Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, көшіп келген еңбекке қабілетті 974 адамның ішіндегі 820 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 652 жұмыс орны тұрақты. Көш биыл да жалғасуда. Жоспар бойынша биыл 2 660 адам оңтүстік өңірлерден Қызылжар аймағына қоныс аударуы тиіс. Ынта білдірушілер легі жыл сайын өсіп келе жатыр. Биыл көктемде облысқа 483 адамнан тұратын 148 отбасы көшіп келсе, олардың 31 пайызы – Астанадан, 26 пайызы – Түркістан облысынан, 11 пайызы – Шымкент қаласынан қоныс аударғандар екен. Және олардың ішінде 24 адамы бар 18 отбасы Ресейден қоныс аударыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, 2023-2025 жылдары солтүстікке 8 мың адам қоныстануы тиіс. Арнайы Жол картасы жасалған. Осы картаның шеңберінде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылуы керек.
Жалпы, мемлекеттік саясаттан бөлек, солтүстікке көшуге үнемі үндеп жүргендердің қатарында жеке адамдар да бар. Яғни Қызылжар өңірінде «Есілдің бойына ел толтырсам деп жүрген азаматтар жеткілікті. Олар – мемлекеттің «Оңтүстіктен – Солтүстікке» атты бағдарламасы бойынша басталған көшінің көлікті болуына өздігінен үлес қосып жүрген бастамашыл жандар.
Соның бірі – Бурахан Даханов. Батыр тұлғалы, қапсағай бойлы, өткір қара көзді, гүрілдеген жуан дауысты, қалың қара сақалды бұл жігітті көрген адам баяғының батырларын көзіне елестетеді. Бірақ түсі қаншалықты суық болса да, Бураханның жүрегі соншалықты жылы, жұрттың бәріне мейірімін төгіп тұрады. Ал істеп жүрген шаруасы – нағыз мемлекетшіл патриоттың ісі. Ол оңтүстіктің, тығыз қоныстанған өңірлерінен, батыстың шөл және шөлейтті аймағынан халықты солтүстіктің босап қалған ауылдарына, елдімекендеріне қоныс аударуға көмектесудің маңыздылығын өне бойымен ұққан жан.
Елдегі демографиялық ахуал, оңтүстік облыстарда халықтың жиі қоныстанып, ал солтүстікте адам санының аз болуы, оның ішінде қазақ санының өте төмен болғаны есті жігітті ежелден толғандырып жүреді екен. Сол ахуалды түзетуге мемлекеттік бағдарламалар дайындалғанда оған қатысып, қолдан келгенше жәрдем беруді алдына мақсат етіп қояды. Сол мақсатпен 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка кентіне көшіп келеді. Басқаларды көшуге үгіттемес бұрын алдымен өзі тұрып көруді мақсат еткен ол қазір Шал ақын ауданында екі жыл қыстаған бір тұрғыны болып кеткен. Соңғы кездері ол өзінің пікірлестерімен бірге «Тәуекел» қоғамдық ұйымын құрып, жуырда ғана Түркістан облысын аралап, біраз отбасыларды солтүстікке көшуге үгіттеп келді.
– Біз барған Мақтарал ауданында 150 мыңдай адам өмір сүреді екен. Халық барынша тығыз қоныстанған. Сол ауданмен жер көлемі шамалас біздің Шал ақын ауданында 23 мың ғана тұрғын бар. Есілдің бойындағы шөбі шүйгін, қалың тоғайлы, жері құнарлы қазақ ауылдарының тұрғындары қалалы жерлерге ұмтылып, көшіп жатыр. Бала саны аз болған соң мектептер жабылып жатыр. Ал мектеп жабылса, ондай ауылға жас отбасылар бармайды. Сондықтан біз мектеп жасындағы жас балалары бар отбасыларды қазақ ауылдарына қоныстануға үгіттеуді өзіміздің алғашқы мақсатымыз еттік. Жуырда ғана сол мақсатпен Еңбек ауылына екі отбасын қоныстандырдық. Мемлекеттің берген көмегін алған отбасылар қазір орнығып, балалары мектепке тіркелді, – дейді қоғам белсендісі Бурахан Даханов.
Осындай іспен Бураханнан басқа да бірнеше жігіт өз еркімен көші-қон ісіне белсенділік көрсетіп жүр. Орынбасары, «Серпін» бағдарламасымен солтүстікте білім алған Әлфараби Мыңбай, Руслан Қайырбек, Мирас Опанов, түркістандық Өмір Шыныбекұлы деген мұғалім, Рүстем Әшетаев сияқты жігіттер Үкіметтің қоныс аудару саясатын қолдап, іске асуына белсенділік көрсетіп жүр. Арыста әскери қойма жарылып, өрт болғанда тұрғындарды Солтүстікке көшіруде белсенділік көрсеткен Серік Өтебай деген азаматтың да еңбегі зор. Ол Бескөл ауданындағы Подгорное ауылына бірнеше отбасының көшіп келуіне мұрындық болды. Мағжан Жұмабаев ауданына қоныс аударушыларды тартуда Нұржамал Әмбетова деген мұғалім көп еңбек етіп жүр. Сонымен қатар қоныс аударушылар Аққайың, Ғабит Мүсірепов, Ақжар, Уәлиханов, Мамлют аудандарында осындай белсенділердің бастамасымен орналасқан. Әрине, жергілікті әкімдіктер тарапынан да Түркістан, Маңғыстау облыстарына арнайы барып, қоныс аударушыларды шақырған делегациялар болған. Бірақ халық билік өкілдерінен гөрі бұрын көшіп барып, қоныстанған өздерінің жерлестерінің сөзіне көбірек көңіл бөледі екен.
Үкімет қабылдаған бағдарлама өздігінен іске аспайды, бұл бағытта еріктілер халықпен жұмыс істеп, өз бастарының үлгісімен немесе басқалардың мысалымен тартпаса, үгіт-насихат жүргізбесе, ақпарат бермесе халық қозғала қоймайды деп санайды еріктілер. Сол белсенділердің бәрінің басын қосып, жүйелі жұмыс істеу мақсатымен құрылған «Тәуекел» қоғамдық ұйымы туралы Бурахан былай дейді:
– «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, біз – белсенділер біріге іс-қимыл жасасақ, ісіміз сол құрылым нәтижелі болатынын біліп жүрміз. Сондықтан да осы қоғамдық ұйымды құрдық. Оған да бір жыл болып қалды. Бірақ жергілікті билік тарапынан біздің бұл бастамамыз белгілі себептермен қолдау таппай отыр. Өйткені барлық істі «Жұмыспен қамту орталығына» іліп қойғандықтан, жергілікті билік басқа қырынан белсенділік көрсеткісі келмейді. Үкіметтің өзі белгілеген нормамен жұмыс істеуді ғана білетін басшылар бізге тіпті күдікпен қарап, бастамамызға елти қоймайды. Сондықтан біз жоғары биліктің өзіне шығып, Премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжановпен де кездескен едік. Оған өзімізге қажетті дүниелерді айттық. Бізге көп нәрсе керек те емес, бар болғаны халықты белсенді түрде құлақтандыратын интернет-тұғырнама керек. Осы уақытқа дейін көш бей-берекетсіз жүріп келеді. Ал егер интернет тұғырнама болса, оны белгілі жүйеге келтіруге болар еді. Көшіп келушіге аудандардың, елді мекендердің толық ақпараты, толық дерегі интернет ресурстары арқылы берілер еді. Мысалы, Шал ақын ауданы туралы толық дерек білгісі келген адам интернетті ашқанда алдынан көші-қонға байланысты ауданның барлық мүмкіншілігі шыға келсе, көшіп келуші өзіне-өзі бекем болып, барлық жайтқа қанығып, адасып қалғандай күй кешпес еді. Ал ондай толық ақпаратты «Жұмыспен қамту орталығы» емес, тек қоғамдық ұйым ғана көрсете алады. Біз «қолайлы аймақ рейтингін» жасап, оңтүстікте отырған азаматқа толық ақпарат ұсынар едік. Тіпті соңғы бес жылда қанша қар жауды, ауа-райы қаншаға суыды, ыстықтығы қанша, сонымен қатар оңтүстіктен келіп, осында сіңіп кеткен адамдар туралы да ақпарат беріп отырсақ, көшіп келуші жаңа жерге үрке қарамай, бұл жерге психологиялық тұрғыдан дайын болып келер еді.
Түркістан облысына барған сапарында Бураханның тобы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың деңгейінде қоныс аударуды қалаған жандармен кездесіп, оншақты елді мекенді аралаған. Қызылжар өңірін көріп қайтуға 52 адамдық автобус та шыққан екен. Олар өздері үшін жаңа жерді өз көздерімен көріп қайтпақ.
– Көші-қон мәселесінде үкіметтік бағдарлама көп нәрсені ескермейді. Мәселен, қазақтың жер өңдеуден гөрі мал өсіруге ебінің жақсы екені ескерілмеген. Ал солтүстіктің жері егістен гөрі мал жайылымына өте ыңғайлы. Жап-жасыл кең дала, жауын жауған сайын жаңғыра беретін жайылымдар нағыз мал өрісі. Қазір соның негізгі бөлігі бос жатыр. Кейбір жайылымдарды егін өсіретіндер жыртып тастаған. Кезінде осы далада мың жылқылы байлар иін тіресіп отырды ғой. Жылқыға қысқа мал әзірлеудің де керегі жоқ, қалың қарды бульдозермен жұқартып өтсе болды, жылқы жарықтық тебінде жүре береді. Бізбен кездескенде көп адам мал өсіруге қаншалықты жағдай барын сұрайды. Ата кәсіппен айналысқысы келетіндер көп. Ал Есіл өңірінде оған толық жағдай бар, – дейді «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Даханов.