
Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, сапар барысында Буяр Османи ел басшылығымен, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменовамен кездеседі.
Келіссөздер барысында Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері, сондай-ақ еліміз бен Солтүстік Македония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу өтеді.
Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірнеше халықаралық шарт бар. Атап айтсақ, екі ел арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, сотталған адамдарды беру және адамдарды ұстап беру туралы шарттың барлығы екі жыл бұрын ратификацияланған. Мәселен, соңғы құжат тараптарға қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін екі елдің құзыретті органдары іздеу салған адамдарды ұстап беруге жағдай жасайды. Осы тұрғыда Македонияның тәжірибесі зор.
Ал Қазақстанның да Солтүстік Македонияға берері бар. Айта кетсек, Қазақстан азаматтығы жоқтық мәселесінің шешімін тапқан елдердің қатарында. Осы орайда өткен жылы үкімет және азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын Солтүстік Македония делегациясы Қазақстанға ат басын бұрған еді. Олар азаматтығы жоқтық мәселелерін тиімді шешу үшін билік органдарының, азаматтық қоғам, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың арасында құрылған үйлестірушілік жұмыс тәжірибесімен танысты.
Жалпы, Қазақстанның ұстанымы мен күш-жігері мыңдаған адамға азаматтық алуға көмектесу арқылы, медициналық, білім беру және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етті және осылайша, мемлекеттің тұрақты дамуына көмектесті. Қазақстандағы азаматтығы жоқ адамдардың мәселесі кеңес одағының ыдырауы, ал Солтүстік Македониядағы ішінара жаңа мемлекеттердің пайда болуы мен шекаралардың өзгеруінің нәтижесінен пайда болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өкілдігі Қазақстанда азаматтығы жоқтықты жоюға бағытталған БҰҰ-ның екі конвенциясына қосылу мәселесін құптайды.
«2014 жылдан бастап, #IBelong 2024 жылға дейінгі азаматтығы жоқтықты жою жөніндегі жаһандық науқаны іске қосылған сәттен бастап, Қазақстан туылуды жалпыға бірдей қамтамасыз етіп, азаматтығы жоқ тұлғаларды анықтау бойынша жалпы ұлттық күш-жігер жұмсап, азаматтығы жоқтықты анықтау рәсімін бекіте отырып, азаматтығы жоқтықты жоюда және алдын алуда айтарлықтай ілгеріледі», деп атап өткен еді БҰҰ БЖКБ Орталық Азия бойынша өкілі Ханс Фридрих Шоддер Солтүстік Македония делегациясымен болған кездесуде.
Сонымен қатар екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссия іске қосылды. Оның бірінші отырысы өткен жылдың аяғында Скопьеде өтті. Үкіметаралық комиссияның тең төрағалары екі мемлекеттің Экономика министрлері. Олар ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, білім беру, көлік және логистика салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізеді. Мәселен, осы жылдың сегіз айында екіжақты тауар айналымы 8 есеге жуық өскен. Бұған қоса екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын, іскерлік, мәдени және білім берудегі өзара алмасулар кеңейген.
Қазақстан сондай-ақ өз тарапынан Солтүстік Македонияның көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге де мүдделі.
Ал инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы айтар болсақ, Ұлттық экономика министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Үкімет қабылдаған инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірледі. Сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығының базасында инвесторлар үшін бизнес жүргізудің теңдесі жоқ жағдайлар жасалғанын өткен жылы Үкімет сүйіншілеп жеткізген еді. Осыған орай ел Үкіметі Солтүстік Македонияның бизнес қауымдастығын АХҚО алаңы мен әлеуетін инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде пайдалануға шақырды. Теңізге шыға алмайтын елдер ретінде екі ел бір-бірін өте жақсы түсінеді, сондықтан екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қос мемлекет те мүдделі.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, биыл Қазақстан Солтүстік Македониядағы Елшілігін ашады, бұл екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға қосымша серпін береді.