыз өсіру ісі мүлде тоқырап, тоқтайтын шығар. Өзбек диқандарының іс-әрекетіне қарап олардың көздеп отырғаны да осы ма деген ой мазалайды. Олар қазақ диқандарын нарықтан шығарып тастаса, кейін еліміздің кез келген өңірінде өз өнімдерін қалаған бағасына сататыны анық», деді кейіс білдірген шаруа.
Осы жылы шығынға ұрынып, үлкен зиян шеккен диқан Сейітбек Құдайбергенұлы ғана емес. Онымен қатар 4 гектар жерге қарбыз өсірген Марат Қайназаров, 20 гектар алқапқа қауын еккен Ерғали Әзбергенов сияқты диқандардың еңбегі еш болғалы тұр.
«Қарбыз егілген 4 гектар алқапқа 5 тоннадан астам тыңайтқыш бердік. Оның бір килосы 200 теңгеден келеді. Әр гектарға 7 мың қарбыз көшетін отырғызған болсақ, толық алқапқа 28 мың түп көшет егілген. Оның әрбірін 15 теңгеден сатып аламыз. Көшеттер тегіс әрі біркелкі өсуі үшін және ертерек жетілдіру мақсатында 5-6 адамды жұмысқа тартып, әрбіріне күнделікті 5-6 мың теңгеден еңбекақы төлеп отырамыз. Ал өнім дайын болып, қауын-қарбыз пісіп жетілгенде Астана, Қостанай сынды қалаларға көлікпен жеткізудің құны 1 млн 200 мың теңгеге шығып тұр. Қыс бойы «Арқа етіміз арша, борбай етіміз борша» болып жүріп өсірген өнімді қалаған қала базарына өз қолымызбен алып бара алмаған соң, соншама еңбегіміз тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп бара жатқанына жанымыз күйеді», деді Марат Қайназаров.
Қауын-қарбыз өз мерзімінде пісіп-жетіледі де, уақтылы сатып, өткізіп үлгірмесең, пісімі өткенде суға айналып, ағады да кетеді. Сондықтан диқандарды тыңдағанда түрлі ой келеді. Расында да, олардың ауыр жағдайын естіген Үкімет мән-жайды зерттеп-зерделеп қиындықтан құтқарудың бір амалын табуына болар еді ғой. Мысалы, егіншілер мен малшыларға техниканы лизингпен бергені сияқты қауын-қарбыз өсіруші диқандарға да осындай көмек жолын қарастырған жөн болар. Сонда жер жыртып, егіс алқаптарын өңдейтін техникаларымен бірге, алыстағы ірі қалаларға өнімін өзінің жүк көлігімен апара алатын жағдайға жетер. Сөйтіп, бәсекеде бәсі жоғары болып, арадағы алаяқ делдалдардан құтылып, табысқа кенелсе, отбасының және қасында қызметте жүрген бір қауым елдің ырыздық-несібесі артар.
Айтқандай, Жетісай, Мақтаарал өңіріндегі шаруаларға желтоқсан айынан бастап, ақпан, наурыз, сәуір айларына дейін гектарлап өлшенетін жылыжайда көшет дайындап беретін диқандардың басы Сәбит Сартаев аталған 3-4 айда жыл сайын 50-60 адамды жұмыспен қамтып отырады. Ол да мол шығынға батуы кәдік. Өйткені көшетті қарызға алып, ақысын жазғы пісім науқанында төлемек болған диқандар да бар. Ал олардың жағдайы әзірше осындай.
Бүгінде не істерін білмей дағдарған диқандардың қиындығын оңайлатып, ауырын жеңілдететін тағы бір жағдай бар. Қазіргі таңда кезінде жерді заңсыз иемденіп алған азаматтардың көптеген жері мемлекетке қайтарылып жатыр. Мүмкін жер үлесін ала алмай қалған Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолиядан келген қандастарға сол мемлекетке қайтарылып жатқан егін, егіс алқаптарынан тиесілі үлесін берген дұрыс шығар.
Қауындардың басым көпшілігі уақтылы жинап алып, дер кезінде өткізіп үлгірмегендіктен уақыты өтіп кетіп, жарамсыз болып қалған. Енді олар тасталады, кейбірі малға жем болады. Қолдаушысы жоқ диқан қауымның еңбегі еш болды деген осы.