Қоғам • 07 Тамыз, 2023

Трансұлттық дәліздің әлеуеті қандай?

290 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақ елінің географиялық жағынан Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті көктей өтетін трансұлттық дәліздердің ортасына орналасуы Еуразия аталатын алып кеңістікте өте үлкен жобаларға жол ашады деп небір саңлақ сарапшылар қаншама рет айтқалы қай заман? Әттең-айы, ел-жұрт ол ойдан әлі қомақты нәтиже көрген жоқ.

Трансұлттық дәліздің әлеуеті қандай?

Сондай-ақ Каспий теңізінің арғы бетіндегі тағы бір бауырлас ел – Әзербайжан. 2022 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теміржол көлігімен тасымалдың жалпы көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіп, 3 млн тоннадан асыпты. Әсі­ресе астық, тау-кен метал­лур­гия өнімдерін та­сы­малдауда өсім байқалды. Ең жо­ға­р­ғы өсім – Қазақ елінен, оның ішінде Әзербайжан арқылы экспорт 7 есе артып, 2,7 млн тоннаны құрады. Ал биыл бірінші тоқсанда да елдер арасындағы та­сы­мал оң серпін көрсетіп, өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 40 па­йыз­дан аса ұлғайған.

ТХКБ қатысушылары арасын­дағы операцияларды синхрондау мақсатында Әзербайжан тарапымен бірлесіп қозғалысты жоспарлау және үйлестіру үшін виртуалды диспетчерлік орталық құрылды. Бұл виртуалды диспетчерлік жүктердің қозғалысы туралы еларалық ақпарат алмасуды жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы, екі тарап ТХКБ дә­лізін ынталандыру бойынша бел­сенді жұмыс жүргізіп жатыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін ашу – дамудың басты векторларының бірі.

 Ақтауды Қытай да айналшықтап жүр

Қытайдың Ляньюньган қаласы­нан арнайы делегация Ақтау те­ңіз портына келді. «Ақтау теңіз пор­ты» АЭА аумағында «Ақтау қаласындағы Еуразиялық жеткізу тізбегі базасының» құрылысын іске қосу іс-шарасы қарсаңында келген қонақтар портты қаланың мүмкіндіктерімен танысты. Көрші елдің ресми делегациясын «АТСП» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев қарсы алып, порттың инфрақұрылымымен танысу барысында қонақтарға теңіз айлағының ағым­дағы және болашақтағы мүм­кіндіктері туралы әңгімелеп берді.

Онда АЭА аумағында шығыс­тағы әріптестер іске асыратын құ­­рас­тыру және қайта өңдеу өн­ді­ріс­­терін құру мүмкіндігі бар ке­дендік логистикалық қойма салуды көздейтін жоба сөз болды. Инвесторлар атап өткендей, жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы сауданы дамыту мүддесі үшін логистикалық инфрақұрылым мен қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал салада білікті кадрларды қалып­тас­тыру үшін жоба шеңберінде жер­гілікті кәсіптік-техникалық оқу орын­дарымен серіктестікте кәсіп­тік оқыту бағдарламасы дайын­далып, енгізіледі. Кем дегенде 120 жас маман логистикалық және же­ңіл өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін қа­жетті негізгі білім мен дағды­лар­ды алады.

Таяуда Қазақ елі мен Қытай арасында Транскаспий халық­аралық көлік бағытын дамыту жолдары талқыланды. Аталған мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен Қытайдың біздің елдегі елшісі Чжан Сяомен кездесуінде көте­ріл­ді. Кездесу барысында екі­жақты сауда-экономикалық әріп­тес­тіктің перспективасы сөз болып, орын алатын әрбір жағдай жан-жақты пысықталған. Атап айтқанда, кездесуде көлік-транзит, азаматтық ав­иация және өнеркәсіп сала­ла­рын­дағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері қаралды. Оның ішінде жаңа индустриялық өндіріс орындарын құру бар.

Кездесу барысында өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық-импорттық және тран­зит­тік жүк тасымалдарының жалпы көлемі 3 млн тоннаға артқаны ерекше атап өтілді. М.Қарабаев айтып өткендей, жыл сайын екі ел арасында жүкті көлікпен тасымалдауға қатысты 50 мыңнан аса көлемде қағаздағы рұқсат бланкілерімен алмасу жүреді екен. Осыған орай, «Рұқ­сат құжаттарымен алмасу про­цесін жеңілдетуге және мем­ле­кет­теріміздің автотасымал­дау­­­шыларына қолайлы жағ­дай жа­рату үшін оларды цифрландыруды ұсынамыз», деді Марат Кәрімжанұлы.

Бұған қоса ИИДМ басшысы тұ­рақ­ты авиарейсті ұлғайту бойын­ша жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтты. Оның сөзіне қа­ра­сақ, биылғы көктем-жаз айлары ара­лығында аптасына 24 рейске дейін іске асыру көзделіп отырған көрі­не­ді.

Бұйыртса 17 сәуірге дейін «Мем­сараптама» РМК-ға Қазақстан-Қы­тай шекарасындағы Семей-Ақ­тоғай теміржол учаскесіне шы­ғатын үшін­ші шекаралық темір­жол өтке­лі­нің құрылыс жоба­сының тех­ни­калық-экономикалық негіз­демесі ұсы­нылады. «Мем­сараптама» РМК оны кезең-кезеңімен зерде­леуді бастайды. Бұған дейін үшінші шекара өткелі мен Бақты-Аягөз те­мір­­­жол желісінің құрылысы жүр­гізілетін Абай ауданы 2022 жыл­дың 8 маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған. Семей қаласының жүк та­сы­малы бөлімінің мәліметі бо­йынша, 2017 жылдың 22 наурызында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР ШҰАР Тарбағатай ауданы арасында «ҚХР СУАР» автожолының құрылысы бойынша алдын ала зерттеулер жүргізу туралы меморандумға қол қойылған. Оның қатарында теміржолдың Бақты – Аягөз, Қарамай – Тачең – Аягөз телімдері де бар. Бүгінде бұл жұмыстар толық атқарылып болды.

Еліміздің Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министр­лігі хабарлағандай, Қытаймен шекарадағы үшінші «Бақты» өткізу пунктінің ашылуымен Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісін салу жобасын іске асырып, шекаралық теміржол вокзалдары мен жүк түсіру алаңдарын салу қажет. Сөйтіп, Қазақ­стан мен Қытай арасындағы теміржол пунктінің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту ләзім.

Бақты – Аягөз учаскесінің ұзын­дығы 270 шақырымды құраса, жобаның сметалық құны 321 млрд теңге болады екен. Техникалық-экономикалық негіздемені Көлік және коммуникациялар академиясы әзірлеген. Жобаны іске асыру келесі жылы басталып, одан кейінгі жылы толық аяқталуға тиіс.

ҚХР-мен шекарада Достық және Алтынкөл стансалары арқылы экспорттық-импорттық тасымал­дар­дағы жүк тасымалдау көлемі жыл сайын артып келеді. 2021 жылы олар арқылы 20,2 млн тонна жүк тасымалданған. Ал былтыр біздің ел мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі 20,22 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 4 млн тон­на­дан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға артық болып тұр.

«Жобадан үлкен үміт күтеміз. Мұнда бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, Қытаймен жүк тасымалдау көлемі артады. Теміржол желісінің, үшінші шекара өткелінің салынуы жақын маңдағы қазақ елді мекендеріне оң әсерін тигізеді, өйткені қосымша жұмыс орындары ашылады», деді Семей жүк тасымалы бөлімі дирек­торының міндетін атқарушы Алмас Сейсемқанов.

Семей қалалық жүк тасымалы бөлімінің мәліметінше, жобаның техникалық-экономикалық негіз­демесі аясында шекаралық бекет­тер­дегі кедендік, шекаралық және санитарлық қызмет көрсету нысандары қамтамасыз етіледі. Жо­балаушыға ұсынылған 10 пункт­те қажетті нысандар мен инфрақұ­ры­лымдар саны туралы ақпарат берілді. Бұл – Аягөз-2, Шыңқожа, Ай, Таскескен, Текебұлақ, нөмір 139, Үржар, Мақаншы, №240 және Бақты стансасы.

 Ирак та алыс емес

Иракта Development Road жобасын іске асыру барысы мақұлданды. Бұл – Басра қаласы мен Ирактың оңтүстігінде салынып жатқан Гранд-Фао теңіз портын Түркия шекарасымен байланыстыратын теміржол мен автожол құрылысы. Мұны келешекте Түркияның Мерсин Жерорта теңізі портына шығатын қақпа десе болады. Сондықтан бұл жобаны біздің ел назарда ұстағаны абзал.

Аталған жоба Түркия билігімен толық келісілген. Гранд-Фао портынан Түркия шекарасына дейін­гі электрлендірілген теміржол құры­лы­сының құны 18 млрд еуродан асады деп күтілуде. Оған қоса құры­лысты 2038 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр.

Ирак аумағында тартылатын те­мір­жолдың ұзындығы 1 200 ша­қы­рымды құрамақ. Бұл Басра қала­сынан өзге Эд Диванию, Ан Наджаф, Кербелу мен Мосулды басып өтеді. Ал Гранд Фао порты Басра қаласының оңтүстігінде 100 шақырым жерде салынып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылы аяқталып, соның нәти­жесінде порт арқылы жылына 3 млн контейнер жөнелтіледі. 2,5 млрд еуро болатын бірінші кезеңнің келісімшарты кореялық Daewoo Engineering&Construction компаниясымен жасалған. Келесі кезеңде жүзге жуық айлақ салу қарастырылып отыр.

 Жүк тасымалы ұлғая түсті

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын компания негізінен «Қазақстан темір жолы» АҚ екені мәлім. Аталған компания қажетті барлық шараны бірден еңсеріп кетпесе де, елге керекті әр істі кезең-кезеңімен жүзеге асырып, күнделікті ісін де ақсатпай отыр. Мәселен, осы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан темір жолы арқылы 61,5 млн тоннадан аса жүк тасымалданған. Соның 39,3 млн тоннасы еліміздің ішінде тасымалданса, 22,2 млн тоннасы экспортқа шығарылған.

Сондай-ақ тарифтік жүк айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға артып, 64,4 млрд тонна-км құрағаны белгілі болып отыр. Бұдан біздің ел арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының да жылдан-жылға қарқын алып келе жатқаны байқалады. Бұл бағыттағы өсім алғашқы үш айда 34,3 пайызды құрады. Сала мамандары оған логистиканы өзгерту және тасымал қашықтығын арттыру арқылы қолжеткізіліп отырғанын айтады.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы әдеттегідей, әлеуметтік маңызға ие жүктер болып саналатын көмір мен астық тасымалын ерекше бақылауда ұстап отыр. Биылғы қаңтар-наурыз аралығында те­мір­жол көлігіне 28,5 млн тонна тас көмір тиеліп, соның 20,3 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға жеткізілген. Ал 8,2 млн тонна қатты отын сыртқы елдердің сұранысын қа­нағаттандыру мақсатында экс­порт­талған. Қазақстан темір жолында көмір разъездерін вагондармен қамтамасыз ету, оларды уақытылы беру және көмір тие­лімін қамтамасыз ету бойынша мониторингілеу топтары мен жедел штабтар жұмысы тиімді ұйым­дас­тырылып, табысты жұмыс істеп жатыр.

Ал әлеуметтік жүктің келесі түрі астық тиеліміне келсек, осы жылдың алғашқы тоқсанында 3 млн тоннаға жуық астық тиеліп, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 10,2 пайызға жоғары шыққан. Сонымен қатар тартылған астық өнімдері тасымалы да 20,7 пайызға артып, 879 мың тонна шамасын құраған. Аталған жүк түріне қатысты экспорттың да 39,3 пайызға өсіп, 665 мың тонна шамасын төңіректегені белгілі болып отыр.

Жүк тасымалын ұйымдастырушы мамандар алға тартқан деректердің бірқатарына көз салып көрейік. Осы жылдың бірінші тоқсанында химиялық тыңайтқыштардың 12,8 пайызға немесе 1,1 млн тоннаға, мұнай жүктерінің 5 пайызға немесе 4,5 млн тоннаға, ал құрылыс жүктерінің 15 пайызға немесе 2,6 млн тоннаға өскенін көрсетіп отыр. Ал экспорттық бағытта түсті кен және күкірт қышқылы, мұнай жүктері, химиялық тыңайтқыштар, құрылыс жүктері тасымалының ұлғайғаны байқалады.

ҚТЖ инфрақұрылымының осындай жүктемесіне қарамастан басым­дық­қа ие міндеттемелер уақы­ты­лы орындалып отырғанын осы көр­сеткіштер айғақтайды. Демек, теміржолшылар үшін алғашқы үш айды табысқа толы тоқсан болды деп қорытындылауға болады.