Медицина • 24 Шілде, 2023

Шалғай ауылдың шамшырақтары

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысына арнайы келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сапары барысында дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі қаралды. Оның ішінде шалғайдағы ауыл-аймақтарда кадр тапшылығы қатты сезіліп тұр.

Шалғай ауылдың шамшырақтары

Өткен жылы аталған облыстың 117 түлегі оқу бітіріп, ауылдарға 86 дәрігер бөлінген екен. Дәрігерлердің қа­жеттілігін қамтамасыз ету үшін Алматы облысына 32 рези­дентура гранты да бөлінген. Сондай-ақ 2023 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жо­ба­сын іске асыру аясында ми­нистр­лік әкімдікпен бірлесіп, Алматы облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған ке­шен­ді жоспарын әзірлеген. Жос­пар инфра­құрылымды дамыту, ме­ди­циналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру шараларын қарастырады.

Кадр жетіспеушілігі мен меди­циналық құрылғылардың тапшы­лы­ғын шалғайдағы шекаралы Райымбек ауданының дәрігерлері ай­қын сезініп отыр.

«Кадр жетіспеушілігі ешуақытта шешімін таппайтын тәрізді. Себебі медициналық институтқа бәрінің қолы жете бермейді. Оқу бітіргендер көп жағдайда қалада қалуға тырысады. Ауылға ата-ана жағдайына қарап келетін бірлі-жарымы болмаса, өздігінен келуі өте сирек. Аудан әкімінің квотасы тұрмыс жағдайы төмен отбасының балаларына бө­лі­неді. Бірақ олардың ауылға қайтып келуіне талап қойылмайды. Сондықтан бөлінген квота бойынша оқу бітірген маман ауылға келіп, жұмыс істеуін міндеттесе ғана кадр мәселесі шешім табуы мүмкін. Бұған қоса осы уақытта онлайн оқытулар көбейіп кетті. Дәрігерлерге одан келер пайда шамалы, себебі ауданда сапалы интернет жоқ. Екіншіден, маман тапшылығына байланыс­ты дәрігерлердің уақыты да жете бермейді. Сондықтан формальды оқытуды доғару керек. Дә­рі­герлердің біліктілігін арттыру үшін офлайн оқытып, іс-тә­жіри­бе алмасудың артықшылығы ана­ғұр­лым тиімді болар еді», дейді перзентхана бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Назгүл Ботбаева.

Бүгінде шекаралы аймақтағы Райымбек ауданындағы ауруханада 30 мыңдай халық тіркеуде. Олардың ішінде туыт жасындағы әйелдер саны – 5 260, биылғы бес айда 159 сәби өмірге келген. Өткен жылы ауданда 403 нәресте дүниеге келді. Перзентханада 1 неонатолог, 3 гинеколог-дәрігер, 4 акушер мен 5 мейірбике және 7 санитар еңбек етеді.

«Ауданымызда туу көрсеткіші ар­тып келеді. Жүктілік кезінде әйел­дердің денсаулығын қадағалап, де­ні сау баланың өмірге келуін бас­ты назарға алып, барынша көмек көрсетеміз. Қазіргі кезде жүкті әйел­­­дер арасында экстрагениталды ауру­­лар бар. Әсіресе артериялық қан қысымының көтерілуі, қант диабеті, бүйрек пен қалқанша без аурулары жиі кездеседі. Перзентханада туыт қабылдайтын төсек (трансформер), төсек жанындағы монитор, жаңа туылған нәрестелердің есту қабілетін тексеруге арналған аудиоскрининг аппараты жетіс­пей­ді. Сондай-ақ шалғай аудан бол­ғандықтан, шала туған нәрес­те­­лерді тасымалдауға арналған транс­порттық кувез болса, артық ет­пес еді», дейді акушер-гинеколог Бағдагүл Байғараева.

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін кең пейіл сал­тымызға сай ұлттық демог­ра­фияның өсіміне өлшеусіз үлес қо­сып келе жатқан әйелдердің ден­сау­лығын қадағалап, аман-есен босануына тілекші дәрігерлердің ең­бегіне ел риза. Өз ісін жетік мең­гер­ген ақ халатты абзал жан­дар­дың біліктілігі мен мейірімі жүкті әйел­дердің көңілін жайландырып, жү­зіне қуаныш сыйлайды.

Жалпы, 120 төсекке арналған аудандық ауруханаға көп жылдан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Уақытпен санаспай қызмет ететін шеткері аудандағы медицина мамандары үшін еңбек­ақының аздығы әлі де өзекті мәселе екенін айту артық етпес.