Саясат • 31 Шілде, 2023

БҰҰ қарары: Өшпенділік әрекеттері айыпталады

297 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас Ассамблея­сы конфес­сияаралық диалогті дамытуға және өш­пенд­ілікпен күресуге бағытталған Қарар қабыл­дады. Қазақстан атал­ған құжаттың тең авторы атанды.

БҰҰ қарары: Өшпенділік әрекеттері айыпталады

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қабылданған қарарда дін немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылық әре­кет­тердің барлық түрлері айып­талады. Сонымен қатар құ­жатта діни рәміздерге, қа­сиет­ті кітаптарға, тұрғын үй­лерге, жұмыс орындарына, мүлік­терге, мектептерге, мәде­ниет үйлері мен ғибадат орын­дарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттерді айыптауға назар аударылған.

БҰҰ қарарының мәтіні­не діни рәміздер мен қасиет­ті кітап­тарға сілтемелерді енгізу туралы шешім Еуропаның бірқа­тар елдерінде Қасиетті Құран кітапты өртеп, оны қорлау оқиға­ларының тізбегі аясында қабылданды.

Осылайша, Қазақстан БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге бұл қарардың тең ав­торы болып отыр. Еліміз бейбітші­лік, сенім, қоғамдық келі­сім және бір-бірін өзара қол­дау идеялары төңірегінде құн­дылықтар мен адамдарды бірік­тірудің тексерілген жүйесін қалыптастыруға ерекше мән береді.

Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін сынға алғаны белгілі. Мемлекет бас­шысының пікірінше, бұл қазіргі әлемдегі жағдайды шие­леністіруге, халықтар мен мемлекеттер арасын­дағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет. Мұндай әре­кеттер мем­лекеттер мен дін­дердің өр­кениетті қатар өмір сүруі­нің жалпыға бірдей танылған нор­маларына қайшы келетін акциялар ретінде бір­ауыздан айыпталуға тиіс.

Айта кету керек, Қазақстан 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізудің бастамашысы ретінде жаһандық дінара­лық және конфессияаралық диалогтің беделді жақтаушыларының бірі. Атал­ған форум дәстүрлі діндер мен конфес­сия­­лардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды.

БҰҰ Бас ассамблеясында қабылданған «Дінаралық және мәдениетаралық диалогті және толеранттылықты дамыту және өшпенділікке қарсы тұру» деп аталатын құжатты жиынға қатысушылар қызу талқылады. Қарарда БҰҰ-ға мүше мем­лекеттерді дінаралық және мәде­ниет­аралық диалогті құрметтеу, оны ілгерілету жолында мүдделі тараптармен жұмыс істеу керектігі айтылған. Сон­дай-ақ кемсітушілікке, дұшпандыққа және зор­лық-зомбылыққа шақыратын әрекет­тің алдын алудың маңызына тоқталған.

Аталған құжатты таныстырған Марокконың БҰҰ-дағы өкілі Омар Хилал кейінгі жылдары жеккөрушілік пікір­інің көбейіп бара жатқанына алаң­дау­шылық білдірді. Спикер осыларды ескере келе, құжаттың бір ауыздан қа­был­­данатынына сенім білдірді. «Қарар адамзаттың гуманитарлық көзқарасын білдіреді, діни еркін қоғамда өмір сүру мен қауымаралық келісімде өмір сүруді қолдайды», деді О.Хилал.

Бірақ талқылау барысында діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға нұқсан келтіру әрекеттеріне қатысты дау туды. Мәселен, Еуропалық Одақ атынан сөйлеген Испания өкілі бұл халық­аралық құқықты бұзбайтынын алға тартып, Қарар жобасына өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай әре­кет­тер қорлау және құрметтемеу еке­ні­не қарамастан, халықаралық құқық­ты бұзбайды. Сол себепті құжаттағы «ха­лықаралық құқықты бұзу» деген жолдарды алып тастау керек деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Ұлыбритания өкілі түзе­туді қолдайтынын білдіріп, келіссөз­дер кезінде тараптардың ұсынысты қабылдамағанына қынжылыс білдірді. Баяндамашы өзгеріс енгізілуі керек деп санайтын 13-тармақ шынайылықты білдірмейді деген пікірін жеткізді. Сонымен қатар оның сөз бостандығы мен дін немесе сенім бостандығы арасындағы тепе-теңдікті бұзбайтынын атап өтті.

Сондай-ақ Данияның БҰҰ-дағы өкілі де бұл пікірмен келісетінін жеткізді. Ол Құранды не басқа да діни кітаптарды өртеу, қорлау құрметсіздік және арандатушылық әрекет екеніне тоқталды. Өз елімен қатар Финляндия, Исландия, Норвегия және Швеция атынан сөйлеген спикер мұндай қадамды құптамайтынын жеткізгенімен, сөз еркіндігі мен пікір бостандығына қарсы шықпайтынын атап өтті. Осыған сүйене отырып, дін еркіндігі оны сынауға қарсы емесіне назар аударып, діни рәміздер мен қасиетті кітаптарға қарсылық халықаралық құқықты бұзбайтынына тоқталды.

Малайзия өкілі Қарардың преамбула­сына өзгеріс енгізуге қарсы шықты. Оның сөзіне сүйенсек, тараптар адам құқығын күшейтуге екпін бергенімен, қасиетті кітаптарды өртеу сол адам құқығын шектейтінін назардан тыс қалдырғанын жеткізді. Осы орайда Малайзия өкілі дінге жала жабу адам құқығын таптамайды деген пікірге үзілді-кесілді қарсы шығып, еуропалық әріптестерінің көзқарасымен келіспейтінін атап өтті.

Өз кезегінде Марокко өкілі О.Хилал ұсынысқа таңданыс білдіретінін жа­сыр­ған жоқ. Оның пайымдауынша, дау болған 13-тармақша бұған дейін қабылданған халықаралық құжаттардың ешқайсына қарсы шықпайды, керісін­ше үндес келеді. «Қасиетті кітаптарды өртеу сөз бостандығы емес, адамзаттың қадір-қасиетіне жасалған қастандық. Діни еркіндік пен сенім бостандығына сенетіндер түзетуге қарсы дауыс береді деп үміттенемін», деді О.Хилил.

Мысыр өкілі бұл Қарардың исламға қарсы арандатушылық пен зорлық-зомбылық әрекеттерінің қайталануы мен өршуіне байланысты дер кезінде қабыл­данғанын айтты. Мұндай әрекет­терді сөз бостандығын желеу етіп ақтауға келмейді. Сол себепті Құранды өртеу неме­се қасиетті кітаптарды қорлау аран­дату­шылық, дұшпандық және зорлық-зомбылық екенін жеткізді. Осы орайда, мұндай әрекетке заң бойынша тыйым салынуы керегін атап өтті. «Мұндай әрекет болған елдер адам құқықтары жөніндегі заңнамаға сәйкес құқықтық жүйесіне өзге­ріс енгізіп, бұған жол бермеу және жауап­кер­шілікке тартатын құралдар мен ере­желерді орнатуға міндетті», деді Мысыр өкілі.

Түркия тарапы да мұсылмандардың жеккөрушілікке, исламофобияға ұшы­рап отырғанын атап өтті. Мүше мемле­кеттерді діни кемсітушілік пен төзім­сіздікке қарсы нақты қадамдар жасауға шақырды. Ол сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Өркениеттер Альянсының өшпенділік сөздерінің алдын алу және тоқтатуға зор үлес қосып отырғанына назар аударды.

АҚШ делегациясы да өз елінің кез келген өшпенділік әрекеттерін үзілді-кесілді айыптайтынын, мұсылмандарға қарсы пікірге келіспейтінін жеткізді. Америка Құрама Штаттары қасиетті кітап­тарды қорлайтын кез келген әрекет­ке қарсы тұратынын атап өтіп, дін бос­тан­дығы мен сөз бостандығын ілгері­лету­де көшбасшы рөл ойнайтынын атап өтті. Осылайша, америкалық өкіл Қарар­ға толықтай келісетініне екпін берді.

Жапония өкілі ортақ пікірге келі­сетінін, бірақ құжатты талқылау бары­сында сындарлы диалог жүргізіл­мегенін айтты. Оның айтуынша, Күншығыс елі консультативтік үдеріске сындарлы қатысуға әрқашан дайын және өш­пен­ділік сөздеріне қарсы тұру үшін дін­аралық және мәдениетаралық диалогті ілгерілете береді.

Пікір білдіргендер тізімі мұнымен бітпек емес. Талқылау барысында көптеген мемлекеттің БҰҰ-дағы өкілі өз көзқарасын айтты. Тараптардың бәрі сөйлеп болғаннан кейін дауыс беру рәсіміне кезек берілді. Ең әуелі Испания өкілі ұсынған түзету қойылған. Қатысушылардың 44-і оны қолдаса, 62-і қарсы болды. Тағы 23 мемлекет қалыс қалды. Нәтижесінде көпшілік дауыспен түзету мақұлданған жоқ. Бұдан кейін Бас ассамблея Қарарды бірауыздан қабылдады.