Әлем • 28 Шілде, 2023

Гана өлім жазасынан бас тартты

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гана парламенті сейсенбі күні елдің Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіп, өлім жазасынан бас тартты. Осылайша, аталған мемлекет Африкадағы мұндай қадамға барған 29-шы ел атанып отыр.

Гана өлім жазасынан бас тартты

Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, қазіргі таңда Ганада 176 адам өлім жазасына кесілген екен. Арасында алты әйел бар. Енді олардың жазасы өмір бойы бас бостандығынан айрылуға ауысады.

Дегенмен өлім жазасы мемлекетке опасыздық жасағаны үшін әлі де берілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, жазаны толығымен алып тастау үшін ел конституциясын өзгерту керек. Гана 1993 жылдан бері өлім жазасын орындаған емес. Бірақ соттар мұндай айыпты тағайындауын жалғастыра берген. Мәселен, былтырдың өзінде 7 адам өлім жазасына кесілді. Енді құжатқа президенті Нана Акуфо-Аддо қол қоюға тиіс.

Заң жобасының авторларының бірі депутат Фрэнсис-Ксавиер Кожо Сосу әріптестерінің шешімін жоғары бағалады. «Өлім жазасы қылмыс құрбандарының отбасыларына әділет сезімін тудырмайтынын немесе қайғының орнын толтырмайтынын өз көзіммен көрдім. Сондай-ақ бұл қылмыскерлерге кедергі жасамайды», дейді депутат.

Осылайша, Гана өлім жазасын алып тастаған 124-ші ел атан­ды. Бұдан бөлек, 41 мемлекет де-факто бұған тыйым сал­ған деп есептеледі. Өйткені олар 10 жылдан астам уақыт бойы өлім жазасын орындамаған. Amnesty International ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы өлім жазасы 52 елде тағайындалған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда төртке аз.

Айта кетерлігі, Қазақстан 2021 жылы өлім жазасынан бас тартты. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында «Сыртқы істер министрлігіне «Азаматтар мен саясат құқықтары туралы халықара­лық пакті» бойынша Екінші факультативті хаттамаға қосылу үрдісін бастауға бұйрық беремін», деп мәлімдеген еді. Осыдан кейін Қазақ­стан тарапы құжатқа қосылуға кірісті. 2020 жылы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның сол кездегі БҰҰ жанын­дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағыт­талған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пак­тіге Екінші факультативті хаттамаға қол қойған-тұғын.