Егемен Қазақстан • 20 Шілде, 2023

Бас басылымда қонақта болды

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің қарашаңырағында бауырлас Түркия еліндегі «Түркі ошақ­тары» тарихи-мәдени қоға­мы­ның өкілдері қонақта болып, бас басылымның тыныс-тір­ші­лігімен танысты.

Бас басылымда қонақта болды

«Түркі ошақтары» қоғамдық ұйы­мы 1912 жылы құрылып, содан бері жұ­мыс істеп келеді. Мақсаты – түркі тек­тес халықтардың бірлігін сақтап, олар­дың руханияты мен мәдение­­тін наси­хаттау. Негізінен ұйым мүшелері – зей­неткерлер. Олардың арасын­да бұ­рын мемлекеттік қызмет атқар­ған қо­ғам қайраткерлері, педагогтер, ин­же­­нер­лер, әскери азаматтар, қысқасы, бар­лық саланың мамандары бар. Кез­десуде аудармашылық қызметті Ғы­лым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Рахымбек Жолаев сәтімен атқарды.

Алыстан ат арытып келген қонақ­тарды жылы қарсы алған «Қазақ га­зеттері» ЖШС бас директоры, акаде­мик Дихан Қамзабекұлы серіктестіктің қыз­­меті мен ғасырдан астам тарихы бар «Egemen Qazaqstan» мен «Казах­стан­ская правда» басылымдары туралы кеңірек мағлұмат берді.

– «Egemen Qazaqstan» – еліміздегі бас газет. Басылым тарихы 1919 жылдан басталады. Осыдан төрт жыл бұ­рын жүз жылдығын атап өттік. Бұл газетті басқарған азаматтардың біразы отызыншы жылдардағы қуғын-сүр­гін құрбаны болды. Биылдан бастап «Қазақ газеттері» болып құрылып, оған елімізде шығатын 12 газет-журнал біріктірілді. Біз Түркия елімен өте жақын байланыстамыз. Одан әрі де тығыз байланыста болғымыз келеді. Түбіміз бір жұртпыз. Түркияның медиа саласындағы тәжірибесі, сол салада қызмет істейтін мамандардың ізденістері бізге қажет. Қазір біздің журналистер, әсіресе жас журналис­тер Түркияға барып, тәжірибе үйрен­гісі келеді, – деді бас директор.

Одан кейін сөз алған «Түркі ошақ­тары» қоғамдық ұйымы Анталия фи­­лиа­лының төрағасы Абдулла Кой­сар ізгі ілтипат көрсеткен басы­лым бас­шы­лы­ғына ризашылығын білдіріп, біздің елден алған әсерімен бөлісті.

– Қазақ халқы жетпіс жылдан аса уақыт кеңес одағының құрамында бол­ғанымен, ұлттық болмысы мен салт-дәстүрін, мәдениетін жоғалтып ал­­­ма­ған. Тәуелсіздік алғаннан кейін­гі ке­­йінгі отыз жылдағы жеткен жетіс­­тік­­­­теріңізге көңіліміз толады. Оны өзі­­­міз көзімізбен көріп отырмыз. Біз­­­дің мақ­сатымыз – әлемнің қай же­рін­­де түр­кі жұрты бар, солармен жа­қын ара­ласып, әдебиетімізді, мәдение­ті­міз­ді дәріптеу. Қазақ еліндегі ұлттық идея­­ны мұрат тұтқан Алаш азаматтары ту­ралы көп естідім. Біз түріктердің алаш-­ордашыларымыз. Қысқасы, жер бе­­тін­дегі түркі халықтарының бірлігін қа­­лай қалып­тастырамыз деген идея­ның жо­­лында жүрген азаматтармыз, – деді ол.

Кездесуде қонақтар екі елдің тари­хы мен руханияты, әдебиеті, мәде­ние­ті тақырыбында сөз қозғап, еркін әңгіме өрбітті. Аударма мәселесі туралы жақсы ойлар айтылды. Қазақ зиялылары жайындағы көптеген тың дерекке қанықты.

«Астанадағы «Бәйтерекке» шы­ғып, қолымызды қойып, түркі халық­та­­рының бірлігіне қызмет істейміз деп ант бердік. Бірақ бір-біріміздің тілі­мізді қиналып түсінеміз. Осы ке­дер­гіні қалай жоямыз? Әлде бір-бірімізге жиі келіп, жақын араласуымыз керек пе?» деген қонақ сауалына Дихан Қамза­бекұлы: «Бүгін бір-бірімізді түсі­ніп отырмыз. Алайда біз бір-бірі­мізді жақын түсінуіміз үшін айтулы тұлға­ларымызды танытып, екі халыққа ортақ дүниелерді көп насихаттауымыз керек», деп жауап берді.

Сондай-ақ кездесу барысында Абдул­ла Койсар биыл Түркияда бол­ған жер сілкінісіне үлкен қолдау көр­сет­кен қазақ халқына ризашылығын жеткізді. «Түрік ошақтары» қазақ классикалық әдебиетін түрік тіліне аударуға атсалысатынын мәлімдеді.