Қоғам • 21 Шілде, 2023

«Жайлы мектептің» ендігі жай-жапсары

314 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Жайлы мектептің» жайсыз ахуалы туралы өткен нөмірде жазған болатынбыз. «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы сол мақалада көтерілген бірқатар мәселеге қатысты жауап берді.

«Жайлы мектептің» ендігі жай-жапсары

«SK Construction» компаниясы­ның мәліметінше, жайлы мектеп құрылысының кешеуілдеуіне Үкімет қаулысының кешігіп жария­лануы себеп болған. Құжат рес­ми түрде жарық көрмейінше «Samruk-Kazyna Construction» сатып алу үдерісін бастай алмаған. Бірақ соған қарамастан, мектептердің уақтылы пайдалануға берілуін қам­тамасыз ететініне сендірді.

«SK Construction» Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов уа­қыт үнемдеу үшін жайлы мектеп­тер­дің жобалық-сметалық құжат­тамасы сапалы әзірленген жағ­дай­да қарау мерзімі 45 күннен 15 күн­ге дейін қысқаратынын және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу уақыты да ЕРС келісімшарт есебінен жеделдетілетінін айтты. Ендігі жоспар – 2024 жылдың соңы­на дейін 207 жайлы мектептің құрылысын аяқтап, қолданысқа беру. «SK Construction» басшы­сы­ның­ айтуынша, жобалық-сметалық құжат­тамаларды әзірлеу қыркүйек­тің соңы мен қазан айының басында аяқталады. Қазір үш сейсмикалық және екі климаттық аймақ бойын­ша 32 үлгілік ЖСҚ әзірленіп жатыр. Ал құрылысты кешіктірген мер­дігерлер жауапкершілікке тар­тылатын болады. Сонымен қатар Басқарма төрағасы орталық ап­па­ратқа мердігерлерге түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. «Оларға консорциум деген не екенін және ЕРС келісімшарттың ерекшелігін тағы бір рет түсіндіріп, кімнің неге жауапты екенін бел­гілеу қажет», деді М.Айманбетов.

Айта кетейік, мердігерлер байқауға қатысуға өтінім бермес бұрын консорциумға бірігеді. Оның құрамында құрылыс және жо­балау компаниялары болуға тиіс. Консорциум құрамындағы кем дегенде 1 компанияның мек­теп салуда тәжірибесі болуы шарт, бірақ құрылыс сапасына қатыс­ты жауапкершілік бәріне ортақ. Өңірлерді аралап жұмыс­тың жай-жапсарымен танысқан М.Айманбетов мердігер ұйым­дар­дың өкілдеріне ескерту жасады.

– Мектептерді кабинетте отырып жобалауға жол бермей­міз. Учаскелерге барып жұмыс істеңіздер, әр шаршы метрді тиім­ді пайдалану жағын ойлас­ты­ры­ңыздар. Егер проблемалар туын­даса, жергілікті атқарушы органдарға хабарласыңыздар. Біз еліміздің болашағы балалардың алдында үлкен жауапкершілікті мойны­мыз­ға алып отырмыз. Осыны ұмыт­пау керек. Жобадан ауытқуға, құ­­рылыс барысында түзетулер енгізуге болмайды. Нысан тек ЖСҚ бойынша салынуы керек, ал оны сапалы әзірлеу – міндет. Егер құрылыс жобаға сәйкес келмесе, бұзып, қайтадан саласыздар. Бұл қо­сымша шығынға әкеп соқты­рады. Сол себепті, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Сіздер біздің компанияның аймақтардағы өкі­лі­сіз­дер. Жұмысты қадағалап, күнде құрылыс алаңдарына барып, бас мердігерлермен және жергілікті ат­қарушы орган өкілдерімен сөй­лесіңіздер, сұраңыздар! Тиіс­ті шешімдер қабылдап, жауап­кер­шілікті мойынға алу керек. Бәрі­ңіз білікті маман, тәжірибелі құры­лысшысыздар. Орталыққа жал­тақ­тап, көмек күтуді доғару керек, деді «SK Construction» Басқарма төрағасы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салы­на­ты­нын айтқанын, бұл бастапқы жос­пардан қарағанда аз екенін жазған едік. Мәулен Айманбетов салынуға тиіс болған мектептердің саны неге азайғанын түсіндіріп өтті.

– Мектептердің санын Оқу-ағарту министрлігі анықтайды. Бұған дейін өңірлерде егжей-тег­жейлі тексеру жүргізіліп, кейбір әкімдіктер өтінім беру кезінде мек­тептердің санын қажеттіліктен асы­ра көрсеткені белгілі болды. Мысалы, ауылда бір мектеп бар, оның өзінде оқушы саны аз. Бұған қа­рамастан, жергілікті атқарушы органдар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша тағы біреуін салуға өтінім берген. Осы және өзге де жағ­дайлардың бәрін ескере оты­рып, мектептердің жалпы саны азай­ған, – деді ол.

Жалпы, «Жайлы мектеп» жо­ба­­сына 2,6 трлн теңге бөлін­ген. Оның ішінде 646 млрд тең­ге Ұлттық қордан, ал 1,9 трлн теңге республикалық бюд­жет­тен­ беріледі. Жобаға бөлінген қар­жы­ның жұмсалуына қатысты алаң­даушылығымызға «SK Construc­tion» компаниясы былай деп тү­сініктеме берді: «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының ҚР ҚМ Қазынашылығының жеке ар­найы шоты бар. Барлық қаражатты жергілікті атқарушы органдар соған аударады. Бүгінде «SK Cons­truction» компаниясының шотына шамамен 247 млрд теңге түсті. Оның 100 млрд теңгеден астамы мердігерлерге аванс ретінде берілді. Комиссиялық алымдар деген мүл­де жоқ. Қаражат тақырыбын жал­ғастыра келе, бір мектептің құры­лысына жұмсалатын ақша мәсе­лесіне бөлек тоқталайық. Жайлы мектептерді салуға және жа­рақтандыруға бюджет қаража­ты құрылыстың алдын ала есептел­ген құны негізінде бөлінді. Нысан­дардың ЖСҚ мемлекеттік сарап­тамадан өткеннен кейін бір мек­тептің құрылысына жұмсалатын қаржының нақты сомасы бел­гілі болады. «Samruk-Kazyna Cons­truction» «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басын іске асыру үшін 230 емес, 253 жаңа жұмыс орнын ашты. Алайда бүгінгі таңда тек 115 адам қабылданды (55-і өңірлерде қыз­мет етіп жүр). Осылайша, 138 бос жұмыс орны ашық күйде қалып отыр, мамандар қажеттілікке қа­рай жұмысқа қабылданатын бола­ды. Біздің қызметкерлеріміз Мәжіліс депутаты Самат Мұса­баев айтқандай, жалақы алып, үй­лерінде бос жатқан жоқ. Әрбір маман жұмыс орнында өзі­нің лауазымдық міндеттерін атқа­рып жатыр. Бұл жоба үлкен дайын­дық жұмыстарын қажет етеді, қызметкерлердің көпшілігі жұмыс күні аяқталғаннан кейін де қалып, жауапты іспен айналысатын жағдайлар баршылық. Мысалы, жайлы мектептерді салуға бөлін­ген жер учаскелеріне қатысты ше­шілмеген мәселе көп. Бірінде сүруді қажет ететін ескі ғимарат тұр, енді біріне инженерлік желілер ескірген, не мүлде жоқ. Кейбір жер телімдерінде жасыл желек өсіп тұр. Бұл аумақтарды құрылысқа мұқият дайындау керек. Осы және өзге де ұйымдастыру мәселелерінің бәрін біздің қызметкерлер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешіп жатыр. Олар аймақтарды аралап, жергілікті жерлерде жұмыс істеп жүр.

«SK Construction» компаниясы салынатын мектептердің сапасына да, сәніне де бірдей мән береміз дейді.

– Болашақ білім ошақтарының сыртқы және ішкі дизайны көркем болса, нұр үстіне нұр. Мысалы, Түркістан облысында салынатын жайлы мектептердің қасбетін травертинмен қаптау туралы ше­шім қабылданды. Осылайша, білім беру нысандары қала мен аймақтың тарихи келбетіне үйлесімді бо­ла­ды. Жалпы алғанда, жайлы мек­теп­тердің қасбетін қаптағанда әдемі әрі заманауи, арзан, бірақ сапалы материалдар қолданылады. Тал­шықты цемент панельдері бұған айқын мысал. Депутаттардың «бюд­жет қаражатын мақсатсыз жұм­сау, триллиондарды талан-тараж­ға салуға» қатысты қорқы­ны­шын түсінеміз, бірақ оны не­гіз­сіз деп есептейміз. Өйткені біз үшін бастысы – сапа. Құрылыс компанияларына қатаң біліктілік талаптары мен жоғары шектер қойылды. Бұл өз кезегінде, бір күндік фирмалар мен жосықсыз мердігерлердің іріктеуден өтіп кетуіне жол бермеді. Сонымен қатар әлеуетті мердігерлер банк­тік кепілдік береді, бұл жұ­мысты мерзімінде орындауға ынталандырады. Егер мердігер құрылысты жарты жолда тастап кетсе, бюджет қаражаты банк кепілдігі есебінен қайтарылады. Оның үстіне, әр мердігер құры­лыс­тың барысы туралы апта сайын электронды форматта есеп береді. Бұрын мұндай тәжірибе болған емес. Біз бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға қатысты бастамалардың бәрін қолдаймыз.

Сондай-ақ жоба аясында элек­тронды кросс-платформа әзірленіп, іске қосылды, онда әрбір нысан бойынша қажетті құжаттардың бәрі жинақталған. Бұл қадағалау органдарына жағдайды онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуетті мердігерлер де конкурстық өтінімдерін элек­трон­ды түрде береді. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды және рәсімді барынша ашық етеді. Кросс-платформа барлық қа­дағалаушы және бақылаушы органдармен, соның ішінде Есеп ко­митетімен (қазіргі ҚР жоғары аудиторлық палатасы) келісілді. Осылайша, мердігерлер шамадан тыс тексерістерден құтылады, өйт­кені барлық қажетті құжаттар бір­ың­ғай электронды базада тұрады.

«SK Construction» компаниясы­ның есебі бойынша, бүгінгі таңда 116 жайлы мектеп бойынша конкурстық рәсімдердің қорытын­дысы мен шарттары дайын. Олар алдын ала төлем алып, құрылысқа дайындық жұмыстарын бастады. Қалған нысандар бойынша байқау қорытындысы мен шарт жасасу 2023 жылдың 10 тамызына дейін аяқталады. Ұлттық жобаны іске асырудың екінші кезеңінде 2025 жылдың соңына дейін 152 мектеп салу жоспарланған. Қазір бастапқы деректерді жинау және учаскелерді рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірлер бойынша, Абай облы­сында биыл 5 жайлы мектептің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Бүгінгі таңда 2 мектеп бойынша мердігер компания анықталған, ал 3 нысан бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Қорытындысы шіл­де айының соңына дейін жарияланады. 2025 жылы тағы 6 мектеп ашылады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 5,7 мың оқушыны қамтитын 11 орта білім беру нысаны салынады.

Ал Павлодар облысында 5 орта білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 2 жайлы мектеп 2024 жылдың, ал 3 мектеп 2025 жылдың соңына дейін салынады. Ұлттық жобаның арқасында облыс бойынша 5,4 мың қосымша оқушы орны құ­ры­лады. Оның ішінде 1 800 орын 2024 жылдың соңына дейін ашылады.

Ұлттық жоба аясында Жамбыл өңі­рінде барлығы 12 білім беру ны­санының құрылысы жоспарланған. 7 мектеп 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бар­лық нысандардың мердігерлері анық­талды. Олар келісімшарттарға қол қойып, алдын ала төлем алып, құ­рылысқа дайындықты бастап кетті.

Қарағанды қаласында 8 орта білім беру нысаны жоспарланған. Олардың бірі «Кеңдала» шағын ауданында салынады. Мектеп 2000 оқушыға шақталған. Құрылысқа дайындық кесте бойынша жүріп жатқанымен, учаске арқылы кәріз желілері мен су құбыры өтеді. Басқарма төрағасы мердігер «BI Global» ЖШС желілерді өз күшімен шы­ғаруды ұйымдастыруды тап­сырды.

«SK Construction» Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов осы өңірлерді аралап, жұмыс барысымен танысып шыққан болатын. Аталған төрт облыстың әкімі ұлттық жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Қорыта айтқанда, «Жайлы мек­тептің» ендігі жоспары уақ­ты­лы­ жүзеге асады деп сенеміз.