Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, биылғы бес айда мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен. Жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы бағытқа шығуынан болады. Республикалық маңызы бар тас жолдарда нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 автокөлік өтуге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 мың автокөлікке жеткен. Автокөлік ағынының 3 есеге артқаны жол апатының өсуіне әсер еткен.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облыстық басқармасының бастығы Ғалымжан Құсанның айтуынша, жол-көлік оқиғасының себебін анықтау үшін үнемі талдау жүргізіледі. Статистикалық талдауға сәйкес жол-көлік оқиғасының 48 пайызы Атырау қаласында тіркелетіні анықталған. Жол апатының 24 пайызы автокөліктердің соқтығысуына, 35 пайызы жаяу жүргіншілерді қағу дерегіне байланысты болған.
«Жол апатының барлығы адами фактордың салдарынан болатыны дау тудырмайды. Бұған бірнеше себеп бар. Көлік жүргізушілері өзінің немесе өзгенің өмірін сақтауға деген жауапкершілікті сезінбей, жылдамдықты шамадан тыс асырады. Рульде келе жатып, мобильді телефонды қолданады. Жолдағы маневр жасау талаптарын бұзады. Балаларды арнайы құрылғысыз тасымалдайды. Ең бастысы, жолда жүру ережесінің қағидаларын сақтамаудың салдарынан апатқа жиі ұшырайды», дейді Патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметов.
Оның айтуына қарағанда, өңір аумағымен өтетін республикалық маңызы бар тас жолдарда жыл басынан бері 38 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатының салдарынан 33 адам мерт болып, 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Сол себептен, осындай жолдарда көлік апатының алдын алу үшін рейдтік іс-шараларды жүргізу қолға алынған. Алайда полиция тарапынан осындай қадағалау болағынан қарамастан, жүргізушілер басып озуға тыйым салынған жол белгісін елемейді. Сөйтіп, жылдамдықты шектен тыс асырып, алдындағы көліктен озу үшін жолдың қарсы бағытына шығады. Жыл басынан бері тас жолдарда жылдамдық режимін сақтамаған 12 809, басып озу ережесін бұзған 611 жүргізуші ұсталған. Мәселен, 18 маусымда Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда Lada Priora пен Yutong автобусы соқтығысты. Жол апатының салдарынан жеңіл көліктегі алты адам жантәсілім етті. Көз жұмғандардың арасында 1985 жылғы әйел, 2013, 2016, 2019 және 2021 жылғы балалар бар. Lada Priora жеңіл көлігінің 1982 жылғы жүргізушісі облыстық ауруханада алған дене жарақаттары салдарынан есін жимай, көз жұмды. Мерт болғандар бір отбасының мүшелері – ерлі-зайыпты мен төрт баласы.
Жеңіл көлікпен соқтығысқан Yutong автобусы Атырау қаласынан Қызылқоға ауданындағы Сағыз стансасына күн сайын жолаушы тасымалдап жүрген қоғамдық көлік екені анықталды. Жол апаты болған сәтте автобуста 26 жолаушы болған. Ал 16 шілдеде жеті адамның өмірін қиған жол апаты Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы тас жолдың 82-шақырымы тұсында тіркелді. Басып озуға тыйым салынған жол белгісінің дәл жанында Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігінің рөліндегі жүргізуші қарсы жолаққа шығып кеткен. Сөйтіп, Toyota Ipsum көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан оқиға орнында жеті адам – жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушысы, Toyota Ipsum жүргізушісі мен бір жолаушысы қаза тапты. Жол апатына ұшыраған екі автокөліктің жүргізушісі де бұрын бірнеше рет жылдамдықты шамадан тыс арттырғаны үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталған.