«Сауд Арабиясының «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді», деді Қ.Тоқаев.
Осы орайда, Қазақстан ОПЕК+ келісімінің қатысушысы ретінде осы ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Жан-жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге дайын.
Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді.
«Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсындым. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Орталық Азия мен Парсы шығанағы байланысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитінде сөйлеген сөзінде бірқатар мәселеге назар аударды.
Президент Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ елдерінің орасан зор мүмкіндігі көпжақты серіктестікті биік белеске шығара алатынына сенім білдіріп, осы диалог форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды. Бірақ көрсеткіштер тараптардың әлеуетін толық пайдаланылмай отырғанын көрсететінін атап өтті.
«Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Араб елдеріне визасыз режім енгізеді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты даму мен өркендеуді қамтамасыз ету мақсатында Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдерге визасыз кіру жүйесін қабылдағанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы туризм индустриясы өңір экономикасының ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екенін атап өтіп, мәдени-ағартушылық, экологиялық, спорттық және коммерциялық туризмді өзара ілгерілетуге назар аударды. Жиддада өткен мақсатында Парсы шығанағы Ынтымақтастық Кеңесі – Орталық Азия саммитінде сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев екі қасиетті мешіттің қамқоршысы Король Салманға және тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед Бинге саммитті ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ ол Парсы шығанағы Ынтымақтастық Кеңесі және Орталық Азия елдері арасындағы бірлік пен өзара қолдау арқылы берік бауырластық пен достықтың байланысын көрсететін саммитке қатысқанын мақтан тұтатынын айтты.
Президент Қ.Тоқаев жоғары мәртебелі меймандардың қатысуымен өткен саммиттің тамаша ұйымдастырылғанын жоғары бағалады. Көп қырлы ынтымақтастық пен берік, үйлесімді қарым-қатынастардың ілгерілеуіне ерекше тоқталды. Ол белсенді саяси диалогты қолдауды және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға екпін берді.
Президент Қ.Тоқаев елдердің тұрақты даму мәселелеріне, жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге қатысты көзқарастарына сәйкес келетін мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Ол тарихи байланыстар, ортақ рухани құндылықтар, достық, туыстық байланыстар бұл қарым-қатынастардың берік іргетасын құрайтынына екпін берді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінгі кездесуге ерекше мән беретінін жеткізді. Сондай-ақ Парсы шығанағы араб елдерін маңызды серіктес деп атады. Президент өңірлік серпінді ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатын Орталық Азия елдерінің жаһандық рөліне тоқталды.