Жаз басынан бері облыс аумағында жаңбыр да жарытып жаумады. Қатты ыстықтан шабындықтар тез арада кеуіп, жасыл шалғындар күйіп кетті. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген. Қазіргі күні аймақ шаруаларының алдында екі үлкен таңдау тұр. Бірі – қанша қымбат болса да күзде өзге облыстардан шөп тасып, саны сиреп қалатын түлігін қыстан аман-есен шығаруға амал жасау. Бүйтсе, кемінде қолдағы малының шамамен тең жартысын пұлдауға тура келеді. Ал қыстың қалай өтетіні тағы беймәлім. Түліктің қалған бөлігі қыстың жұтына іліксе, таяғын ұстап қалатыны айқын. Екінші нұсқа – қолдағы барлық малын сатып, фермерлікпен біржола қоштасу.
Жергілікті «Ақжар – Өндіріс» Агрофирма ЖШС-ның директоры, Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы Гүлзира Қазылова биылғы қуаңшылық алдағы қыста шөп жетіспеушілігіне апарып соқтырады деп болжап отыр. Жалпы, Павлодар облысында мал азығын дайындау мәселесі – өте қиындықпен өтетін үдеріс. Осыны жергілікті басшылар неге назарға алмай отырғаны түсініксіз. Ұсақ шаруашылықтар жыл сайын шабындық уақытында өте көп күш жұмсап, қаншама қаражат төгеді. Себебі шабындықтардың басым бөлігінде шөп селдір, бір гектар жердің шөбін шауып шығу үшін дүниенің жанар-жағармайы кетеді. Мұндай тиімсіздіктен шаруалар әбден зәрезап болған. Ендеше қайтпек керек?
– Өңірде мал азығын дайындау және қуаңшылықпен күрес мәселелерін біз кейінгі жылдары үзбей көтеріп келеміз. Бір ғана мысал айтайын, Agroqogam ақпараттық порталының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанның 4 облысында 6 млн гектардан аса аумақ қуаңшылықтан зардап шеккен. Халықаралық сарапшылар жеті ауданда биомассаның тапшылығын тіркеп, ол жерлерде өсімдіктердің белсенді өсу кезеңі мүлде тоқтағанын анықтады. Ел бойынша 157 аудан спутник арқылы зерттелсе, соның ішінде біздің облыстағы Май ауданы аса тәуекелді аймақтар арасында 6-орыннан көрінді, аумақта 500 мың гектардан аса жер қуаңшылықтан әбден зардап шеккен. Ал көршілес Баянауыл ауданы 27-орыннан көрініп, онда 918 мың гектар жердің өсімдігі өсу белсенділігін тоқтатқаны белгілі болды. Былтырғы жағдай да мәз болған жоқ. Қырдағы шөп күйіп кетті. Ал биыл тіпті қиын болатын түрі бар. Құрамажем бағасының шарықтап кетуі, шөп дайындаудың өзіндік құнының, техника бөлшектері мен жанар-жағармай бағасының тым қымбаттап кетуі ауылдағылар үшін үлкен ауыртпалық әкелетіні анық. Ал оның соңы тұтастай алғанда аймақтағы мал шаруашылығын тұралатуға әкеп соқтырады. Ұлттық экономикамыз, халықтың әлеуметтік жағдайы кері кетеді. Осы мәселені ел билігі басында отырғандар, өңірдің басшылығы неге ескермей келгенін түсіне алар емеспіз, – деп қынжылады Гүлзира Абзалқызы.
Фермердің айтуынша, мемлекеттен мал шаруашылығына деп бөлінетін субсидия алыс ауылдарда жайылымдық мал шаруашылығын дамытып отырғандарға мүлде тимейді. Қазынаның миллиардтаған қаражаты кемі 600 сиыр ұстап отырған тауарлы сүт фермаларына беріліп отыр. Мысал үшін 2020 жылдан бері қолданылып келе жатқан субсидиялау қағидасы бойынша Үкімет сүт бағытындағы бір сиырға – 120 мың теңге, ет бағытындағы қара малға – 30 мың, қой-ешкіге – 5 мың, биеге 20 мың теңге төлейді. Алайда біздің облыста әлгіндей тауарлы сүт фермаларының саны 14-15-тей ғана. Соған қарамастан бөлінетін субсидияның дені, яғни жыл сайын шамамен 1-1,5 млрд теңге солардың еншісінде кетеді. Ал өзге мыңдаған мал шаруашылықтарының үлесіне кейінгі үш жылда жалпы сомасы 800 млн теңгедей ғана қаражат тиген. Ет бағытында дамып отырған фермерлер мұндай әділетсіздіктен әбден шаршаған.
– Біз, шаруашылық өкілдері, бюджет қаражаты барлығына тең бөлінуін талап етеміз. Кейде қазынадан бөлінген субсидия жетпейді деп қаражатты сүт фермаларына ғана аударып жібереді. Бұл мүлде дұрыс емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сүт фермалары тұрғызылғанда оның жанынан міндетті түрде жем-азық базасы қарастырылады, суармалы жерлер іске қосылып, жыл сайын көпжылдық шөптер отырғызылып, құрамажемдер дайындалады. Құрғақшылық ондай фермаларға қауіп төндірмейді. Зардап шегетін, сорлайтын – біз секілді ет бағытындағы шаруашылықтар. Үкімет осы жағдайды ескермей отырғаны өкінішті. Биыл Май мен Аққулы аудандарының жайылмаларына су тіпті келген жоқ. Бұл жердегі шаруашылықтардың барлығы жазда қажетті шөбін осы жерден шауып алатын. Тек қана біздің «Ақжар – Өндіріс» агрофирмасы 1 500 тонна шөп дайындайтын. Біздің шабындықтарымыздан көршілеріміз 1 000 тоннаға дейін шөп шауып жүрді. Енді биыл ол да болмайтындай, қырдағы шөп те селдір. Сондықтан шөп дайындауға мемлекет көмек бермесе, жағдайымыз қиын болады. Жеңілдікпен таратылатын дизель отынының өзі қазір қандай бағада келетіні белгісіз. Былтыр арзан жанар-жағармай берілмей қалды. Адамдар оны нарықтық бағада сатып алып, аудандардағы жанармай құю стансаларында тапшылық орын алды. Тағы бір мәселе – ақбөкен саны жыл санап көбейіп келеді. Биыл Май ауданында 25 мың киік тіркелді. Олар жайылымдар мен шабындықтарды таптап тастады. Жабайы жануарлардың санын азайту бойынша Үкімет шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Келер жылы олардың саны 40 мыңға жетуі мүмкін деген болжам бар, – деп алаңдаушылығын білдірді Г.Қазылова.
Фермердің ойынша, Павлодар облысы мал азығын дайындайтын өз алдына жеке бағдарлама әзірлеуі керек. Аумақты тұтас қамтитын құжат жайылымдық мал шаруашылығымен шұғылданатындарды мал азығын егумен айналысуға мәжбүр етуге тиіс. Жерге дақыл немесе азықтық шөп отырғызғандарға субсидия 50-100 пайыз көлемінде төлене бастаса, бұл іске барлығы қызығушылық білдіретіні сөзсіз. Фермерлер мал азығын әзірлеуде табиғатқа тәуелді болмай, шөп пен құрамажемді өз беттерімен өсіріп, дайындаса, мал шаруашылығының да өрісі кеңейе түсер еді. Бұл жерде субсидия тек мал азығын өсіруге ынталандыру үшін төленуі керек. Қазір екінің бірінде техника жоқ. Сондықтан ұсақ шаруашылықтарды техникамен қамтамасыз ету – екінші мәселе. Егін шаруашылығындағы қожалықтар техника сатып алғанда құнының 25 пайызын мемлекет өтеп берсе, мал азығын еккендерге мұндай мүмкіндік 50 пайызға дейін жасалса, тіпті жақсы деп санайды маман. Үшіншіден, мал азығын өсіру технологиясы мен мал жайылымдарын жаңарту үрдісі ғалымдар мен агрономдардың көмегі арқылы ғана жүзеге асырылуы керек. Осы шаралар болашақ бағдарлама аясында жүзеге асса, шаруалар қазіргідей Жаратқаннан жаңбыр тілеп отырмас еді.
Жағдайдың шынымен күрделі екенін Май ауданының әкімі Ағыбай Әмірин де растап отыр. Оның сөзінше, жергілікті жайылмалардың небәрі 20 пайызы ғана суға қаныққан. Салдарынан өзен маңайында жайқалып жататын қалың шалғын биыл көзге түспейді.
– Шаруалар мол жаңбырдан үмітті. Қазір қырдағы шаруашылықтар мен жеке азаматтар шөп шабу науқанына кірісіп кетті. Мәселен, Баскөл халқы гектарынан 7 центнерге дейін, Қызыл еңбек, Жұмыскер ауылдары 5 цент-
нерге дейін шөп жинаудамыз деп хабарласты. Яғни қырдағы шөптің шығымы жаман емес. Оның үстіне қыр шөбінің құнары жайылмаға қарағанда аса жоғары. Жайылмадан шалғын оратындар жыл сайын гектарынан 20 центнер шөп жинайтын. Алдағы уақытта ол межеге жету қиын болар деп шамалап отырмыз. Оның үстіне жаздың соңына таман селеу қаптайды, соның алдын алып шабындыққа ертерек кірісу керек.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің дерегінше, аймақ шаруалары өткен аптада шабындыққа шалғы түсіре бастаған. Облыс бойынша әзірше гектарынан небәрі 2,9 центнер шөп жиналып жатыр. Жайылмалардағы шабындықтар осы айдың соңында игеріле бастайды деп күтіліп отыр. Шөптің шығымы бойынша Ақсу ауылдық аймағындағы шабындықтар тәуір нәтиже көрсетіп отыр, гектарынан 8,5 центнерден айналып тұр. Ал Ертіс ауданында ең төменгі көрсеткіш – гектарынан 1,6 центнер шөп жиналып жатыр. Әзірше шабындыққа барлық аудан толық кіріспеген. Биыл қыстақтарға шамамен 1 млн тоннадан аса шөп тасылуы керек. Ертіс – Баян өңірі бұл межеден шыға ала ма, ол жағын әзірше айту қиын. Үкімет пен облыс билігі шаруалардың жанайқайына құлақ түріп, қазынадан көмек көрсетілсе, ел ішіндегі ағайынның алаңдаушылығына үлкен дем болар еді деп санаймыз.