Теңіз суының әртүрлі түске боялуына балдырларды кінәлі ете салдық, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, теңіз теңіз болғалы табанынан ажырамай өсетін балдыр былтыр да, биыл да аяқастынан неге түсін құбылтты? Оған жауап іздеген ешкім болған жоқ.
Кейінгі жылдары теңіздің ойсырай тартылып бара жатқанын тұрғындар, желі қолданушылары, журналистер болып дер кезінде айтып бастағанымызбен, оған да елең еткен құлақ болмады. Сол баяғыша «Каспий теңізінің өзінің дағдысы солай» деген рәуіштегі жауап берілді. Дағды дегендері АҚШ ғалымдарының зерттеулеріне сүйенуден туған пікір болса керек. Америка ғалымдары 1996-2015 жылдары Каспийдің деңгейі бір жарым метрге төмендегенін айтады. Олар бұл құбылысты әлемдік жылыну үдерісімен байланыстыра отырып, 1979-2015 жылдары Каспий теңізі деңгейінің қалай өзгергенін мысалдармен көрсетіп, 16 жыл ішінде, яғни 1979-1995 жылдар аралығында теңіз деңгейі жыл сайын 12,74 сантиметрге көтерілгені туралы баяндайды.
Алайда 1996-2015 жылдары теңіз деңгейі қайтадан жыл сайын 6,7 сантиметрге төмендегені байқалған. Осы 19 жыл ішінде Каспий 1,3 метрге дейін тартылған. Бүгінде теңіз суы біраз қайтып, жағаны кеберсіген құрғақшылық басқан кезде отандық, шетелдік ғалымдар, экологтер тарапынан да алаңдаушылық туындап отыр.
– Каспийдегі су деңгейінің төмендеу белгісі екі метрге жетеді деп күтіліп отыр. Жағдай бәрінен бұрын акваториясы соншалықты терең емес, Каспийдің жағалау аймақтарында орналасқан мемлекеттерге кері әсерін тигізеді. Солтүстік бөліктегі (Қазақстан мен Ресей) тереңдік 1,5 метрге жетеді немесе одан да таяз. Бұл жағдай Каспий теңізінің экологиясына да кері әсер етеді. Бұдан бөлек, облысымызда орташа жылдық температураның шамамен градусқа артуы да біршама кедергісін келтіреді, – дейді «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде.
Ғалымдар теңіздің тартылуына жаһандық жылынудың әсері бар дегенді айтады. 1996-2015 жылдар аралығында ауа температурасы Каспийде 1°C-ға жоғарылаған. Тек Каспий емес, Балқаш, Еділ өзендерімен бірге Әзербайжан еліндегі бірқатар өзен-сулар көлемінде де өзгерістер байқалған. Каспийдегі су деңгейінің төмендеуін табиғи үдеріс деп қарау керек. Акваторияның ұлғаюы да, азаюы да жағымсыз салдарға әкелетіні сөзсіз. Ең алдымен, барлығы ауыл шаруашылығы мен балық аулауға, теңіз порттарының жұмысына және теңіз жағасындағы туристік нысандарға кері әсерін тигізеді. Каспийдің деңгейі төмендеген сайын жерасты сулары да азаяды. Бұл өз кезегінде жануарлар әлемі өкілдерінің тіршілік ету ортасының тарылуына және олардың қоректену ортасының тарылуына әкеліп соғады. Су деңгейінің мұндай күрт төмендеуі жүк тасымалдау көлеміне де әсерін тигізеді. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап шаралар қабылдауды бастау қажет, дейді Баку мемлекеттік университеті Каспий ғылыми орталығының жетекшісі Шыңғыс Исмаилов.
Германия мен Нидерланды ғалымдары ғасыр соңына қарай Каспий теңізіндегі су деңгейі 9-18 метрге, ал су қоймасының ауданы үштен біріне азаюы мүмкін екенін айтады. Жақсы сөз айтып отырған ешкім жоқ. Каспий теңізі расында апатты аймаққа айналды ма?
Жасыратыны жоқ, біз жалғыз теңізді жартымды қорғай алмағандығымыз да рас. Теңіз – тіршілік, теңіз – тұтас жеке ағза. Оның әлемін – флорасы мен фаунасын, иірімдер мен ұйықтарын, су жолдарын, яғни ішкі ағыстар мен бағыттарды, ішкі-сыртқы ахуалын ғылыми тұрғыда терең талдап-түсіндіретін, зерттеп-зерделейтін, дертін анықтап емдейтін, болуы мүмкін апаттардың алдын алатын бір де бір ғылыми орын бізде жоқ! Каспийде болып жатқан экологиялық оқиғаларға сырттай сырғытпа жауап берумен жылдар өтті. Салынбай қалған жол мен ашылмаған мектепке, көркеймеген ауыл мен көшесі қисық қалаға, кешіккен автобусқа, бітпейтін жұмыссыздық жырына қатысты халық алаңдаушылығын басу үшін айтылатын жұбату сипатындағы сөз экологияға қатысты, әсіресе Каспий теңізінің қазіргі қасіретті халінде айтылмауы керек! Өкінішке қарай, Каспий шегініп барады, бұған дейін толқындармен жағаласып, су жамылып жататан тастар арса-арса жалаңаштанып, ерні кезерген шөл жағалаудың көлемі ұлғайып барады.
Каспийді не күтіп тұр? Теңіз үшін не істей аламыз? Өкінішке қарай, ешбір ғалым теңізді құтқару жолдарын айтып бере алмайды, адамзат жаһандық жылыну әсерінен болған құбылыс алдында дәрменсіздігін мойындағандай.