Қоғам • 28 Шілде, 2023

Трансшекаралық өзендер мәселесі

1010 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жаздың аптап ыстығында диқандар егін суарудан қиыншылық көреді. Елімізде бірнеше ірі өзен бассейні болғанымен, қажет кезінде «тіршілік нәрі» сыздықтап ағып, ауыл шаруашылығымен айналысатындарды әбігерге салады.

Трансшекаралық өзендер мәселесі

Құмға сіңген су

Өйткені аумақтағы өзен­дердің басым бөлігі шекара­ның арғы бетінен басталады. Сол себепті аптап ыстық­та бұлақ басындағылар «кранды бұрап қоюға» бейіл. Бұл мәселе түрлі деңгейде көтерілсе де, әлі күнге күрмеуі шешілер емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық өзендерге қатысты талай мәрте пікір білдірген.

Мәселен, 2021 жылы моно­қа­лаларды дамыту жөнінде өткі­зілген кеңесте өзендердің тайыздануы қауіп төндіріп отырғанын жеткізді. «Трансшекаралық өзен­дер, әсіресе Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тайыздануы мен экологиялық жағдайының нашар­лағаны байқалады. Бұл көбінесе көршілес елдерден келе­тін су көлемінің азаюына бай­ла­нысты, себебі ол жерлерде су тұтыну артты», деді Қ.Тоқаев.

Биыл елордада өткен Астана халықаралық форумында да су ресурстарының жетіспеушілігі алаңдатып отырғанына назар аударды. Әсіресе Орталық Азия­да су мәселесі күннен күнге күрде­леніп келеді. Осы орайда Пре­зидент Орталық Азия су қауіп­сіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен  тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ екенін атап өтті.

«Орталық Азиядағы қуаңшы­лық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 па­йы­­зы деңгейінде деп бағала­на­ды. Ауыл шаруашылығы дақыл­дары­­­ның өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін

5 мил­­лионға жуық ішкі климаттық миг­рант­тың пайда болуына әкеп соқ­ты­рады. Біздегі мұздықтардың кө­лемі қазір 30 пайызға қысқарды. А­й­­мақ­­тағы екі үлкен өзен Сырда­рия мен Әмудариядағы су дең­гейі 2050 жылға қарай 15 пайыз­ға түсе­ді. Біз аймақтағы экология­лық апат­тың алдын алу үшін Халық­ара­­лық Аралды қорғау қорын қол­дауға көбірек қаржы бөлуге шақы­рамыз», деді Мемлекет басшысы.

Президенттен бастап ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатын дихандарға дейін судың жетіс­пеуіне алаңдауы бекер емес. Сарап­шылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға сұраныс 50 пайызға артады. Ал Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Оның үстіне елімізде судың 65 па­йы­зы ауыл шаруашылығы саласы­на жұмсалады. Соның 60 пайыз­ға жуы­ғы құмға сіңіп кетеді екен. Тағы бір мәселе – суды тиімді пайда­лану. Мысалы, Қазақстанда ішкі жал­­пы өнімнің 1 долларын өндіру үшін АҚШ пен Ресейге қара­ған­да 3 есе көп су жұмсалады. Ал Ауст­­ралия­мен салыстырғанда 6 есе жоғары.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукеннің сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы су тапшы­лы­ғының себептері өте көп. Соның ішінде еліміздің көршілес мемлекеттерден келетін су ресурстарына тәуелділігі басты рөл ойнайды. Бұдан бөлек, жаһандық жылыну, гидротехникалық құрылғылардың тозуы мен өзендердің ластануы айтарлықтай әсер етіп отыр.

«Жаз кезінде Орталық Азия­дағы трансшекаралық өзендердің су деңгейінің төмендеуі әдетте бірне­ше факторға байланысты. Ең алды­мен, Орталық Азияда жазда тем­пература жоғары, жауын-ша­шын аз. Бұл кезеңде су қоймаларындағы булану артады да, өзендердегі су көлемі төмендейді. Сонымен қатар өңірдегі кей мемлекеттер өзендерді гидроэнергетика және ауыл шаруашы­лық мақсатында пайдаланады. Жазда егістікті суаруға сұраныс артады да, судың мол мөлшері ауыл шаруашылығына бұрылады. Антропогендік фактор да әсер етеді. Яғни суару құралдарының ескіруі, суды жүйесіз пайдалану, су пайдаланудың ережелерін сақтамау және өзендерді ластау секілді мәселелер бар», дейді Б.Әукен.

 Трансшекаралық өзендерге тәуелдік

Жалпы, Қазақстанда сегіз өзен су шаруашылығы бассейні бар. Олар: Арал – Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық –Каспий, Нұра – Сарысу, Тобыл – Торғай және Шу – Талас. Елімізде суармалы жерлер 1,6 млн гектарды құрайтынын, егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі екенін ескерсек, трансшекаралық өзендердің маңы­зы арта түседі. Себебі аталған өңір­лердегі ірі өзеннің бәрі көрші елдер­ден бастау алады. Мәселен, ұзын­дығы мың километрден асатын 7 өзен­нің ішінде тек Есіл ғана Қазақ­станнан басталады. Ертіс пен Іле Қытайдан келеді, Жайық пен Тобыл Ресейден шығады. Сырда­рия мен Шу Қырғызстаннан бастау алады. Бір айта кетерлігі, Сырда­рия Қырғыз Алатауынан басталға­ны­мен, негізгі бөлігі Өзбекстан ар­қы­­лы өтеді. Сол себепті Сырдың суын­­да Қ­азақстан екі елге де тәуелді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы транс­шек­аралық өзендер мәселесі күн тәртібі­нен түскен емес. Негізі мемлекеттер ара­сын­дағы өзендер мен көлдер дауы «Ше­карааралық су арналары мен халықаралық көл­­дерді қорғау және пайдалану ту­ра­лы конвенция» арқылы рет­те­леді. Атал­ған құжат 1992 жыл­ғы 17 нау­рыз­да Хельсинкиде (Финл­ян­дия) қа­был­данып, 1996 жы­лы күші­не енген. Қазақстан 2000 жылғы 23 қа­занда осы су конвен­ция­сына қо­сы­лып, құжат 2001 жыл­ғы 11 сәуір­де күшіне енді. Орта­лық Азия ел­дерінен конвенцияны Өз­бек­­стан және Түрікменстан, сондай-ақ Ре­сей ра­тификациялады. Қытай мен Қыр­ғызстан бұл құжатқа қосылмаған.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін 25 өзен бар. Олардың мәсе­лесі екіжақты келіссөздер арқылы шешіледі. Мысалы, екі ел Үкі­меті 2001 жылы трансшекара­лық өзендерді пайдалану туралы ке­лі­сімге қол қойды. Соған қара­мас­тан Ертіс пен Іле мә­селесі әлі күнге толық шешілген жоқ. Бұл – алаң­датарлық жағдай. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, екі өзеннің басым бөлігі Қытай аумағы­нан өтеді. Яғни Ертіс пен Іленің толып ағуы тікелей Бейжің билі­гіне тәуелді. Екіншіден, Қытай тарапы Шың­жаң-Ұйғыр автономиялық ауданын дамы­туға ерекше ден қойып, өзен бойына көпте­ген су қоймасын салып, суды есеппен бе­ретін болған. Сарапшылардың айтуын­ша, шығыстағы көршіміз екі өзеннің 40 пайыз­ға жуығын пайдаланып отырған көрінеді.

Іленің жағдайы мүлдем қиын. Өзеннің 30 пайызға жуығын Қазақ­стандағы мұз­дық­тардан ағатын су толтырады. Рас, Ілеге құятын негізгі екі өзеннің бірі Текес Алатаудың теріскей бетінен бастала­ды. Бірақ бұл аты ғана. Әйтпесе, Текес­тің 40 шақырымы ғана Қазақстан аумағы­нан өтеді, енді 60 шақырымы шекара­ны бөліп жатыр. Қалған 338 ша­қыры­мы толықтай Қытай территориясына тиесілі. Осылай­ша, Теріскей Алатауынан бастал­ған өзеніміз Ілеге көрші елге барған­да бір-ақ құяды. Кейінгі жылдары Қытай Іленің бойына 13 су қоймасын құ­рып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы ор­на­тып­ты. Мамандардың сөзіне сү­йенсек, Іленің суын есепсіз пайдалану жал­ға­са берсе, келешекте Балқаш көлі тар­ты­лып, Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін.

Мұндай қауіп бекер емес. Қытай 2050 жылы Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы суармалы жер­­дің көлемін 600 мың гектар­ға жеткіз­бек. Кей деректерге сүйенсек, Іле өзенінен Тарым шөлді ой­патының батыс бөлігіне су жет­кізетін арнаның құрылысы қызу жүріп жатыр. Алда-жалда шығыс­тағы көршіміз өзен суын есепсіз пай­далануын жалғастыра берсе, 2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қоры 40 пайызға төмендейді. Келешекте Қытай тұтынатын су кө­лемін арттырмаса, кемітпейтінін ескерсек, Ертіс пен Іленің ахуалы қиын­­дай түсетіні анық. Ал мұндай жағ­дай­да екі өзенге тәуелді қалалар ай­тар­­лықтай қиындыққа душар болады.

«Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға» қосылмаған Қырғызстаннан бас­талатын өзендердің де жағдайы күрделі. Қазіргі таңда Жамбыл облысын көрші елден келетін Талас пен Шу сумен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ жаз­ға қарай өзендердегі су көлемі азайып ке­теді. Әсіресе Тараз қаласынан өтетін Та­лас­­­тың аптап ыстықта түбі көрінуге шақ қала­ды. Қырғызстан «Киров» су қойма­сын салға­лы сарқырап ағатын өзен сыз­дықтады да қал­ды. Таластың бойына бірнеше су торабы салын­ған. Бірақ олар жауын мол жауған жыл­дары «Киров­тан» бөлінетін көп суды сақ­тап қалуға қауқарсыз. Естеріңізде болса, 2016 жылы Талас арнасынан тасып, Созақ көпі­рін бұзып кеткен-тұғын. Ал қыс кезінде келг­ен мол су игерілмей, өзеннің аяғында жат­қан ауылдарды шайып кететін жағдай да кездескен.

 Берілген уәде орындалар емес

Кейінгі жылдары Талас өзенінің бойына «Ақмола» су қоймасын салу туралы бастама көтерілген еді. Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігі 2021 жы­лы Әулиеата жұртшылығынан сүйін­­ші сұрап, ақжолтай хабарды жет­­кізген-ді. Тіпті Жамбылда бақан­дай үш су қоймасы салынады, оның жал­пы құны 14,9 млрд теңгені құрай­ды деп мәлімдеген. Бірақ уәде әлі күнге орындалмай тұр. Был­тыр Премьер-министр Әлихан Смайлов Сенат депутаттарының сауа­­лына берген жауабында да Жам­­былда үш су қоймасы салынаты­нын жет­кізді. Алайда жылда берілген уәде орындалмаған күйі қалып отыр.

Өкінішке қарай, судың жетіс­пеуінен қарапайым шаруалар қиыншылық көреді. Мәселен, Талас ауданы Бостандық ауылы­ның тұрғыны Мұрат Әбиев аптап ыстық­тан еккен егінінің бәрі күйіп кету алдында тұрғанын айтады.

«Таластан келетін канал сыздық­тап ағып тұр. Бір мезгілде бірнеше алқапты суаруға жетпейді. Амалсыз кезекпен су аламыз. Оның өзінде жете бермейді. Ауданда танысы барлар суды бұрып алады. Жергілікті мұрапқа, орталыққа хабарлассақ, «Су аз, көбейте алмаймыз. Таластың суын көбейтуді министрлік шешпесе, біздің қолымыздан келетін дәрмен жоқ», деп жауап береді. Жылда жазда егістікке су жетпей қалады. Биыл азын-аулақ жерге жүгері егіп едім. Жайқалып өсіп, енді суару керек болған кезде қиналып отырмыз. Жоңышқам түгелдей қурап кетті. Менікі мейлі ғой. Алпыс гектар жерге егілген қызылша су жетпегендіктен толықтай күйді. 30-40 гектарлап жүгері алқабы бар шаруалар әлі кезек күтіп отыр. «Ақмола» су қоймасын салса, жағдай оңалар еді», дейді М.Әбиев.

Сырдария мен Әмударияның жағдайы белгілі. Өзен суын тиімсіз қолдану Арал теңізінің трагедия­сына әкеліп соқты. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1998 жылы Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылдаған. Кейінірек құжатқа Тәжікстан да қосылды. Дегенмен бұл Орталық Азия­дағы трансшекаралық сулар мә­селесін шешкен жоқ. Өйт­кені құжатта көрсетілген міндетте­мелер­ді тараптар толық орындамады.

Өзбекстанның Сырдария суын мақ­таға пайдалануы салдарынан өзеннің төменгі ағысы кейде құрғап, батпаққа айна­лады. Соның салдарынан Түркістан облы­сындағы шаруалар мен дихандар зардап шегіп отыр. Қайбір жылы Қыр­ғызстан қыс кезінде «Тоқ­тағұл» су қой­ма­сында жиналған судың жар­ты­сын ағызып жіберіп, Сырдың төменгі ағы­­­сын­да орналасқан бірнеше ауылды су ш­а­­йып кеткен еді. Рас, кейінірек «Көк­­са­рай» су қоймасы салынып, бұл мә­селе бір­­­ша­ма реттелгендей көрінген. Әйтсе де, оң­­түс­­­тіктегі ағайын әлі күнге көрші елдер­дің «жо­март­тығына» тәуелді күйінде қалып отыр.

Жайықтың тартылуы да талай мәрте талқыланды. Былтыр Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен VI Кас­­пий саммитінде сөйлеген сөзінде осы мә­селеге тоқталған еді. «Жайықты аман алып қалу үшін үйлестірілген, пәр­менді ша­ралар қабылдауға міндеттіміз. Әйт­­песе, жақын арада құтқаратын ештеңе қал­­­май­ды. Біз барлық тараптан күш бірік­ті­ріп, Жайық өзенінің жағдайын жақ­сар­ту бо­йынша ортақ іс-қимыл жоспа­рын әзірлеуге шақырамыз», деген еді Президент.

Сарапшылардың айтуынша, Жайық­ суының азаюы Каспий теңізіне де әсер етеді. Кейінгі жыл­дары әлемдегі ең алып көл­дің аумағы кішірейіп барады. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлт­тық ком­паниясының мәліметіне сүйенсек, кейінгі 15 жылда Каспий теңізі­нің қазақ­стандық секторының аква­ториясы 7,1 пайызға қысқарған.