Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты
Облыс әкімдігінің ресми сайтының мәлімдеуінше, жабдықтар облыстық бюджет қаражатына сатып алынған. Манекендерден бөлек тренажерлар да бар. Сонымен бірге жедел жәрдем бригадалары пайдаланатын дефибрилляторлар, желдеткіштер, кардиографтар, реанимациялық жиынтықтар және тағы басқа жабдықтардың барлығы бар.
«Біз жедел жәрдем қызметкерлерін реанимациялық іс-шаралар өткізуге, халықаралық стандарттар бойынша шұғыл медициналық көмек көрсетуге үйретеміз. Қазіргі уақытта Galileo Medical Center (Израиль) қамқорлығымен дайындықтан өткен екі халықаралық нұсқаушы жұмыс істейді. Жақын арада нұсқаушылар штаты алтыға дейін ұлғайтылады. Бізде ересектер үшін де, балалар үшін де негізгі және кеңейтілген реанимация дағдыларын пысықтауға арналған 12 манекен-тренажер бар», дейді оқу-симуляциялық орталығының басшысы Вячеслав Рогозин.
Сондай-ақ орталықта диспетчерлердің біліктілігін арттыру үшін қоңырауларды қабылдау-тарату имитаторы жұмыс істейді. Шетелдердегідей диспетчер төтенше жағдайдың кезінде қоңырауды әрдайым ұстап тұрады, не істеу керектігін түсіндіреді.
Вячеслав Рогозиннің айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлерін оқыту ағымға қойылады. Облыстың барлық қалалары мен аудандарының қызметкерлері өздерінің кәсіби дағдыларын шыңдай алады. Міндет – төтенше жағдайлардағы барлық әрекеттерді автоматизмге дейін пысықтау.
Алғашқы медициналық көмек көрсету әдістеріне алдағы уақытта жедел жәрдем көліктерінің жүргізушілерін үйрету жоспарланған. Соған қоса барлық тілек білдірушілерді – медицинаға етене жақын емес адамдарды оқыту да жоспарда бар екен, аталған жоспар, әрине, біреудің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруі ықтимал.
Облыстық жедел жәрдем қызметінде 1500-ге жуық адам - дәрігерлер, фельдшерлер, жүргізушілер жұмыс істейді.