– Бұл біздің жыл сайын өткізетін байқауымыз. Ақпан айында осы көрме туралы хабарландыруды жариялап, қатысушыларды іріктей бастадық. Әрине, ниет білдірушілер көп болды. Бірақ оларды іріктеп, 40 кәсіпкерді осы көрмеге қосып отырмыз. Осы жерде мемлекеттік органдар өкілдері, ұлттық стандарттау мекемесі мен техникалық реттеу департаменті мамандары және тәуелсіз қауымдастық өкілдерінен құралған жергілікті сарапшылар комиссиясы ең үздік 9 кәсіпкерді анықтайды. Ол үздіктер республикалық байқауда Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Эльмира Өтешова.
Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – осы көрмеге «Бір ауыл – бір өнім» атты жаңа жобаға қатысушы 15 кәсіпкер де осы көрмеге өз өнімдерін шығарып, халық талқысына ұсынған екен. Бұл жобаның негізгі шарты – ауылдық елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер тек қана жергілікті шикізаттан түрлі бұйым жасап, бір ауылдың атымен бренд ретінде тауар шығаруға тиіс. Әу баста Жапониядан шыққан жоба елімізде, соның ішінде Батыс Қазақстанда да тамыр жайып үлгерген.
– Мен Батыс Қазақстан облысындағы белгілі мүйіс – Ешкітаудың дәрілік өсімдіктерін жинаумен айналысамын. Осы көрмеге 12 түрлі шөпті алып келдім. Бұл шөптерден табиғи-емдік қайнатпалар, түрлі шай өнімдерін жасауға болады. Болашақта жергілікті дәріханалар жүйесін осы жергілікті дәрілік шөптер өнімдерімен қамтамасыз етсек дейміз. Ал әзірге бізде Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен әкелінген шөптер сатылады, – дейді тасқалалық жеке кәсіпкер Эльмира Дәкішева. Эльмира Мұратқызының негізгі мамандығы биология пәнінің мұғалімі екен.
Бөкей ордасы ауданындағы әйгілі Хан ордасы ауылынан келген Назымгүл Оразгелдиева ерекше өнім – құмаршық дәнінен жасалған тәтті печенье өндірісін жолға қойыпты. Құмаршық – негізінен Нарын құмында өсетін тікенекті өсімдік. Оның дәні жергілікті қазақтарға талай ғасырдан бері азық болған. Әсіресе ашаршылық жылдары құмаршық талай қазақты ажалдан алып қалғаны туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Көршілес Атырау облысында құмаршыққа ескерткіш те орнатылған болатын.
– Құмаршық дәні – өте құнарлы, 100 грамм өнімде 343 калория болады. Мұның құрамында адамның иммунитетін көтеретін кремний, фосфор қышқылы секілді элемент көп. Біз жапондық сарапшымыз Харагучи Санның көмегімен құмаршықтан жасалған тәтті күлшенің екі түрін жасадық: мұның бірі таза құмаршық дәнінен жасалса, екіншісіне күріш ұны қосылған, – дейді Назымгүл Мәдиқызы.
Хан ордасы ауылындағы әйгілі қорық-мұражайда ғылыми хатшы болып жасайтын Назымгүл құмаршықтың қазіргі қазақ дастарқанынан жойылып кеткеніне алаңдаулы. «Ауылымызда құмаршық дәнін жинап, өңдеуді білетін екі-ақ апамыз – Талшын Кикенова мен Аққоян Мұсағалиева ғана қалыпты. Аққоян апаның жасы 80-нен асты. Бұл кісілерден барынша үйреніп жатырмыз», дейді Назымгүл.
Қазір ауылда мал баққан ағайынның алдында тұрған үлкен бір мәселе – жүн мен терінің керексіз болып, далада қалуы дер едік. Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылының қыз-келіншектері былтыр тамыз айында қой жүнінен жасалатын байпақ-шұлық өндірісін бастаған болатын. Міне, содан бері Жанна Бақаева бастаған ісмерлер қой жүнінен жылы байпақ, үйде киетін сүйретпелердің неше түрін, моншаға арналған бас киім мен қолғап, тіпті ноутбукке арналған киіз дорба да жасай бастапты. Соңғы өнім қыс күндері ноутбукті аязға шалдырмай, қуатын ұзақ уақытқа жеткізеді екен.
– Жүнді өзіміз жуамыз, өзіміз өңдейміз. Бұрын еңбек биржасында тіркеуде тұрған 5 қыз-келіншек бас қосқанбыз. Қыс бойы байпақ саттық. Қостанайдан, Шымкенттен, Астанадан тапсырыс беріп алғандар бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Астана филиалы былтыр жаңа жыл қарсаңында өз қызметкерлеріне сыйлық үшін 50 дана тәпішке сатып алды, – дейді Жанна Бақаева.
Жанна Айтмұқанқызы болашақта жүн түтетін үлкен станок алып, өндіріс көлемін ұлғайтқысы келетін ойын айтты. Жоспар көп. Мысалы, көрпе тігу, текемет басу ойда тұр. Тіпті жұмсақ ойыншық өндірісі де жоспарда жүр екен. Бір тәуірі, жергілікті басшылар Тайпақ ауылының әкімі Болат Шәленов, Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қолдан келген көмегін аямайды. Соның арқасында тайпақтық шеберлер ауылда цех ғимаратын тегін пайдаланып отыр. Ісін жаңа бастаған ісмерлер үшін бұл – үлкен көмек.
Үздік тауарлар көрмесін түгел аралап шығып, шынында да бәсекеге қабілетті, халыққа керек түрлі тауар жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шығып жатқанына көзіміз жетті. Бұл көрмеде химия, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс бағыттарында жасалған тауарлар қойылған. Жоғарыда айтылғандай, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев бастаған комиссия әрбір қатысушы компанияның ұсынған өнімімен танысып шықты. Ержан Талғатұлы кәсіпкерлерден жұмыс барысында туындайтын мәселелер жайлы сұрастырып, мемлекет көмегімен бизнесті дамыту бойынша өз ұсынысын да айтып жүрді.
Шолпан Құспаеваның негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. Ұзақ жыл Махамбет атындағы университетте сабақ берген Шолпан Нәсиболлақызы отбасылық жағдайға байланысты мүлдем жаңа салаға бет бұрған.
– Бірнеше жыл бұрын отбасымызда ерекше бала дүниеге келді. Сол баламыздың тәрбиесі, емі үшін бүкіл тұрмыс-тіршілігіміз өзгеріп кетті. Әуелден қол қусырып қарап отыра алмайтын мазасыз мінезім бар еді. Сөйтіп үйде отырып түрлі тәттілер жасауды қолға алдым. Соның ішінде бұл өнімдердің экологиялық жағынан таза, өз балаларыма бере алатындай пайдалы болуын ескердім. Мысалы, біз шығаратын өнімнің ішінде ешқандай зиянды қоспа жоқ. Тіпті жергілікті бау-бақша өнімдерін дәмі мен иісін сақтай отырып кептірудің амалын таптым. Құдайға шүкір, осы іспен айналысқалы өткен 4-5 жыл ішінде бізге шағым айтқан бір де бір клиент болмады, – дейді Шолпан Құспаева.
Шолпанның шағын цехынан шыққан «ТÄТТІ МЕ» өнімдері сапалы безендіруімен, қазақы қалпымен де көз тартады екен. Асық бейнелі, торсық түріндегі, т.б. тәттілер көзге жылы ұшырайды. «ТÄТТІ МЕ»-нің дәмін Батыс Қазақстан облысынан тыс жердегі тұтынушылар да татып үлгеріпті.
«Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқау-көрмесі өткен 4-5 сағаттың ішінде келушілер көп жаңалыққа қанықты. Кәсіпкерлердің ортаға салған өнімдерін түгел көріп, саралап шыққан комиссия мүшелеріне де үздікті іріктеу оңай болмаған шығар. Әрине, халыққа ұсынылатын дүние болғандықтан, ең алдымен бұл өнімдердің сапасына, рұқсатнама қағаздарының болуына баса назар аударылғаны анық.
Айтпақшы, көрме жәрмеңке форматында өтті. Халық көрмеге қойылған өнімдерді қуана сатып алып жатты. Кәсіпкерлер үшін де тұтынушылармен әрі бизнес-серіктестермен жақын көрісіп, тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туды. Осы іс-шара кезінде «Мария ханым сән үйі» ұлттық стильдегі ерекше киімдер үлгісін көрсетті.
Сонымен өңірлік сараптама комиссиясы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халық үшін ең жақсы тауар» аталымына – белгілі «Конденсат» акционерлік қоғамын лайық деп тапты. Дәл осы аталым бойынша жүлделі орындарды «Zhulduz» жеке кәсіпкері – «Мария ханым» сән үйінің директоры Жұлдыз Хұспанова мен ағаштан ұлттық ыдыс-аяқ жасайтын «Дәстүр» шеберханасының директоры Нұрсұлу Бисманова бөлісті.
Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», (директоры Крылов Валерий Юрьевич), «Орал трансформатор зауыты» ЖШС (директоры Тұрлыбеков Дәурен Дастанұлы) және «Орал кабель» ЖШС (директоры Ирменов Роберт Мутиголлаұлы) компаниялары үздік шықты.
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Балзия» ЖШС директоры Балзия Евенеева, «Сартаев» ЖК директоры Әлібек Сартаев, «Қазақ-ақбас» ЖШС директоры Игорь Климов жеңімпаз атанды.
Дәл осы 9 кәсіпкер енді Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2023» республикалық байқау-көрмесіне Батыс Қазақстан облысының атынан қатысады.
Республикалық байқауда үздік шыққан компания өніміне арнайы диплом және «Қазақстанның үздік тауары» деген логотипті 4 жыл бойына пайдалану құқығы берілмек.
– Бүгін көрмеге шыққан тауарлардың көпшілігін өзім де бірінші рет көріп, ерекше қуанып отырмын. Бұл тауарлардың біразының әлеуеті, мүмкіндігі өте жоғары. Кейбір тауарлар экспортқа да шығуға лайық деп ойлаймын. Осындай көрмелердің арқасында болашақта кәсіпкерлердің екінші тынысы ашылып, өндірісі ұлғаюға тиіс. Қыркүйек айында біз Орал қаласында «WestQazInvest» көрмесін өткіземіз, оған алыс-жақын шетелдерден инвесторлар шақырылады. Сондай-ақ Астанада өтетін «InoForum»-ға да біздің оралдық компанияларды белсене қатысуға шақырамыз. Біздің облыстың экономикалық әлеуеті өте жоғары, жергілікті билік орындары жерлестеріміздің кәсіпкерлік бастамаларын үнемі қолдап, барынша көмектесуге әзір, – деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев.
Көрме-байқаудың қорытындысында осы іс-шараға қатысқан барлық кәсіпкерге алғысхат табысталды.