Саясат • 04 Тамыз, 2023

Сауда-экономикалық байланыс жалғасады

420 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Еліміздің сыртқы байланыстары туралы сөз қозғалғанда тәуелсіздік алған жылдардан бері берік орныққан «көпвекторлы саясат» ұстанымы бірден ойға оралады. Солтүстікте Ресей Федерациясы, шығыста Қытай Халық Республикасы, оңтүстікте Орталық Азия елдерінің ортасында тиімді жағрапиялық аймақты алып жатқан Қазақ елі үшін саяси, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынастарда көпвекторлы саясатты ұстанып, тату көршілік тұғырын биіктету – басты міндет.

Сауда-экономикалық байланыс жалғасады

Соңғы жылдары әлемдік аренада сая­си кикілжіңдер мен қарулы қақтығыс­тар көбейіп, ол өз кезегінде сауда-экономикалық байланыстарға кедергісі мен нұқсанын тигізуі біздің еліміз үшін халықаралық барыс-келіс пен алыс-беріс бағыттарымызды әртараптандырып, ынтымақтастықтың жаңа дәліздерін құру міндетін алдымызға қойды. Бұған дейін сыртқы экономикалық байланысымыз негізінен Ресей мен Қытай және Еуропа елдері арасында жүрсе, енді халқы көл-көсір, нарығы үлкен Орталық және Оңтүстік Азия бағытына көңіл бөлу қажеттілігі артып отыр. Осы бағыттағы өзара экономикалық қарым-қатынасымыз бұрыннан орныққан серіктес – Ауғанстан елі. Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы саяси-дипломатиялық байланыс 1992 жылдың 12 ақпанында орнаған болатын. Іле-шала 1993 жылы Алматыда Ауғанстанның елшілігі ашылса, 2002 жылы Кабулда Қазақстанның дипломатиялық миссиясы жұмысын бастап, 2003 жылы ол елшілікке айналды. Еліміз Ауғанстанмен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы секілді бірқатар халықаралық алаңдар шеңберінде белсенді қарым-қатынас жасап келеді.

Ал экономикалық салада Ауғанстан – қазақ бидайын негізгі сатып алушы ел. Ұзақ уақытқа жалғасқан тығыз әрі жемісті қарым-қатынастарымыз 2021 жылы аталған елде төңкеріс орын алып, билік ауысқаннан кейін де жалғасын тапты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы дағдарысты тұрақтандыру, гуманитарлық көмек көрсету және әлеуметтік-эко­номикалық жағдайды қалпына келтіру, сондай-ақ екі ел арасында сауда байланыс­тарын арттыру жөнінде жиі айтып жүр. 2021 жылы аталған елде билік ауысқаннан кейін де Президент саяси көзқарастар мен жеке мүдделерге қарамастан, өзге мемлекеттерді Ауғанстандағы мәселеге бейжай қарамауға шақырды.

«Қазіргі заман қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруді талап етеді. Біздің осы саладағы өзара іс-қимылымыздың негізгі бағыттары әскери ынтымақтастық тұжырымдамасында, сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі сыртқы шекараларда қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бағдарламада белгіленген. Бұл ретте терроризмнің, діни эксремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән беру керек. Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстанға қатысты ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болу керек. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан, Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

2021 жылы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға да­йын екенін және сол елдегі тұрақтылық­ты қалпына келтіруге бағытталған ха­лық­аралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лайонстың кездесуі барысында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастар және аталған мемлекетке көмек көрсету бо­йынша халықаралық күш-жігерді біріктіру аясында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перс­пективалары талқыланды. Мемлекет басшысы сол жолы Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, ауған студенттері үшін білім беру бағдарламаларын жалғастыру салалары бойынша халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастықты жал­ғастыруға бейілді екенін айтқан болатын. Дебора Лайонс Ұйымның Ауғанстандағы миссия­сының қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.

Биыл маусым айында өткен Астана халықаралық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мәселесін тағы да көтерді. Еліміздің барлық уақытта бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында бар күшін салатынын, Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбіт үдерісіне бастамашы болғанын және штаб-пәтері Астанада орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудің беделді тетігіне айналғанын тілге тиек еткен ол еліміздің Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсенді қатысып келе жатқандығын айтып, аталған елге көмек көрсететін өңірлік орталық құру туралы бастама көтерді.

«БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Және де біз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен өңірлік ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Тарихи тамырымыз ұштасқан ауған жұртына еліміздің тарапынан жасалып жатқан көмек шаралары нәтижесін беріп, екі елдің берік ынтымағына негіз салғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Оған дәлел – күні кеше Ауғанстанның сауда министрі Нұриддин Азизи бастаған 210 адамнан құралған делегацияның елордамызға табан тіреп, екі ел бизнес-форумының өтуіне мұрындық болуы. Мамандардың айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың әлеуеті өте зор. Жоғарыда айтқандай, Ауғанстан – қазақстандық ұнның негізгі тұтынушысы. Біз барлық ұн экспортының 70%-ын ауған халқына жөнелтеміз. Қазақ кәсіпкерлері осы бағытта жемісті ынтымақтастық орнатып келеді. Өткен жылы ұн жеткізу көлемі 52%-ға (2021 жылы 895 мың тоннадан 2022 жылы 1,3 млн тоннаға дейін), бидай – 20%-ға (2021 жылы 572 мың тоннадан 2022 жылы 687 мың тоннаға дейін), күнбағыс майы – 6,2 есе (2021 жылы 2825 тоннадан 2022 жылы 17,8 мың тоннаға дейін) артып, биылдан бастап қара бидай жөнелтіле бастаған. Бұл тауарлардың сұраныс әлеуеті өте зор. Мысалы, Орталық Азиядағы негізгі серік­тесіміз, өзара тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларын құрайтын Өзбекстан Рес­публикасы да қазақстандық астық пен ұнды тұтыну көлемін ұлғайтты.

– Ауғанстан Орталық Азияның барлық елдерінің ішінде Қазақстанмен ең көп сауда-саттық жасайды. Өткен жылы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Алдағы жылдары біз бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін жеткізу жоспар да бар. Жалпы, біз үшін де сауда бағыттарын әртараптандыру, соның ішінде Ауғанстан бағытын дамыту өте өзекті. Бұл ел Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдерін байланыстырушы көпір іспетті. Оның көлік-логистикалық әлеуеті де зор. Өйткені Ауғанстан – 220 миллион халқы бар Пәкістанға шығатын ең қысқа жол. Сондай-ақ ол Қазақстанға Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне, Африкаға шығу мүмкіндігін ашатын өткел болмақ, – дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерде мекен етеді. Ауыл шаруашылығы ел эконо­микасының едәуір бөлігін құ­рай­ды. Осы орайда Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланыста ауыл шаруа­шылығы тауарларын экспорттау мәселесін тереңірек байыптап, іске асырған дұрыс. «Қазақстан тарапы бүгінде «Орта дәліз» жобасын ұсынып отыр. Ол Қытай мен Еуропалық Одақ нарықтары арасындағы сау­да бағыттарын жалғайтын болады. Осы орайда еліміздің Үкіметі Ауғанстанның Герат провинциясында «Қазақстанның сауда үйін» ашу туралы шешім қабылдады. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің тікелей байланыс орнатуларына және сауда байланыстарының ең ұтымды салалары мен бағыттарын анықтауға мүмкіндік ашпақ» дейді ол.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Ауғанстан арқылы Пәкістанмен сауда-экономикалық бай­ланыстардың дамып жатқанын, осы орайда сол нарықтағы көлік-логистика қызметін ұсынатын ірі ойыншы – National Logistics Cell компаниясымен келісімге қол қойылғанын айтады. Аталған мекеме Ауғанстан арқылы Қазақстан мен Пәкістан арасында қауіпсіз әрі жедел тауар транзитін қамтамасыз етуге дайын.

«Экспорт жасаушыларға тартымды жағдай қалыптастыру мақсатында Түрікменстан тарапымен Ауғанстан бағытына тауарлар жөнелту үшін 30 пайыз жеңілдік жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен бірге ауған нарығына астық пен бидайды екі жаққа да тиімді бағада жеткізу үшін Өзбекстан тарапы да өз аумағы арқылы өткізуге жеңілдіктер ұсынатын болды», – деді Қайрат Төребаев.

Оның айтуынша, бүгінде еліміз Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар бағытындағы трансауған теміржол құрылысын салу бас­тамасын қолдап отыр. Бұл дәліз Орталық Азия мен Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс елдерінің арасында үздіксіз аймақтық ынтымақтастықты қамтамасыз етпек. Қазақстан өңірлік сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа екпін беретін темір жолдың құрылысына атсалысуға әзір.

«Ауғанстан мен Қазақстанның жер қойнауы минералды ресурстарға бай. Атап айтқанда, мұнай, газ, көмір, мыс, алтын мен күміс, кобальт, күкірт, қорғасын және мырыш, темір мен өзге де бағалы кен орындары бар. Бұдан бөлек, Ауғанстан болашақтың металы саналатын литий қоры бойынша әлемде 1-орын алады. Энергетика – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі. Ауғанстан өзінің дамуы үшін энергетикалық ресурстарға мұқтаж» дейді Қайрат Төребаев.

Ауғанстан өз кезегінде Қазақстанға жемістер, көкөністер, жаңғақтар және т.б. өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсына алады. Ауған кілемдері жоғары сапалы және ерекше дизайнымен тартымды. Ауғанстанның Герат провинциясында өсірілетін шафранның да сапасы жоғары әрі Брюссельдегі халықаралық дәм және сапа институтының бағалауы бойынша байқауларда бірінші орынға ие болған.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, бүгінде елімізде сауда саласында 50-ден астам бірлескен қазақ-ауған кәсіпорны жұмыс істейді. Ауғандық тауар өндірушілермен ынтымақтастық қазақстандық экспорт номенклатурасын кеңейтпек. «Соңғы 10 жыл ішінде еліміз Ауғанстанда тұрақты түрде сауда-экономикалық миссияларын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 2013 жылдан бері қазақ кәсіпкерлерінің қатысуымен 6 сауда миссиясы өткізілді. Соның арқасында соңғы уақытта Ауғанстанға жөнелтілетін экспорт әртараптандырылды» дейді ол. Көлемі артып келе жатқан экспорттық тауарлардың бірі – майлы дақылдар. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов 2018 жылдан бері Ауғанстанға сатылып жатқан күнбағыс майының экспорты 2,8 тонадан 2022 жылы 17,8 тоннаға дейін артып, 6 есеге өскенін айтады. «Майлы дақылдарды көптеген елдерге экспорттаймыз. Солардың ішінде Ауғанстан 6-орында тұр. Қазіргі күні жалпы экспорт көлемінің 3 пайызы ауған еліне тиесілі. Біз осы бағытта жұмысымызды жалғастыра береміз» деді ол.

Елордамызда өтіп жатқан бизнес-форумда Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы құрылатынын жеткізді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ өңірлік орталығын Алматыда құру туралы бастама көтерген болатын. Аталған идея Орталық Азияның барлық мемлекеттері мен ауған тарапынан қолдау тапты. Бұл бастама халықаралық ұйымдар мен Орталық Азия және Ауғанстан үкіметтері арасындағы ынтымақтастық тиімділігін арттыруға үлесін қосады деген пікірдеміз», – деді вице-министр.

Бүгінгі таңда Ауғанстандағы экономи­калық және әлеуметтік жағдай әлі де ұзақ жылғы дағдарыстан кейін қалпына келген жоқ. Халқының үштен екісі гуманитарлық көмекке мұқтаж, 24 миллион адам аштық жағдайында. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елдегі эпидемиологиялық ахуал да көңіл көншітпейді. Мұның бәрі терроризм, қылмыс, қарақшылық секілді жайсыз көріністердің белең алуына жол ашады. Ал ол өз кезегінде жалпы Орталық Азия аймағының тұрақтылығына өз кесірін тигізбей қоймайды.

Осыған орай Қазақстан тарапы адам­гершілік және көршілік жауапкершілігін ұстана отырып, ауған халқының заманға сай өркениетті елге айналуына, сонымен қатар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытып, Оңтүстік Азияның үлкен нарығына жол салуға мүдделі. Кеше басталған бизнес-форум сол үлкен мақсат жолындағы сәтті бастамаларының бірі боларына сенім мол.